27-28 мамыр күндері Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің Банктік қадағалау органдары тобының (BSCEE тобы) 33-конференциясы өтті. Жыл сайын өтетін жиынды АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) алаңында ұйымдастырды.
Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің аймақтық тобы конференциясының ашылу салтанатына AFSA бас директоры, 2021 жылғы BSCEE тобының төрағасы Мұхтар Бөбеев пен Халықаралық есеп айырысу банкінің Қаржылық тұрақтылық институтының төрағасы Фернандо Рестой қатысты. Жиында Мұхтар Бөбеев бұл іс-шараның банктік қадағалау саласындағы ақпаратпен және озық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік беретінін айтты. Халықаралық басқосуда пандемия жағдайында пруденциялық саясат пен қадағалау технологияларын дамыту, онымен байланысты цифрландыруды жеделдету, сондай-ақ ұлттық банк секторындағы ағымдағы жағдай, реттеу жаңалықтары мен басқа да мәселелер талқыланды. Айта кетерлігі, BSCEE тобы 1991 жылы құрылған. Мақсаты – Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің Банктік қадағалау органдары арасындағы тығыз ынтымақтастық пен коммуникацияларды көтермелеу және қолдау. Банктік қадағалау жөніндегі (BCBS) Базель комитетімен байланысатын Орталық және Шығыс Еуропа аймағын таныстыру, үздік қадағалау практикаларымен және ноу-хаумен алмасу мүмкіндігін қамтамасыз ету болды. Қазір BSCEE құрамына 26 елдің банктік қадағалау органдары кіреді. Олар: Аустрия, Албания, Армения, Беларусь, Болгария, Босния және Герцеговина, Венгрия, Грузия, Қазақстан, Латвия, Литва, Молдова, Польша, Ресей, Румыния, Солтүстік Македония, Сербия, Словакия Республикасы, Словения, Түркия, Украина, Хорватия, Чехия, Эстония және Черногория. 2018 жылғы 26 қарашада Абу-Дабиде Базель комитетінің банктік қадағалау жөніндегі халықаралық конференциясы шеңберінде Қазақстан АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті атынан BSCEE тобына мүше болды. Бұл мүмкіндік банктік қызметтер нарығын реттеу және қадағалау саласындағы Базель комитетінің стандарттарына сәйкес АХҚО-да ең жақсы халықаралық тәжірибені қолдану мақсатына ықпал етеді. 2015 жылғы желтоқсанда қабылданған «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес АХҚО құрылғанын білеміз. Бұл қаржы қызметтері мен капитал нарықтары саласында, оның ішінде бағалы қағаздар, банк қызметтері және исламдық қаржыландыру саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестиция тартуды көздейді.А.ЖАНАСЫЛ