Үйреншікті дүниеге айналып кеткендіктен де болар, ірі сауда орталықтарына кіргенімізде есіктері келген-кеткен адамды өздігінен ашылып-жабылып өткізіп тұратынын байқай бермейміз. Бейне бір «келгеніңізге қуаныштымыз!» немесе «тағы да келіп тұрыңыз!» деген ишара сияқты. Бұл автоматты «швейцарлардың» жұмысы бір секундтың ішінде жүздеген комбинациясы өңдеп тұратын технологияларға құрылған. Тіпті, оның материалдық платасында жасанды интеллекттің алғышарты бар. Осыған қарап «Ақылды қала» табалдырықтан басталады» деп бір тұжырымдап қоюға болады. Бір сөзбен айтқанда, Smart city дегеніміз – бірінші кезекте адамдарға қолайлы жағдай тудыру. Одан соң оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ендеше Қазақстан қалалары қаншалықты ақылды?
Алматы көш бастап тұр
Қалалық қызмет көрсетуші мекемелердің, яғни білім, денсаулық, коммуналдық шаруашылық, қоғамдық қауіпсіздік сияқты тағы да басқа салалардың жұмыс тиімділігін арттыру үшін және адам өмірінің барлық саласына ақылды технологияларды енгізу мақсатында елімізде Smart сity тұжырымдамасы жасап шығарылған болатын. Ол 2015 жылдан шындап қолға алына бастады. Осы уақыттан қала көшелерінде, әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтан шаһарларында көптеген заманауи камера мен ақылды қиылыстар, ақпараттық аялдамалар және автоматтандырылған көше жарықтары сияқты тағы да басқа жасанды интеллект белгілері пайда бола бастады. Көптеген қосымша мен қолданбалар жасап шығарылып, аялдамада күткен автобусымыздың қай жерде келе жатқанын қолымыздағы смартфоннан-ақ қарап алатын жағдайға жеттік. Еліміздегі қалалардың «ақылдылығына» қарай жасалған рейтингте Алматы шаһары 2020 жылдың көшін бастап тұр. Ондағы көрсеткіш бойынша қала 67,2%-ға «смартталған» екен. Ал қалған қалалардың ішінде 8 қаланың «ақылы» бірдей – 61%. Олар – Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Орал, Қызылорда, Атырау, Өскемен, Ақтөбе, Талдықорған қалалары. Ал еліміздегі 17 ірі қаланың ішінде ең «ақылы азы» – Ақтау қаласы (48%). Бұл рейтинг бойынша бағалау 11 түрлі бағыт бойынша және 80 көрсеткіш бойынша жүргізілген екен.«Е-Шаңырақ» – ауқымы кең жоба
Елімізде «Е-Шаңырақ» жобасы іске қосылғалы жатыр. Бұл Smart сity бастамасы аясындағы тың жоба болғалы отыр. Бұл жаңашылдық туралы 2017 жылдан бері айтылып жүрген болатын. Бастапқыда кондоминиумның, яғни Тұрғын үй-пайдалану кооперативтерінің (ЖЭК), одан кейін олардың орнын басқан Пәтер иелері кооперативтерінің (КСК) қордаланып қалған проблемаларын шешуге арналады деп ойластырылған бұл жоба кейіннен кеңінен ауқым алып, коммуналдық шаруашылық саласын да қамтитын болған. Бұл туралы министр Бағдат Мусиннің өзі хабарлады. «Е-Шаңырақ» жүйесі мен мемлекеттік қала құрылысының кадастрлық инфрақұрылымы мәліметтерінің бірыңғай геопорталы сынды Цифрлы ТҮКШ жобаларын қарастырдық. «Е-Шаңырақ» жобасы тұрғын үй қатынастарындағы барлық іс-әрекетті ашық әрі жүйелі етуге жол ашады. Бұл ТҮКШ саласын цифрландырудағы үлкен қадам болғалы тұр. Соның арқасында азаматтар мен бизнес өкілдері инженерлік желілер мен табиғи монополиялар субъектілерінің қуаты туралы ақпаратқа қол жеткізетін болады» деп жазды ол Facebook парақшасында. Шындығында, елімізде тұрғын үй қатынастарындағы коммуналдық шаруашылық мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Осы уақытқа дейін көпқабатты тұрғын үйлер мен оларға іргелес аумақтарды күтіп ұстау мәселесі пәтер иелерінің өздеріне жүктеліп, бұл өз кезегінде ұзақ жылдар қомақты қаржы құйылмағандықтан, қалалардағы онсыз да ескі тұрғын үй қорының одан сайын тозуына алып келген болатын. ПИК төрағаларының ақшаны иемденіп кету деректері көптеп тіркелген еді. Бұл елімізде қоғамдық негізде жиналатын қаржыға қандай да бір қадағалау жүргізілмейтінін білдіреді. Осы жағынан алғанда «ақылды қала» аясында қарастырылып отырған «Е-Шаңырақ» жобасы кондоминиумдық қатынастарды да реттейді деген үлкен үміт бар. Сондай-ақ өз кезегінде министр Smart City жобасының баяу жүріп жатқандығына да назар аудартты. Оның айтуынша, азаматтарға қолайлы әрі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Smart City жобасын жүзеге асыруда, әсіресе аймақтарға жіті назар аудару қажет. Мәселен, әкімдіктер қоғамдық көліктердегі электронды билеттеу жобасы сәтті енгізілді деп айтып есеп бергенімен, олардың жұмыс көрсеткіші көңіл көншітпейді. Себебі 9 облыста автобус-газельдердегі қолма қол-ақшасыз төлемдердің үлесі 50 пайыздан төмен.Қолайлы, қауіпсіз, үнемді
Smart city дегеніміз – қаланың ресурстары мен қызметтерін тиімді басқаруды арттыру және азаматтарға жайлы жағдай туғызу мақсатымен инновациялық шешімдерді енгізу есебінен инфрақұрылымды жетілдіре түсу. Мұны әлем елдері өте жақсы түсініп отыр. Сондықтан да бұл салаға салынар инвестиция көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, әлемдік Smart city нарығының көлемі 2020 жылы 124 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда, 18,9%-ға артық. Осы тұста Швейцарияның IMD бизнес мектебі сингапурлық технология және дизайн университетімен бірігіп, әлемдегі «ақылды қалалардың» 2020 жылғы рейтингін жасаған болатын. 109 қаланы зерделеп шыққан ұйымдастырушылар алғашқы үштікте Сингапур, Хельсинки және Цюрих қалаларын атады. Азуын айға білеген Нью-Йорк 10-орында, Лондон 15-орында тұр. Smart city-ге негіз болатын ақпараттық технологиялардың экономикалық өсім мен үнемге жетелейтінін ұмытпаған жөн. Мысалы, 2015 жылы Нұр-Сұлтан қаласының Есіл ауданындағы Еңбекшілер көшесінде «ақылды жарықтандыру» жобасы іске қосылды. 43 ескі натрийлі лампалар жаңа жарықдиодты түрлеріне ауыстырылды. Нәтижесінде, электр энергиясын үнемдеу 50%-дан асып түсті. Былтырғы ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 244 мың теңге аз жұмсалды. Пилотты жоба жүзеге асқанға дейін бұл телімге 52 310 кВт электр энергиясы шығындалатын болса, сынақтың сәтті өткені сондай, бұл көрсеткіш 24 792 кВт-ты құрады. Одан да басқа артықшылықтары: бағдарламалық қамту арқылы лампаларды алыстан басқаруға болатыны және экраннан әрбір лампаның жағдайын тексеру мүмкіндігі. Диммирлеу құрылғысы арқылы оның жарығын алыстан-ақ азайтып, көбейтуге болады. Бұл дегеніміз – бригаданың барып-қайту шығындары үнемделеді деген сөз. Сондай-ақ бұл лампалар бұған дейінгі сынапты жарық шамдар секілді қауіпті емес. Олар арнайы утилизациялауды талап етпейтін экологиялық таза шамдар. Ендеше Нұр-Сұлтан қаласында 30 177 көше шамы және 17 542 автотұрақ шамы бар екенін ескерсек, бұл қала бюджеті үшін үлкен үнем болмақ.Нұрлан ҚОСАЙ