Нұр-Сұлтанда ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға психологиялық көмек көрсету орталығы ашылды
Нұр-Сұлтанда ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға психологиялық көмек көрсету орталығы ашылды
Бүгін елордада «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры қала әкімдігінің қолдауымен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға психологиялық көмек көрсету орталығын ашты, - деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Психологиялық көмек орталығында ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар жұмыс істейтін болады. Олар кәсіптік оқытудан өтіп, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсететін болады. Айта кетерлігі, «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры осымен төртінші орталығын ашып отыр. «Бақытты Шаңырақ мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау және көмек көрсету, тұрақты даму» қоғамдық қоры» қоғамдық қор мәртебесіне ие. Оның қызметі елорданың түрлі аудандарында мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған 300-ден астам отбасын біріктіреді. Оларға азық-түлік себеті, білім беру құралдары, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту секілді түрлі материалдық, әлеуметтік, білім беру және психологиялық көмек көрсетіледі. «Бақытты Шаңырақ» ҚҚ төрайымы Ботагөз Сұлтанова отбасында ерекше бала тәрбиеленіп жатқан көпбалалы ана. Ол өзінің азаматтық ұстанымын, сондай-ақ қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсетуде өз дағдыларын, тәжірибесі мен білімін қалай қолдануға болатынын көрсетеді.
«Біздің қорға тұрақты қолдау көрсетіп, өз жобаларымызды жүзеге асыруға мүмкіндік бергені үшін қала әкімдігіне алғыс білдіреміз. Әкімдік ылғи да қол үшін беруге дайын тұрады. Бұл өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ, егер адам бірнәрсені өзгерткісі келсе, еңбек етуі керек. Бірге жұмыс істейтін әйелдердің еңбегін көріп отырмын. Осыған дейін ашқан орталығымыз секілді мұнда да ерекше балалардың аналары жұмыс істейтін болады. Олар өз отбасымен – ата-әжелерімен, әкелерімен, дені сау балаларымен жұмыс істейтін болады. Қазір қатарымызда 15 ана бар. Сондай-ақ аниматорлар қызметін аштық, ал оған дейін аналарымызды арнайы оқыттық», - деп атап өтті Ботагөз Сұлтанова орталықтың ашылуы кезінде.
Елордалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов психологиялық көмек орталығының ашылуына психологтармен, сол сияқты әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен бірлесіп үлкен дайындық жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.
«Бүгін қуанышты жағдайдың ортасында отырмыз. Біз ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін психологиялық көмек орталығын ашамыз. Бұл өте маңызды оқиға, ал идеяны «Бақытты Шаңырақ» ҚҚ төрайымы Ботагөз Сұлтанова ұзақ уақыттан бері жоспарлап жүрген болатын. Қор былтыр ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау үшін үлкен жұмыс атқарды. Көптеген іс-шаралар өткізілді. Бұл орталық Нұр-Сұлтан қаласының психологтарымен, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен бірлесіп жасалған үлкен дайындықтан кейін ашылуда. Осыған дейін ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар оқытылды. Орталық жұмысы нәтижелі болатынына және нақты көмек көрсететініне сенімдімін», - деді ішкі саясат басқармасының басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бері елордада әкімдіктің қолдауымен түрлі топтардың бастамасымен ашылған 8 орталық жұмыс істейді. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетеді. Бұл орталықтар табысты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында «Strong Mothers» білім беру орталығы, «Алтын Шаңырақ Ұясы» киім тігу цехы, «Бақытты Шаңырақ» қызмет көрсету бойынша көпсалалы орталық бар.