Ел экономикасына инвестиция тартпақ
Ел экономикасына инвестиция тартпақ
5,139
оқылды

27-28 мамыр күндері Ор­та­лық және Шығыс Еуропа ел­дерінің Банктік қадағалау органдары тобының (BSCEE тобы) 33-конференциясы өтті. Жыл сайын өтетін жиынды АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жө­ніндегі комитеті (AFSA) алаңында ұйымдастырды.

Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің аймақтық тобы конференциясының ашылу салта­наты­на AFSA бас директоры, 2021 жылғы BSCEE тобының төрағасы Мұхтар Бөбеев пен Халықаралық есеп айырысу банкінің Қаржылық тұрақтылық институтының төра­ғасы Фернан­до Рестой қатысты. Жиында Мұхтар Бөбеев бұл іс-шараның банктік қадағалау са­ла­сындағы ақпаратпен және озық тәжірибелермен алмасуға мүм­кіндік беретінін айтты. Халық­ара­лық басқосуда пандемия жағ­дайын­да пруденциялық саясат пен қадағалау технологияларын да­мыту, онымен байланысты цифр­ландыруды жеделдету, сондай-ақ ұлттық банк секторын­дағы ағым­дағы жағдай, реттеу жаңалықтары мен басқа да мәсе­ле­лер тал­қыланды. Айта кетерлігі, BSCEE тобы 1991 жылы құрылған. Мақсаты – Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің Банктік қадағалау орган­дары арасындағы тығыз ынтымақ­тастық пен коммуни­кацияларды көтермелеу және қолдау. Банктік қадағалау жөніндегі (BCBS) Базель ко­митетімен байланысатын Орта­лық және Шығыс Еуропа аймағын таныстыру, үздік қадағалау прак­тикаларымен және ноу-хаумен алмасу мүмкіндігін қамтамасыз ету болды. Қазір BSCEE құрамына 26 елдің банктік қадағалау органдары кіреді. Олар: Аустрия, Албания, Армения, Беларусь, Болгария, Босния және Герцеговина, Вен­грия, Грузия, Қазақстан, Латвия, Литва, Молдова, Польша, Ресей, Румыния, Солтүстік Македония, Сербия, Словакия Республикасы, Словения, Түр­кия, Украина, Хор­ватия, Чехия, Эстония және Чер­но­гория. 2018 жылғы 26 қарашада Абу-Дабиде Базель комитетінің банк­тік қадағалау жөніндегі халық­аралық конференциясы шең­берінде Қазақстан  АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөнін­дегі комитеті атынан BSCEE тобына мүше болды. Бұл мүмкіндік  банктік қызметтер нарығын реттеу және қадағалау саласындағы Ба­зель комитетінің стандарт­тарына сәйкес АХҚО-да ең жақсы халық­аралық тәжірибені қолдану мақ­сатына ықпал етеді. 2015 жылғы желтоқсанда қа­был­данған «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақ­стан Республикасының Консти­туциялық заңына сәйкес АХҚО құрылғанын білеміз. Бұл қаржы қызметтері мен капитал нарық­тары саласында, оның ішінде бағалы қағаздар, банк қызметтері және исламдық қаржыландыру саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестиция тар­ту­ды көздейді.  

 А.ЖАНАСЫЛ