Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Диқанбай Биткөзов
Әлемдік деңгейдегі қазақ бапкері: Диқанбай Биткөзов
395
оқылды

Диқанбай Дүржанұлы самбо мен қазақ күресінен дүниежүзілік дәрежедегі ең білікті жаттықтырушының бірі. Бұл кісі бірнеше әлем және Азия чемпионының ұстазы. Қарапайым қазақ ауылын әлемдік деңгейдегі күрес орталығына айналдыра білген кеудесі даңғыл би, сұңғыла бапкер. Биткөзов бастаған бір ғана Жаңаарқа ауданының балуандары бетпе-бет бәсекеде Қазақстан құрамасына есе жібермейтін биікке жеткенін көзі қарақты жанкүйер жақсы біледі.

Қазақ күресі мен самбо туралы әңгіме қозғалған жерде Диқанбай Биткөзовты айналып өту мүмкін емес. Совет одағы кезінде Қарағанды мен Жезқазған облыстарына кезек қараған Жаңаарқа ауданындағы «Жас сұңқар» спорт мектебінің балуандары дүркіреп тұрды. Алматыдағы студент кезімізде Жаңаарқа десе, спорт құмар жастар елең ете қалатынбыз. Біздер үшін Жаңаарқа құдды бір кілең чемпиондар тұратын құтты мекен тәрізді елестейтін. Диқанбай ағаны сол кезде сыртынан ғана білдік. Алыста жүрсек те сондай бір ыстық ықыласпен құрмет тұтушы едік. Шыны керек, Диқанбай бапкер сол тұста Қазақстандағы ең әйгілі жаттықтырушының бірі болатын. Диқанбай Дүржанұлының атағы 1984 жылы шәкірті Қанат Байшолақов қазақ самбошыларынан тұңғыш әлем чемпионы атанғанда тіпті дәуірледі. Ол кісінің Жамбылдағы майталман жаттықтырушы Марат Жахитпен арадан қыл өтпес достығы туралы да естіп жүрдік. Сол жылы Қазақстанның басты басылымдары, теледидары мен радиолары Қанат Байшолақовтың тамаша жеңісін қызу насихаттап жатты. Қанатпен қатар Диқанбай мен Марат бапкерлердің аттары қатар аталатын Диқанбай – Қанат Байшолақов Қанат Байшолақов – самбо күресінен қазақ жастарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы (48 келі, 1984 ж.), Еуропа чемпионы (1987), Еуропа (1982) және Совет Одағы (1981, 1984) чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Қанат Сайранұлы Мадридтегі әлем чемпионатына дейін - 1981, 1984 жылдары Совет одағы чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. 1981 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы. 1982 жылы ересектер арасындағы Еуропа чемпионатында күміс тұғырға табан тіреді. Қанат кішкентайынан еңбекқор әрі табанды, балуандық қасиет сүйегіне біткен жан еді. Ол 15-16 жасқа толғанда ересек жігіттердің өзіне алдырмайтын әбжіл болды. Небір жылдам, қарулы жігіттер жұдырықтай сары бозбаланы шиырып тастағысы келеді. Қанат қас-қағымда бұлт етіп, кілемге аяғымен, не қолымен дік ете қалады. Ұстасқан бетте қарсыласына қолайсыз жағдай туғызуға шебер. Аса сақ. Сезімтал.Кейде қарсыластың ойын оқып тұрғандай әсер қалдырады. Сөздің тоқ етері: Қанат қалыпқа сыймайтын балуан еді. Ол сегізінші сыныпта оқып жүргенде Диқанбай мен Марат ағалары ретін тауып Қарағандыдағы ересектер бәсекесіне қосып жіберді. Қағілез сары бала соқталдай жігіттерді жапыра жеңген бойда финалдан бір-ақ шықты. Жеңсе - Совет одағының спорт шебері атанады! Ал баланың жасы бұл жарысқа түсуге, ондай мәртебелі атақты алуға сай келмейтін. Осыны ойлаған Диқанбай мен Марат ағалары екеулеп жатып Қанатты жеңілуге көндірді. Сары бала көз жасын көл қылып, әрең илікті. Диқанбай ұстаз құлынында таныған Қанат 48 келі салмақта бірнеше жыл бойы Совет одағы құрамасының бірінші нөмірі болды. 1987 жылы Болгарияда өткен Еуропа чемпионатында бас жүлдені қанжығаға байлады. Талғат Байшолақов Талғат Байшолақов – самбо күресінен Әлем кубогының жеңімпазы (57 келі, 1985), Еуропа чемпионатының күміс медалисі (1987), Совет Одағы халықтары спартакиадасы (1986) мен одақ чемпионатының қола жүлдегері (1985). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1987 жылғы құрылық чемпионатының финалында Диқанбайдың тағы бір шәкірті, Қанаттың туған бауыры Талғат Байшолақов 57 келі салмақта күресті. Шешуші айқаста Талғат болгар балуаны Юсевтің аяқ-қолын матап тастағандай, дәрменсіз күйге түсірген. Бірақ жарыс иелерінің қабағын баққан төрешілер Байшолақовтың басымдығын көрмеген сыңай танытты. Талғат шамырқанып, атой салған сәттерде ысқырық шалып, әдейі тежеп отырды. Бұйырғаны – күміс медаль. Ойлап қараңыз, сол Еуропа чемпионатында бүкіл Қазақ елінен екі балуан бақ сынады. Ағайынды Қанат пен Талғат. Екеуі де – аядай ғана Жаңаарқадан, екеуі де – Диқанбай мен Мараттың шәкірттері. Талғат Еуропа чемпионатына дейін талай аламанда олжа салған еді: 1984, 1986 жылдары қатарынан екі мәрте Совет одағы кубогының жеңімпазы атанса, 1985 жылы Әлем кубогының иесі, Совет одағы чемпионатының қола жүлдегері болды. 1986 жылы Совет одағы халықтарының спартакиадасында үшінші тұғырдан көрінді. Сөйтіп, мүйізі қарағайдай совет құрамасы сапында екі бірдей Байшолақов күресті. Бұл бұған дейін қазақ спортының тарихында болмаған жағдай еді. Алла Тағала нәсіп еткен күні Диқанбай ағамен де таныстық. Дембелше келген қараторы кісі екен. «Бүкіл қазаққа мәшһүр Диқанбаймын», деп кеуде қағатын мінезі байқалмайды. Ауыл қазағына тән ақжарқын көңілмен бірден баурап алды. Біз де ауылданбыз. Әңгімеміз жарасып жүре берген. Содан бастап Марат Жақитов екеуін жарыстардан жиі көретін болдық. Желдей ескен уақыт тізгін берер емес. Жетпіс жыл ғұмыр кешкен Совет өкіметі құлап, азаттық таңы атты. Тәуелсіздік алғанымызға жыл толмай жатып тоқсан екінің күзінде Алматыда самбодан Әлем кубогы өтті. Сол жарыста тағы бір Байшолақов – Жанат балуан (62 келі) жарқ ете қалды. Қапсағай денелі, сұңғақ келген ақсары жігіт. Диқанбайдың Байшолақ әулетінен баптаған үшінші шәкірті. Жанат Байшолақов Жанат Байшолақов – самбо күресінен Әлем кубогының жеңімпазы( 62 1992), Азия чемпионы (1992), әлем чемпионатының 2 мәрте қола жүлдегері (1992, 1993), Азия чемпионатының күміс медалисі (1994). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әлем кубогына таласқан қазақ құрамасына жанымыз шырқырап тілекшіміз. Осы айтулы сынды Алматыға алдыруға мұрындық болған Бауыржан Жаналин ағамызға, құрама тізгінін жаңадан ұстаған Керей Қойшыбек бапкерге қалың жанкүйер дән риза. Самбоның отаны - Ресейдің өзін жолда қалдырған Қазақ құрамасы қалған командаларды шеніне келтірген жоқ. Тарихта тұңғыш рет Әлем кубогын олжалаған алаш құрамасының сапында жүзі-бал бұл жанып Жанаттың да тұрғаны күні кеше ғана тәрізді. Жанат сол екпінмен Владивостокта болған Азия чемпионатында топ жарды. Сол, 1992 жылы әлем чемпионатының қола медалін кеудесіне жарқырата тақты. Сөйтіп, Диқанбай мен Мараттың тағы бір Байшолақовы – Жанат Сайранұлы халықаралық дәрежедегі спорт шебері дәрежесіне иек артты. Бір шаңырақтан – бір еңбек сіңірген спорт шебері, екі халықаралық дәрежедегі спорт шебері! Осыдан кейін Диқанбай бапкерді мойындамай көріңіз. Айбатыр Махмұт Айбатыр Махмұт – самбо күресінен Әлем кубогының жеңімпазы (52 1992), Азия чемпионы (1992), Совет одағы халықтарының спартакиадасының күміс жүлдегері (1991), одақ чемпионатының қола медалисі (1988. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1992 жылғы Әлем кубогында Диқанбай Дүржанұлы бала кезінен балуандыққа баулыған Айбатыр Махмұт (52 келі) пен Сергей Волобуев (74 келі) Жанатпен қатар алтын тұғырда тұрды. Ойлап қараңыз, шағын ғана Жаңаарқа ауылынан бір Әлем кубогында үш бірдей балуан топ жарды. Бұған дейін қазақ күресінің тарихында болмаған жағдай. Қазақ елі құрамасындағы 10 балуанның үшеуі Диқанбайдың шәкірті! Осыдан кейін Биткөзов, Жахит бапкерлермен санаспай көріңіз. Айбатыр сол жылы Азия чемпионатында жеке-дара шықты. Айбатыр Махмұт 1988 жылғы одақ чемпионатында қола медальға ие болса, 1991 жылы Совет одағы халықтарының спартакиадасында күміс жүлдегер атанған еді. Айбатыр тістеген жерін жұлып түсетін шақар балуан. Кілем үстінде қаны қызбаса, аса жұлқына қоймайды. Ал ашуына тисең, боз кілем үстін дауыл ұрғандай апыр-топыр қылады. Сергей Волобуев Сергей Волобуев – самбо күресінен Әлем кубогының жеңімпазы (74 келі, 1992), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1989). Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.   Волобуев қапсағай келген, кең жауырынды, жоталы балуан. 1992 жылы Алматыдағы Әлем кубогында қарсыластарын дауылша ұйытқи соғып, жолбарыстай жұлқына айқасты. Сол бәсекеде Сергейдің қара күші мен әдісқойлығына қалың жұрт дүркін-дүркін қол соғып отырды. Иә, бір ғана «Жас сұңқар» мектебінен бес халықаралық дәрежедегі спорт шебері дүркірей шығыпты. Бұл - қазақ спорты тарихындағы соны құбылыс болатын. Ел астанасы Алматыдан мың шақырым қашықта, облыс орталығы Жезқазғаннан 325 км алыста жатқан ауданнан әлемдік деңгейдегі бес балуанның тұсауын кесіп, қанатын қатайтқан Биткөзов феноменін біз өз дәрежесінде бағалай алдық па?! Ал жоғарыдағы саңлақтарды бір-бірінен қызғанбай, тізе қосып бірге баптаған, жарты ғасырдан бері достығы жарасқан Биткөзов -Жахит жұбы – ізденетін талапкерге дайын докторлық диссертация тақырыбы дер едік. Диқанбай ағамен бір жолыққанда: «Мықты шәкірттеріңіз есейе келе оларды Марат досыңызға, Жамбыл асырып отырдыңыз. Жаңаарқада өзіңіз баптап, үлкен белеске шығарудың реті келмеді ме?» деп сұрадым. «Бала мектепті бітірген соң жоғары оқу орнына түскісі келеді. Аудан орталығы Атасуда ондай жағдай жоқ. Екіншіден, Жамбылда самбоның күшті мектебі қалыптасқан болатын. Ондағы гидромелиоративтік институттың спорт кафедрасы дарынды жастардың нағыз ордасы еді. Менің шәкірттерім Жамбылдағы Марат Жахиттің спортшыларымен бір залда тер төгіп, шыңдалумен қатар, облыс орталығындағы спорт мектептері атынан ірі жарыстарға барды. Марат досыммен студент кезден қатар келеміз. Екеуміз бір салмақта күресіп, итжығыс түсіп жүрдік. Оның жаттықтырушылық қабілетін бір адамдай білгендіктен, бозбала балуандарды еш күмәнсіз Жамбылға жіберумен болдым. Қанат, Талғат Байшоақовтар, Айбатыр Махмұтов пен Сергей Волобуев жоғары оқу орнын Жамбылда бітірді. Марат екеуміздің шынайы достығымыз бен терең ұғысқан тірлігіміздің арқасында екеумізге ортақ қаншама чемпиондар шықты». «Ағайынды Байшолақовтардың қандай ерекшелігін баса айтар едіңіз?» деген сауалға Диқанбай Дүржанұлының жауабы мынадай болды: «Ағайынды үшеуі де өжет әрі еңбекқор азаматтар. Басқа спортшылар бір жарым сағаттан кейін үйлеріне қайта бастаса, Қанат, Талғат, Жанаттар жұрттың соңында қалып, тағы бір сағат тер төгетін. Сосын, керемет бауырмал. Кілем үстінде бірінің кемшілігін екіншісі түзеп, қара терге малшынып жатқандарын көргенде еріксіз сүйсінесің. Кейде үлкені Қанат көптің көз алдында кіші інісі Жанаттан ұтылып қалады. Шындаса, ұтады, әрине. Бірақ Жанатты қайрай түсу үшін әдейі жығылады. Содан кейін Жанаттың басқа жігіттермен қалай тартысқанын көрсең ғой...» «Диқанбай аға сұңғыла психолог, – дейді Талғат Байшолақов. – Ішіңдегіні айтқызбай біліп тұрады. Бізді бала кезімізде қатты ұстады. Бір қолында кәмпиті болса, екінші қолынан шыбығын тастамайтын. Жүйелі жаттығу мен темірдей тәртіптің арқасында Жаңаарқадан талай мықтылар шықты». «Ұстазыма алғысым зор, – дейді Айбатыр Махмұтов. – Балаларға әділ қарады. Жолға шыққанда, кейбір жаттықтырушылар тәрізді өзі купеге мініп, бізді плацкартқа жатқызбайтын. Балалармен бірге жүрді. Сапарға қазы-қартасын, жал-жаясын, балын алып шығады. Біз бала кезімізде жаттығудан кешікпеуге тырысушы едік. Кешіксек, Диқанбай аға көптің алдында жазамызды беретін. Қазақстан бойынша бапкерліктің әліппесін, оның жүйесін дәл біздің ұстазымыздай меңгерген маманды табу қиын». «Диқанбай балалардың тілін таба біледі, – дейді Совет одағының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жахит. – Шәкірттерінің спортпен қатар білім алуына қатты мән берді. Күшті балуан іздеп, мектептерді талмай аралаушы еді. Маңдай терін сорғалатып жүріп қаншама жастарды балуандыққа баулыды...» Иә, адал еңбектің өтеуі – абырой. Диқанбай Дүржанұлы жасы 70-тен асқанын шағында қазақ күресінен екі бірдей әлем чемпионын – Ерсін Мұхамеджанов пен Айдос Ғалымовты және 8 Азия жеңімпазын баптап шығарды. Бұған қоса, күміс, қола жүлдегерлер тағы бар. Айдос балуан дүние жүзінің чемпионы болған тұста Диқаң 78-дегі ақсақал болатын. Міне, біздің Диқанбай ағамыз кейінгі толқын інілеріне осындай өнегелі тарих қалдырып отыр. Осы кезге дейін 200-дей спорт шеберін тәрбиелеген Диқанбай ағаның әлемдік деңгейдегі жаттықтырушы екеніне ешкімнің шүбәсі болмаса керек.

Қыдырбек Рысбек