Елімізде қай мамандық сұранысқа ие?
Бұл сұрақтың жауабын білу үшін 2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының тізімін қарайсыз. Биыл Білім және ғылым министрлігі 53 864 грант бөлген. Инженер кадрларды даярлауға 14 681 грант, педагогика саласына 8 243 грант бөлінген. Ал үздік үштікті жаратылыстану, математика дәне статистика салалары (4 088) түйіндейді. Одан кейін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (3 815), денсаулық сақтау саласы (2 700) мен ауыл шаруашылығы (1 565) бар. Инженер кадрларды даярлауға сұраныс бар десек, соның ішінде құрылыс, электротехника және энергетика мен тау-кен өндірісі маманы қажет. Ал педагогика саласына келсек, мектепке дейінгі білім беру бағытына, шет тілі, физика, биология пәні мұғаліміне сұраныс артып тұр. Одан бөлек, IT саласын таңдаған түлектің ұтылмайтыны тағы бар. Иә, әлемде 40 мыңға, ал Қазақстанда 7 мыңға жуық мамандық бар. Сіз бен бізден «өзіңе таныс мамандық түрін ата» деп сұраса, 20-25 мамандықты атарымыз анық. Яғни, мамандықтар жөнінде зерттеу керек. Осы тұста бізге бағыт берер орта мектеп. Өйткені ҰБТ тапсырғаннан кейін де «жинаған ұпайыма сай мамандық таңдаймын» дейтіндер кездеседі. Байқасаңыз, бұл – білім саласының олқы тұсы. «Ешқашан өлмейтін кей мамандық түрі бар. Ол – мұғалім мен дәрігер. Бірақ заман талабына байланысты технологияның дамуына сай мамандықтарға деген талап өзгереді. Мысалы, көптеген сала қазір IT саласымен ұштасып жатыр. Сондықтан 4-5 жылдан кейін ақпараттық технология саласына сұраныс одан сайын артады деп ойлаймын. Ал кәсіптік бағдар жүйелі түрде балабақшадан бастап жүргізілуі керек. Әр бала өзінің қабілетін айқындап, ашып, дамыта алу үшін балабақша, мектеп ыңғайлы орта ұйымдастырса деймін. Өкінішке қарай, көптеген түлек ҰБТ тапсырып болғаннан кейін «осы балмен кім боламын?» деп іздене бастайды. Менің ойымша, әр түлек ең кеш дегенде 10-сыныптан бастап қарым-қабілетін зерттеп, ойлану қажет», – дейді білім эксперті Қанат Өксікбаев. Одан бөлек, ұзақ мерзім бойы оқымайтын мамандықтардың трендте екені тағы бар. Интернет-маркетолог, сату менеджері, SMM маман болу үшін қысқа мерзімді курс оқысаңыз жеткілікті. Қазір бір диплом өмір сүруге азық болмайды. Сол үшін әлемде 3-5 жыл да бір рет оқып-үйрену курсынан өтіп, жаңа мамандықтарды меңгеру үрдісі қалыптасып жатыр.Кім боламын десеңіз...
Кез келген оқушы өзінің қарым-қабілетін, қырын біле бермейді. Бұған мұғалім мен мектеп психологінің көмегі керек. Неліктен? Сабақ барысында мамандыққа бейімдейтін мәтіндер, кескіндемелер кездеседі. Осы тұста мұғалімнің оқушыға мамандықтар туралы кеңірек айтып, сабақты ойын түрінде өткізгені жөн. Сонда баланың қызығушылығы оянады. Ал психолог кімнің қандай артықшылығы, қабілеті барын бес саусақтай білуі тиіс. Себебі ол мұны анықтайтын түрлі «фишканы» меңгерген жан. Қандай маман иесі боларын білмей жүрген оқушыларға Joo.kz мынадай кеңес ұсынған екен. Алдымен психотипті анықтайтын тест тапсырыңыз. Ол сізге қай мамандықтың жаныңызға жақын екенін тізіп береді. Екіншіден, психолог маманның көмегіне жүгініңіз. Сізден қарапайым тест ала отырып, мықты жақтарыңызды анықтап береді. Соған сай мамандықтарды айтады. Үшіншіден, әртүрлі маман иелерімен жүздесіңіз. Бір күн жанында жүріп практикадан өтіңіз. Сонда мамандық түрін жақыннан танисыз. Осы тұста оқушы мен ата-анаға «Жаңа кәсіптер атласының» көмегі тиюуі мүмкін. Атласта жаңа, өзгеретін және жойылып бара жатқан мамандықтар сипаттамасы берілген. Осыған сәйкес, 239 – жаңа, 95 өзгеретін және жойылып бара жатқан 129 мамандық түрі анықталған. Әрине, назарыңыз бірден жойылып бара жатқан мамандықтар тізіміне ауады. Жыл өткен сайын адам күшін қолданатын мамандықтардың келмеске кетіп бара жатқанын байқаймыз. Себебі жаңа технология, автоматтандыру дегенін істеп, адам күшін ығыстырып жатыр. Болашақта бухгалтер, кітапханашы, даяшы, банкир, курьер және көлік жүргізушісі мамандығы жойылып кетуі мүмкін. Аталған атлас бойынша тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм және құрылыс мамандықтарына зерттеу жүргізілген. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында жаңа 18 мамандық пайда болып, 19 мамандық өзгеріп, 10 мамандық түрі жойылады. Жауаптылар 2025 жылға дейін жинаушы-ораушы, жем беруші, жүк тиеуші, таңбалаушы мамандар жойылады деп отыр. Жоғарыдағы 9 сала бойынша да талдау жасалған.Профориентолог деген кім?
Қай мамандыққа қыры барын білмей, таңдауға басы қатып жүргендерге профориентолог көмектеседі. Аты айтып тұрғандай, мұндай мамандар елімізде саусақпен санарлық. Ол оқушымен жеке консультация жүргізіп, сұрақ қойып, қажет болса тест алады. Деректерге сүйенсек, кейбір профориентологтердің жеке консультациясы 50 мың теңге тұрады. PhD доктор, профориентолог Жадыра Нұрбайқызы қазір сұранысқа ие мамандықтар алдағы 5-6 жылда маңызын жоймайтынын атап өтті. Оның айтуынша, IT мамандар, медицина саласы мамандары, мұғалімдер, архитехтор, үй интерьері дизайнері, сату менеджері, SMM маман, инженерлер мен HR мамандарға сұраныс артады. «Сұраныстағы мамандыққа құжат тапсыру мақсат емес. Сұраныстағы мамандыққа емес, сұраныстағы маман болуға талпынайық. Профориентолог ретінде айтарым, оқушылар мынадай қателік жібереді. Олар бірінші бейінді пән таңдайды. Одан кейін ҰБТ тапсырады. Артынша, ЖОО-ға құжат тапсырар тұста бейінді пәнге сәйкес келетін мамандықты белгілейді. Сонда біз ең маңызды процесті кейінге қалдырамыз. Неге мамандық таңдау маңызды? Мамандық адам өмірінің 3/1 бөлігін құрайды. Өйткені уақытымыздың 8 сағатын ұйқыға, қалған 8 сағатын мамандық бойынша жұмыс істеуге арнаймыз. Жалпы, баланы мамандық таңдауға ерте жастан бейімдеу керек. 6-7-сыныпқа көшкенде қандай пәнге қызығатынын, бейімі барын байқау маңызды. Себебі байқасаңыз, арнайы салаға бейімдейтін мектептер баланы 6-сыныптан бастап қабылдайды. Осы жаста таңдау жасау үшін профориентолог оқушыға сұрақ қойып, тест алып, әңгімелеседі. 5 квалификация бойынша баланың бейімін анықтайды. Соған сай мамандық тізімін ұсынып, белгісіз мамандықтық сырын ашады», – дейді профориентолог.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ