Қылмысты жасау мен мойындау
Қылмысты жасау мен мойындау
337
оқылды

Франция президенті Эммануэль Макрон 1994 жылы Руандада болған тайпааралық қақтығысқа өз елінің де жауапты екенін айтып, мойындады. Жергілікті хуту мен тутси тайпаларының жанжалынан 800 мыңнан аса кісі көз жұмған еді. Франция бұл трагедияға тікелей қатысы болмаса да, Макрон неге ондай мәлімдеме жасады? Басқа қандай мемлекеттер тарихтағы қылмыстарды мойнына алды?

Руандадағы геноцид. 1994 жылы Руандада болған трагедия 1990 жылдан  бергі ең ірі қайғылы оқиғаның бірі саналады. Сол жылы сәуір айында белгісіз топ Руанда президенті Жювеналь Хабиаримана мен көрші Бурунди президенті Сиприен Нтарьямира отырған азаматтық ұшақты атып түсірді. Бұл шабуыл елде гено­цидтің тұтануына түрткі болды. Хуту тайпасының өкілдері тутси өкілдерін жоюға кірісті. Қысқа уақытта 800 мыңдай адам қайтыс болды. Тутсилықтарды қорғауға тырысқан Бельгия сарбаздары өлтірілді. Кейін Франция әскері көрші елдерден жіберіліп, 30 мың­нан аса адамды аман алып қалды. Биыл 7 сәуір күні араға 25 жыл салып, Франция аталған геноцидке қатысты мұрағат де­рек­терін жариялады. Ал оған дейін, 26 наурыз күні осы оқиғаға қатысты мыңға жуық беттен тұ­ратын зерттеу есебі Макронға таныстырылды. Зерттеу автор­лары геноцид аяқасты туындама­ғанын, оның ұзақ уақыт дайын­дал­ғанын, ал Франция бұл да­йындыққа көз жұмғанын жазады. Алайда Франция геноцидке ті­келей айыпты екенін дәлелдейтін дерек жоқ. Макронның пікірін­ше, Франция аймақтық жан­жалдың алдын алуға тырысқан, бірақ іс жүзінде геноцидті ұйым­дастырған хуту режимін қолдап шыққан. Мойындаған Германия. Жалпы, адам­­зат тарихында мұндай трагедиялар аз емес. Дегенмен қолымен жасаған қылмысын жария мойындаған мемлекет санаулы. Соның бірі – Германия. 2019 жылы Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер неміс халқының әскери қыл­мыстарын мойындап, Польшадан кешірім сұрады. Ал былтыр осы елдің Сыртқы істер министрі Хайко Маас Spiegel журналында мақала жариялады. Онда Германия Польшаға шабуыл жасап, Екінші дүние­жүзілік соғысты бастады. Холокостқа да өз елі жауапты екенін жазды. Германия сая­саткерлерінің мойындауы тек сөзбен шек­телмейді, фашистік режимнің құр­бан­дарына әлі де өтемақы, зейнетақы төлеп келеді. Мәселен, Германияда 2000-2007 жылдары «Мұра, жауапкершілік және болашақ» қоры жұмыс істеген. Ол қор со­ғыс жылдарында Германияға күштеп әкелінген жұмысшыларға өтемақы төледі. Жалпы 1,66 млн адам 4,4 млрд еуро ақша алды. 2011 жылы неміс үкіметі холокосттың 16 мың құрбанына зейнетақы төлеуге келісті. Сол кезде 10 жылда жалпы 650 млн еуро аударылады деп хабарланды. Сондай-ақ Германия 2014-2017 жылдары Израильде холокосттың құрбандарына қолдау білдіретін түрлі ұйымдарға 772 млн еуро төледі. Корея, Нанкин және Жапония. Күн­шығыс елі көп жылдар бойы 1945 жыл­ға дейінгі қылмыстары үшін сын садағына ұшырап келді. Жапон әріптестігін қала­маған елдің бірі Оңтүстік Корея болды. Себебі Жапония 1910-1945 жылдары аралығында Кореяны басып алып, түрлі қылмыс жасаған еді. Соның бірі – жапон импе­ра­торлық армиясының жауын­гер­лерінің жыныстық қажеттіліктерін орындау үшін Корея, Тайланд, Қытайдан 200 мың әйелді еркінен тыс әкелуі. Корея мұны тарихи қылмыс санады және кешегі күнге дейін Жапониядан кешірім сұрауын талап етіп келді. Алайда Токиодағы ше­неуніктер мұндай қадамға бара қоймады. Тек 2015 жылы ғана ресми түрде кешірім сұрап, бүгінде тірі қалған әйелдерге өтемақы төлеу үшін 8 млн долларлық қор құрды. қылмыс Бұдан бөлек, жапон премьер-ми­нистрлері өз елінің Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қылмыстары үшін тек 1995 жылы ғана алғаш рет кешірім сұрады. Ресми мәлімдеме жасаған Томиити Му­раяма еді. Кейін 2005 жылы Жапония капитуляциясының 60 жылдығының қарсаңында басқа үкіметбасы Дзюнъитиро Коидзуми да кешірім сұрады. Соңғы рет соғыстың аяқталғанына 70 жыл толғанда, яғни 2015 жылы Синдзо Абэ өз елінің атынан тағы да кешірім сұрады. Алайда сөзінің соңында жапон армиясының қылмыстары үшін кейінгі ұрпақ өзін шексіз айыпты сезінбеуі керек деп қосып қойды. Бірақ Жапония әлі күнге Нанкин қырғыны үшін кешірім сұрамады. Қайта оның орнына жапон үкіметінің ми­нистрлері, қала басшылары бұл оқиға ойдан шығарылған деп мәлімдеген. 1937 жылы жапон армиясы Қытайдың Нанкин қаласында, Шанхай шабуылында 500 мыңға жуық кісінің көзін жойған. Ресей де үнсіз. Сондай-ақ қолымен жасағанды мойнымен көтеруден бас тар­татын мемлекеттер жетерлік. Соның бірі – Ресей. Солтүстік көршіміздің тарихында ондай «қара дақтар» аз емес екені мәлім. Мәселен, 1940 жылы Смоленск облы­сындағы «Қатын қыр­ғыны». Ол кезде 22 мың адам атылған еді. Оның басым бөлігі поляк офицерлері мен зиялы қауым өкілдері болатын. 1990 жылы КСРО пре­зиденті Михаил Горбачев аталған қыл­мысқа КСРО жауапты деген еді. Бірақ Владимир Путин 2010 жылы оқиғаның 70 жыл­дығында бұл трагедияға сол кездегі қауіпсіздік органдарының, елдің саяси басшылығы кінәлі, бүкіл халық жауапты емес деп кешірім сұраудан да, елін жауапты етуден де бас тартты. Бұдан бөлек, 1932-1933жж. жаппай ашар­шылық, голодомор, 1937-1938 жж. репрессия үшін де Ресейдің қазіргі саяси басшылығы ешкім­нен кешірім сұраған емес. Түркия және армян қырғыны. Кешірім сұраудан бас тартатын елдердің қа­та­рында Түркия да бар. Тағылатын айып – 1915 жылы армян халқына қарсы ұйым­дас­тырылған геноцид. Кейбір есептерге сәй­кес, сол жылы миллионға жуық армян көз жұмған. Алайда қазіргі Түркияның саяси басшылығы Осман империясы кезінде болған қырғынды мойындаудан бас тартып келеді. Жақында АҚШ пре­зиденті Джо Байден армян қырғынын ресми түрде геноцид деп мойындады. Оған дейін Батыс елдерінде бірнеше саясаткер де осыған ұқсас мәлімдеме жа­саған. 2020 жылы Түркия парламентінің спикері Мұстафа Шентоп «Айқын» га­зетіне берген сұхбатында аталған мәселеге қатысты былай деді: «1915 жылы Бірінші дүниежүзі соғысы Түркияның (Осман империясы) шығыс бөлігінде жүрді. Соғыс болған соң түрлі жағдаяттар болған. Ол кезде түрік, араб, күрд ұлтының өкілдері де мыңдап қаза тапты. Сондықтан геноцид болды деп айта алмаймыз. Қазіргі пре­зидентіміз 2005 жылы премьер-ми­нистр қызметін атқарып тұрғанда осы мәселеге қатысты архивті ашайық деп ұсыныс айтқан болатын. Өзім құқық тарихшысы ретінде 1326 жылға дейінгі құжаттарды қарадым. Себебі бізде мұрағат жақсы сақ­талған. Онда ақпарат мол. Біз бұл тақы­рыптың ақ-қарасын анықтау үшін Армения тарихшылары бізге келсін, Түркия та­рихшылары Арменияға барсын деп ұсын­дық. Алайда біздің архив ашыл­ғанымен, армян тарапы өз мұрағатын толық ашпа­ды. Сондықтан геноцид болды дегенге ке­ліспейміз, оны құжатпен дә­лелдей аламыз». Сөз соңында. Тарихта болған ірі тра­гедиялардың салдары бүгінге дейін же­тіп жатыр. Кейбір ұлттар болған қыр­ғындарды кешіре алмаса, басқалары оны мойындауға не саяси ерік-жігері жет­пейді, болмаса саяси менмендігі жі­бермейді. Мұндай өкпе-араздық қазіргі мемлекеттер ара­сындағы дипломатиялық қарым-қа­ты­насқа кері әсерін тигізеді. Дегенмен қо­ғамның саяси мәдениеті өскен кейбір елдерде саясаткерлер бол­ған жайттарды ресми түрде ашық мойын­дайды. Тіпті, елінің бұрынғы бас­шылары жүргізген саясатынан зардап шеккендерге өтемақы төлейді. Оны Германияның мысалынан көруге болады. Бәлкім мұн­дай қадамға бару үшін қо­ғамның ізгі құндылықтары, саяси мә­дениеті, гу­манистік көзқарасы толысуы керек шығар.

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА