Ауылда өз кәсібін ашқандар аз емес
Ауылда өз кәсібін ашқандар аз емес
162
оқылды

Бүгінде шағын және орта кәсіп­керлікті дамыту бағытында аз жұ­мыстар атқарылған жоқ. Әсі­ресе, Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры арқылы талай тірлік тетігін тауып, жемісті жоба­ларға жан бітуде. Биылдың өзінде қор арқылы кәсіпкерлікті қолдауға 64 миллиард теңге бағытталған. Қомақты қаржының шарапатын жамбылдықтар да көріп отыр.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында шағын кәсіпкерлікті қолжетімді несиемен қамтамасыз етіп, қазір облыста шаруа­шылығын кеңейтіп немесе шағын цех ашып, өз тірлігін дөңгелетіп отырғандар аз емес. Қор кез келген кәсіп түрін қаржылан­дырады десек,  аз қамтылған және көп­балалы отбасыларға  несие 4 пайызбен бе­рілуде. Мұндай несиеге қол жеткізгеннің бірі – Тараз қаласының тұрғыны Гүлнәр Абдуллаева. Ол қор арқылы шағын тігін цехын ашып, нәпақасын табуда. – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы былтыр 6 миллион теңгеге несие рәсімдеп, оған тігін маши­налары мен цехқа қажетті жабдықтарды сатып алдым. Өзім тігін бұйымдары тех­нолог мамандығын тәмамдағандықтан, осы кәсіп түріне бет бұрғанды жөн көрдім. Қазір өзімнен бөлек екі адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бастапқыда тапсырыс аз болғанымен, қазір қыз жасауы, киіз үй жабдықтары, көрпе-жастық және  ұлттық киімдер  тігуге көптеп тапсырыс түсуде. Оқу кезін­де мектеп формасын да тіктік. Несие алуға берілген өтінішіміз тез қаралып, қолдау тапқанына дән ризамын. Мен секілді шағын кәсіпкерлерге қолдау білдіріп отырған  Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына айтар алғысым шек­сіз. Өз кәсібімді ашсам деген жерлестеріме қорға жүгінуге кеңес беремін, – дейді жеке кәсіпкер Г.Абдуллаева. Жамбыл ауданы Қаракемер ауылын­дағы «Жандар» шаруа қожалығының төрағасы Жандар Кемпреков те қорға алғысын айтады. ІІІ топтағы мүгедек, әрі көпбалалы отбасының отағасы қор арқылы несие алып, аз уақыттың ішінде шаруа­шылығымды кеңейтемін деп ойламаған екен. – Қожалықты 2016 жылы құрған болатынмын. Ол кезде қолда азын-аулақ мал бар еді. Бес сиырды сауып, оның сүті мен төлдерін сатып, күнімізді көрдік. Төрт баланы қатарынан қалдырмай өсіруге тырыстым. Алайда өмір болғаннан кейін бір жағына тартсаң, екінші жағына жетпей жатады. Содан бие өсіріп, оның қымызын сату мақсатында Ауыл шару­ашылығын қаржылай қолдау қорына жүгіндім. Несиеге берген өтінімім демде мақұлданып, 6 жылқы сатып алдым. Несие небәрі 4 пайызбен берілетінін  естігенде  қуанышымда шек болмады. Енді сатып алған биелерімді құлындатып, қымыз өндірісімен айналыссам деп отырмын. Қазір еңбек етемін деген адамға мүмкіндік мол. Тек ерінбеу керек. Ал мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік тудырып, төмен пайызбен несие беріп отырған мемлекеттік қолдауға алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Жандар Кемпреков. Иә, қалай алып қарасаңыз да бұл халық үшін жасалып жатқан игі іс. Жандар секілді мүмкіндігі шектеулі жанға мемлекет қарайласып отырғаны қос-қолдап қолдауға тұрарлық. Сол сияқты Гүлнәр сияқты тұрғынның да кәсіп ашуына жол ашылғаны жан жадыратады. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры  Жамбыл филиалының директоры Базарқұл Мырзағалиев аймақта несие алып, кәсіп бастап жат­қандар жыл санап  артып  келе жат­қанын айтады.  Әсіресе,  мал шаруа­шылығымен айналысу үшін несие алуға өтініш бергендердің қарасы қалың. – Өткен жылы 1 200 жамбылдық кәсіп­керге 5,5 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Оның 4,4 миллиард теңгесі «Ең­бек» бағдарламасы арқылы рәсім­делсе, 1,1 миллиард теңге қордың жеке қаражат есебінен үлестірілді. Биыл «Еңбек» бағдарламасы бойынша 3,8 миллиард теңге несие беру жос­парланса, бүгінде филиал қызметкерлері азамат­тардың өтініштерін қабылдау үстінде. Құжаттарының дұрыстығына көз жет­кізгеннен кейін тиісті шешім шығарылады. Жалпы, Жамбылда кәсіпкерлерді қаржы­ландыру жұмыстары қызу жүріп жатыр, – дейді филиал директоры. Негізі, Ауыл шаруашылығын қаржы­лай қолдау қоры «Еңбек» нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­керлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіп ашуға ниетті азаматтарға  несиені  6 пайызбен беріп отыр. Жылдық тиімді ставкасы 6,7 пайыздан аспайды. Ал көп­балалы және аз қамтылған отбасы мүше­леріне жеңілдетілген несие 4 пайызбен беріледі.Бұл ретте несиенің жылдық тиімді ставкасы 4,4 пайызды құрап отыр.  Нысаналы мақсатына қарай берілетін несиенің  сомасы – 4, 6 және  12 миллион теңге. Ең бастысы,  несие алған азаматқа  бір жылға дейін жеңілдік кезеңі қаралады. Әрине, мемлекет тарапынан беріліп жатқан мұндай мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды. Алайда несие алушыға қор тарапынан қойылатын белгілі талаптар  бар. Атап айтсақ, өтінім берушінің несие тарихы жақсы болғаны абзал. Кепілге қоятын мүлкі болуы шарт. Бұдан бөлек, бюджеттік және қаржы ұйымдарының алдында мерзімі өткен берешегі болмауы керек. Сонда ғана  несиеге қол жеткізе аласың. Жалпы,  Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры жыл басынан бері өз тиімділігін дәлелдеп отыр. Олай дейтін­іміз, небәрі 5 айдың ішінде ел көлемінде 18 миллиард теңгені құрайтын 3 мыңға жуық несие берілген. Нәтижесінде,  3,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 65 мыңнан астам төрт түлік сатып алынған. Бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұ­рар­лық. Демек, тұрғындар қор жұмысына сенім артып, кәсіпкерлер саны күн санап көбейіп келе  жатыр деген сөз. Ең бастысы,  баянды бастама  бағдарынан жаңылмасын деп тілейміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы