Жібек жолында ауызсу тапшы

Жібек жолында ауызсу тапшы

Елорданың дәл түбінде Жібек жолы деген ауыл бар. Бас қаланың іргесінде орын тепкендіктен, халық тығыз қоныстанған. Дегенмен Нұр-Сұлтан қаласының дәл жанында болса да, ауылдан  маза кеткен. «Ор­та­лықтандырылған ауызсу күнара болмайды. Болған күннің өзінде сыз­дықтап ағатын суды ішуге қолдануға да болмайды. Әлеуметтік мәселе­лерімізді жергілікті атқарушы билікке айта-айта жалықтық. Халықтың жанайқайын естір құлақ табылса екен», – дейді тұрғындар. Редакцияға хабарласып, мәселенің шешілуіне ықпал етуімізді сұраған тұрғын­дардың өтінішін аяқасты еткіміз келмей, мәселені талдап-тарқатпақ болдық.

Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, ресми тіркелген Жібек жолы тұрғындары 17 мыңнан асқан. Бірақ ауылда көптен тұрып жатқандардың айтуынша, халықтың жалпы саны 23 мыңнан асып жығылыпты. Елордаға қатынап жұмыс істейтін ауылды алаңдатқан негізгі жайт тіршілік нәрі – ауызсудың тапшылығы екен. Орталықтандырылған ауызсу жетіспегендіктен, тұрғындардың көпшілігі жеке-жеке ұңғымаларды қазып алған. Бірақ ол да ішуге жарамаған соң тек бау-бақша мен мал суаруға пайдаланатын көрінеді.

Су құбыры тартылғанымен ішінде суы жоқ

Ауыл тұрғындарының айтуынша, алдыңғы 2019 жылы ауылда жаңадан су құбыры тартылған. Бірақ су құбыры тартылғанымен одан мүлде су тамбайды. Ал қойылған су соратын сорғылардың ауылды түгел қамтамасыз етуге шамасы жетпейді. «Ауызсудың зардабын әбден тарттық. Су соратын сорғылар бірінен соң бірі сынып күйіп кетеді. Өйткені бұрын қойылған су айдайтын насостар мен құрылғылар қазіргі халықтың санына шыдамайды. Мәселе өткен жылдың шілдесінде облыс әкімі мен орынбасарлары келгенде көтерілген. Олар аудан әкімдігіне жобалық-сметалық құжаттама жасауды тапсырған. Өткен жылдың желтоқсанында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп облысқа тапсырылды. Бірақ әлі қаражат бөлмей отыр. Бүгінге дейін облыстық мәслихаттың сессиясы үш рет өтті. Ал қаражатты әлі бөлетін түрлері көрінбейді. Ал алдыңғы жылы тартылған су құбырынан тамшы да тамған жоқ», –дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Ғалия Мухамбетова.

Бөлінген миллиардтар қайда кетті?

Ауылдықтар жол мен инфрақұрылым жағдайының да сапасы сын көтермейтінін айтып қалды. Тұрғындардың мәліметінше, соңғы төрт жыл ішінде ауылдың ин­фрақұрылымын жасауға республикалық бюджеттен 9,5 миллиард теңге бөлінген. «Қаражат осылай бөлінсе де, ауылдағы жолдардың сапасы өте нашар. Ана-жер мына жерден тек «кусок-кусок» жөндейді. Онысы арада уақыт өтпей таз қалпына түседі» деп толықтырды Ғалия Мұхам­бетова. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың бұрынғы ескі үйлерінде су сыздықтап болса да ағады, бірақ күнара тоқтап  қалады.

«Балаларымыз үйге келуді қойды...»

«Сапасы өте нашар. Түбіне тұндырып зорға ішеміз. Көлігі барлар қаладан тасып ішеді. Ал жоқтары барға қанағат қылып, сол суды тұндырып ішуге мәжбүр. Тіпті, үйдегі унитазға суды даладағы ұңғымадан тасып құюға мәжбүрміз. Су болмаған­дықтан, болған кезінде үйдегі барлық ыдыстарды толтырып қоюды әдетке айналдырдық. Міне, бірнеше күннен бері су болмады. «Қалада оқитын балаларымыз үйге келуді қойды. Сіздерде су жоқ, жуына алмаймыз», – дейді. Расында да, душқа түсе алмаймыз. Ал тұндырып қойған су­ларымыздың түбі жасыл-сарғыш түсті әрі майлы болады. Осыдан төрт күн бұрын туысқандарымыз келген. Сенесіз бе? Шай құятын су таппай, таңертең тұрып су ішкісі келген балаларға су болмай қинал- дық», – дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Гүлнәр Сәдуақасова. Мәселе бойынша Аршалы ауданының әкімі Айдар Баймановқа хабарласып, мән-жайды білмек болдық. Бірақ телефон шалып, WhatsАpp әлеуметтік желісіне хабарлама жазсақ та аудан әкімінен еш жауап болмады. Сауалымызды осы сала бойынша жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарына қойдық.

Әкімдік: жобаға қаржы бөлінуін күтіп отырмыз

«2-3 күн болды 4 ұңғыма істеп тұр. Бір ұңғыманың насосы күйіп кеткен. Кешке дейін түзеттік. Сондай-ақ ауданның және ауылдық округтің қаражатынан бесінші ұңғыма қаздырдық. Оған қоса, респуб­ликалық бюджетке жаңа резервуар, яғни ішінде 3 ұңғымасы бар жобаны бергенбіз. Бірақ өтпей кері қайтарылды. Енді облыстан қаражат берілуін күтіп отырмыз. Жоба екі аптада бұрын аяқталған. 1 200 текше куб  су сыятын жоба мемлекеттік сарап­тама­дан өтті. Жобаға 915 миллион теңге қаражат қажет. Облыстық мәслихат­тың алдағы сессиясында жоба мақұлданып, өті­нім­ге қаржы берілсе дейміз. Ал тұр­ғындардың айтып отырғаны 6,7 және 8 шағын аудандардағы су құбырлары. Бұл жобаға да қаржы бөлінуін күтудеміз. Негізгі мәселе су дебетінің аздығы болып отыр», – дейді Аршалы ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әміржанов.

P.S.

Әбден ашынған тұрғындар әлеуметтік желілерде де мәселе көтере бастаған. Тіпті, 28 мамыр күні күндізгі сағат 12.00-де су мәселесін шулатып айтып, жергілікті билікке жанайқайын жеткізуді жоспарлапты. Жоба жасалғанымен, қаражат бөлінбеген Жібек жолында қашан ауызсу жағдайы шешілері әзірге белгісіз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы