Қарап тұрсаң, жерінде бір түйір пайдалы қазбасы жоқ көптеген елдердің тұрмысы Қазақстаннан көш ілгері кеткен. Олар жоқтан барды жасап, барын ақылмен іске асырып, ғылым-білімін дамытып, шалқып өмір сүріп отыр. Басқасын айтпағанда, тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратып, пайдаға шаш етектен кенелуде. Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарға қатысты проблема жетерлік. Соның ең негізгісі: бірі – қоқыстың шамадан тыс көптігі әрі олардың түр-түрге жіктеліп бөлінбейтіні, екіншісі – оның өңделу үлесінің тым аздығы. Егер осы проблемалар шешілсе, атшаптырым аумақтарды алып жатқан күлтөкпелер де азаяр еді және отандық кәсіпорындар да шикізатқа байып қалар еді.
Әлемде жыл сайын 2 миллиард тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылады, оның 5 миллион тоннасы – Қазақстанда. Ал ел ішінде көп жылдан бері қордаланып қалған қоқыстың мөлшері 150 миллион тоннадан асады. Отандық кәсіпорындар 2020 жылы 4 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық жинаған, оның 1 миллионы сұрыпталған, тек 13 мың тоннасы шикізат ретінде қайта өңделген. Қайта өңделген қалдықтың үлесі 18,3% аспайды, қалғандары полигонда тау болып үйіліп жатыр.Қалдықтардан қайтсек құтыламыз?
Жалпы, елімізде 625 кәсіпорын қоқыс бизнесімен айналысады. Көпшілігі қалдықтарды тек тасымалдайды, сұрыптаумен, оның ішінде өңдеп, кәдеге жаратумен айналысатындары некен-саяқ. Ресми дерек бойынша, республикада соңғы жылдары 1,5 мың заңсыз күлтөкпе жойылған екен. Алайда әлі 6 мың заңсыз күлтөкпе бар. Ал жұмыс істеуге рұқсат етілген 3,5 мың полигонның тек 17,7 пайызы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай. Тау-тау қоқыс үйілген күлтөкпелер атшаптырым аумақтарды иеленіп, оны басқа мақсат үшін пайдалануға мүмкіндік бермей жатқаны өз алдына, токсиндер бөліп, топырақты, ауаны, суды аяусыз ластаған үстіне ластай түседі. Оның адам денсаулығына қаупі зор. 2019 жылдан бастап елімізде полигондарда пластмасса, пластика, полиэтилен, полиэтилентерефталат қапшықтарын, макулатура, картон және қағаз қалдықтары, құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды, қорғасын-қышқылды батарейкаларды, электронды және электр жабдықтарын, түрлі түсті және қара металдарды көмуге тыйым салынған. Бірақ көпқабатты үйлерден шығатын қалдықтардың тек 1 пайызы ғана сұрыпталатындықтан, қоқыс жәшігінде олардың бәрі араласып кеткен. Қалдықтарды арнайы жәшіктерге бөліп салуға көпшіліктің мойны жар бермейді. Соның салдарынан тыйым салынған заттар күлтөкпеде ыбырсып жатыр. Бір ғана мысал, макулатура өңдейтін «Алматықағаз» бен «Карина» компаниялары ай сайын қажетті 7 тонна шикізаттың 1 тоннасын Ресейден алдыруға мәжбүр. Республикада қалдық өңдейтін 160 кәсіпорын бар. Олар қағазды, шыныны, резинаны, алюминий мен қаңылтыр банкаларды қайта өңдеумен айналысады. Тұрмыстық қалдықтар, тиісінше сұрыпталмауы салдарынан, бұлардың қай-қайсысы шикізат тапшылығын сезінуде. Отандық кәсіпорындар макулатурадан қораптар, әжетхана қағазын, қағаз сүлгі жасайды. Полиэтилен пакеттерден – пластик құбырлар, нейлон жіптер, қаңылтыр банкалардан – ыдыс-аяқ, резинадан шланг өндіреді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасына сәйкес, жақын жылдары Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шымкент және Тараз қалаларында қоқыс жағатын зауыттар салынатынын жеткізді. Аталған тұжырымдама бойынша, елімізде қалдықтарды өңдеу үлесі 2030 жылы – 40 пайызға, 2050 жылы 50 пайызға жетуі тиіс. Қазір 204 қала мен ауданның 51-інде қалдықты бөліп жинайды, 30-ында сұрыптайды.Өңдеудің жаңғырған технологиясы
Нұр-Сұлтанда қоқыс өңдейтін зауыт қайта жаңартылып, өңдеу қуаты екі есеге дейін ұлғаяды, – дейді елорда әкімі Алтай Көлгінов. «Қоқыс өңдеу кешенінің аумағына күніне 1 мың тоннаға дейін қоқыс сұрыпталып, қайта өңделеді. Мемлекет басшысы экология мәселелеріне, атап айтқанда заңнамалық базаны қамтамасыз ету мен waste to energy технологиясын енгізу үшін қолайлы инвестициялық жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отыр», – дейді әкім. Тұрғындардың күнделікті тұрмысынан шыққан қоқыстардан және түрлі ұйымдардың өндірістік қалдықтарынан қоғам өміріне қажетті әрі пайдалы кішкентай бұйымнан бастап, ауқымды жабдықтарға дейін жасауға болады. Оны өркениетті елдердің мысалынан білеміз. Ол мемлекеттік ресурстардың есепсіз қолданылуына үлкен үнем және аумақтың тазалығына тікелей әсер етеді. Астанада қалдықтардан қоқыс жәшіктері мен сәкі жасайтын кәсіпорынның бөлім басшысы Ерлан Мәмбетовтің айтуынша, қоқыс жәшіктері мен сәкілер полимерден, полиэтилен қалталардан жасалады. Ең алдымен аталған шикізат ұсақталып, оған белгілі мөлшерде құм қосылады. Әлгі ұнтақ арнайы пеште өртеледі. Пеш ішіндегі шикізат соның нәтижесінде балқытылған көмір түстес қоймалжың материалға айналады екен. Одан кейін ол арнайы қалыптарға құйылады. Сөйтіп жасалатын заттың пішінін келтірген соң, жартылай дайын материал 24 сағат бойы суытылады. Әбден суып, қатқан тақтайшалар қолмен өңделеді. – Әрине, қай істі болсын бастау оңай емес, әсіресе қазіргідей індет етек жайып тұрған шақта оның қиындығы тіпті еселеніп кетеді десе болады. Кәсіпорынды ашарда біраз кедергілерге тап болдық. Ұйымдастыру ісінде аяққа тұсау болар жайттар кезікті. Оның бәрін айта берудің қажеті жоқ, – деп Ерлан Мәмбетов бір қайырып алып, негізгі мәселеге көшті. – Біз жасайтын өнімдер нарыққа енді келіп жатқаннан кейін оған тосырқау, көз үйрету, адамдардың сенімін арттыру деген сияқты объективті себептер де бар. Біздің тауарға қызығушылық танытқандар ең бірінші оны ұстап, сынап көруі керек... Бір ғажабы, бұл өнімдер табиғи материалдан жасалған заттарға қарағанда анағұрлым төзімді әрі берік. Күн көзіне желінбейді, аяз-борандарға шыдамды, тіпті отқа да жанбайтын көрінеді. Мұндай сәкілер мен жәшіктерді сындырып, бүлдіру де мүмкін еместей көрінеді. Олардың қаттылығы болаттан да берік. Сондықтан ұзақ уақыт бойы пайдалана беруге болады. Тағы бір айта кетерлігі, экологиялық таза.Шетел тәжірибесі
Жапонияда тұрмыстық қатты қалдықтардың 90 пайызы өңделеді. Әйтсе де, осыдан 40 жыл бұрын күншығыс елі қоқыстың астында қалғанын бұл күнде біреу білсе, біреу біле бермес. 80-жылдардың басында Жапонияда экологиялық проблема бірінші кезекке шықты. Ел экономикасы қарқынды дамыған сайын кәсіпорындар саны мен олардан шығатын өндіріс қалдықтары күрт өсті. Салыстырмалы түрде алғанда көлемі жағынан аумағы онша үлкен емес мемлекетте жылына 450 миллион тонна қалдық шығарылатын еді. Мұндай орасан мол қалдықты үйетін орын табу көкейкесті мәселеге айналды. Сондықтан жапон үкіметі қоқыспен күресуге бар күш-жігерін салды. Осының арқасында бүгінде Жапония әлемдегі ең экологиялық таза елге айналды. Ел заңы азаматтарды қоқысты сұрыптап жинауға міндеттейді, сондай-ақ тұрғындардың азаматтық саналылығы күншығыс елін осы дәрежеге жеткізді. Мәселен, ел астанасы Токио – әлемдегі тұрғындары аса тығыз қоныстанған қалалардың бірі. Қаланың әр ауданында қоқысты сұрыптау, жинау ережесінің бір-бірінен айырмашылығы бар. Қоқыс өңдейтін және өртейтін зауыттарға қалдық тиелген көліктер әрбір 10-15 минут сайын тоқтаусыз кіріп, жүктерін түсіріп кетіп жатады. Елде қоқыс ірі көлемді немесе техникалық күрделі қалдықтарды өңдейтін зауыттар көп. Олар тіпті көп шоғырланған аудандарда, қала ортасында да орналасуы мүмкін. Білмейтін жұрт зауыттардың мұршасынан түтін «шықпайтынына» қарап, олар жұмыс істемей тұрған шығар деп ойлауы мүмкін. Бірақ түтін шығатын мұржалар жоғары технологиялық сүзгілермен жабдықталғаны соншалық, кәсіпорын жұмыс істеп тұрғанның өзінде олардан түтін шығып жатқаны көрінбейді. Финляндияда қоқысты өңдеу жалпыұлттық сипат алған, бұл елде 99 пайыз қалдық өңделеді. Дизайнерлік киімдерді ескі желкендерден, ыдыс жуатын щеткаларды пластик пакеттерден, ауылшаруашылық тыңайтқыштарын батарейкалардан, түтіндік өңешін күл-қоқыстан жасайтын озық технологиясы бар елдің бірі – Финляндия. Оның 41 пайызы екінші қайтара қолданылған қалдықтардан жасалып, қалған 58 пайызы өртеліп, энергия мен жылу көзі ретінде пайдаланылады. Жаппай қоқыс өңдеу ісімен айналысатындықтан, елде кейінгі жылдары 2 000 күлтөкпе жабылған. Финляндияда муниципалитеттер қоқыс жинау ісіне тікелей жауапты. Батарейкаларды кез келген тұрмыстық дүкендерге өткізуге болады. Жиһаз, құрылыс материалдары, электр жабдықтары арнайы орталықтарға жөнелтіледі. Тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын пункттердің үйге жақын орналасуы ескерілген, олар әр аулада дерлік бар. Швецияда қалдықтардың 96 пайызы өңделеді. Сондықтан мұнда тұрмыстық қалдықтар мүлдем тапшы. Қазір шведтер оны басқа мемлекеттерден сатып алуға мәжбүр болған. Норвегиядан жылына 800 мың тонна қалдық сатып алуға тілек білдірген. Бұл елде қолданыста болған бір пластикті жеті рет жаңартып, қайта пайдаланылады. Осыдан кейін ол электр стансасына өртелуге жіберіледі де, электр қуаты ретінде іске асырылады. Стокгольмде электр энергиясының 45 пайызы қалдықтардан өңделеді. Шведтер ғимараттарды да мұқият бөлшектеп, құрылыс материалдарын бірнеше қайтара пайдалана береді. Еуропаның басқа көптеген елдері сияқты елде қаңылтыр және пластик құтылар ақшаға өткізіледі. Мерзімі өткен дәрі-дәрмек дәріханаға тапсырылады. Онда шприцтер мен инелерді де қабылдайды. Стокгольмде тіпті кішкентай баланың өзі кәмпиттің қағазын басқа, су ішкен құтысын басқа контейнерге тастайды. Балабақшаларда және мектептерде қоқысты дұрыс сұрыптауға үйретеді. Теледидар, диван, құрылыс материалдары сияқты көлемі үлкен заттар арнайы стансаларға тасымалданады. Оларды сол жерде бөлшектеп, тауар өндірушілерге сатады. Бояу, қышқыл және басқа зиянды заттар тұрмыстық химияны өңдейтін зауытқа жіберіледі. Қоқыс жерасты дәлізі арқылы жеткізіледі. Шведтер осы ісі арқылы ел ішін қоқыстан тазартып қана қоймай, оны залалсыз өңдеу тәсілін меңгерген. Қоқыс өртейтін зауыттардағы жаңа технологиялардың арқасында өңделетін заттардан атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар 1 пайызды ғана құрайды.Түйін:
Қазақстанда бұл салаға өркениетті жұрттардыкіндей мол қаржы әлі жетпей жатыр. Егер инвестиция жеткілікті түрде тартылса, онда жаңа технологиялар келіп, қалдықтарды өңдеу көлемі ұлғаяр еді әрі оның өңделу сапасы да арта түсер еді. Содан соң тұрғындардың экологиялық сауаттылығын да күшейткен абзал-ау.
Дәулет АСАУ