Бокстан Дубай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионаты Қазақстан ерлер құрамасы үшін сәтті бастала қоймады. Өкінішке қарай, 56 келідегі отандасымыз Махмұд Сабырхан алғашқы кездесуінде-ақ төрешілер шешімімен жеңілді.
Сабырхан бірінші айналымда Үндістан өкілі Мохаммад Хуссам Уддинмен кездескен. Тартысты жекпе-жек қазақстандық боксшының басымдығымен өткеніне қарамастан төрешілер 5:0 есебімен жеңісті үнділік спортшыға берді. Сөйтіп, Қазақстан командасындағы жүлдеден үмітті боксшылардың бірі турнирден бірінші айналымда шығып қалды. Қазақстан сапынан 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Закир Сафиуллин де құрлықтық біріншіліктегі жорығын ерте аяқтады. Моңғолиялық Баатарсухийн Чинзориг есебімен кездескен ол 4:1 есебімен жеңілді. Әп дегеннен екі бірдей боксшымыздың жеңіліс табуы құрама жігіттері үшін ауыр соққы болды. Есесіне 52 келіде жұдырықтасқан тағы бір оғланымыз Сәкен Бибосынов Шри-Ланка өкілі Ласинда Эранданы 5:0 есебімен жеңді. 69 келідегі құрама үздігі Абылайхан Жүсіпов ширек финалда тартысты жекпе-жек көрсетті. Жергілікті боксшы Хусейн Аль-Кандариді 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңген ол жартылай финалға жолдама алды. Одан кейін Дубай шаршы алаңына шыққан қазақстандық Әбілхан Аманқұл да командаластарының ізін жалғады. 75 келіде сынға түскен отандасымыз үндістандық Ашиш Кумарды 3:2 есебімен қапы қалдырды. 91 келіге дейінгі салмақта жарыс фавориті саналған қазақстандық Василий Левит те жартылай финалға шықты. Ол ширек финалда «Астана Арланстың» бұрынғы боксшысы ирандық Эхсан Рузбаханиді 4:1 ұпайымен сан соқтырды. 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін үздік боксшыларымыздың бірі, болашағынан көп үміт күттірген былғары қолғап шебері Бекзат Нұрдәулетовтің бұл сында жолы болмады. Шаршы алаңда басымдылықты қарсыласына беріп қойған Бекзат ширек финалдық айқаста ирандық Мейсама Гешлагиден 4:1 есебімен жеңілді. Бұл салмақта Бекзаттан үміт күткендер көп еді. Тіпті, бірқатар бокс мамандарының өздері жарыс басталмай тұрып жеңісті алдын ала біздің боксшыға беріп қойған. Бірақ турнир кезінде жағдай мүлдем басқаша өрбіді. Ал құрамадағы тәжірибелі боксшылардың бірі әрі Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев жеңісті жолынан жаңылған жоқ. 91 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғаған капитан ширек финалда үндістандық Нарендерді айқын басымдылықпен (5:0 есебімен) ұтты. Осылайша, Дубайдағы Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасынан жартылай финалға 6 боксшымыз жолдама алды. Финалға өту үшін 49 келіде Даниял Сәбит Марк Лестер Даренспен (Филиппин) жұдырықтасады. 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов Үндістан боксшысы Амитпен, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов моңғол боксшысы Баттумур Мишелтпен, 75 келіде Әбілхан Аманқұл ирандық Сейдшанин Мусавимен қолғап түйістіреді. 91 келі салмақ дәрежесінде Василий Левит қырғыз боксшысы Рустам Ырысбекұлымен, +91 келі салмақта Қамшыбек Қоңқабаев ирандық боксшы Поурия Амиримен шеберлік байқасады. Құрлықтық турнирдегі қазақстандықтар үшін ең маңызды қарсылас дәстүр бойынша Өзбекстан құрамасы саналады. Өзбек боксшыларының қаншалықты қарымды қарсылас екенін біздің бапкерлер мен боксшылар жақсы біледі. Дегенмен кейінгі кезде Азиядағы өзге мемлекеттердің де боксқа ерекше көңіл бөле бастағанын байқауға болады. Бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев Азия чемпионатында әлсіз қарсыластың жоқ екенін, біздің боксшыларға еш босаңсуға болмайтынын қаперге салды. – Әрине, біз үшін алдағы Олимпиада ойындарының маңызы жоғары. Үлкен жарыс алдында бұл турнирді де сәтті аяқтағымыз келеді. Азия чемпионаты бүгінде үздік турнирлердің біріне айналып үлгерді. Өзбекстан өкілдерінен бөлек үндістандық боксшылардың да деңгейі біршама көтерілген. Одан бөлек, Таиланд, Филиппин, Оңтүстік Корея, Қытай, Олимпиада қожайындары Жапония боксшылары да ешкімнен кем емес. Сондықтан бұл сында бәсекелестік өте жоғары, – дейді бас бапкер. Белгілі қазақстандық боксшы, Халықаралық IBA кәсіпқой Әлем чемпионы Марат Мәзімбаев Азия чемпионатында ерлер құрамасы кем дегенде үш алтын алады деп болжам жасады. Бокс маманының жорамалы қаншалықты сәйкес келетінін жартылай финалдық кездесулер анықтап беретін сыңайлы. Одан кейін де финалдық бәсекеде біздің саңлақтарға оңайға түсе қоймас. Әзірге қыздарымыз жарап тұр. Дубайдағы финалда Ерік Алғабектің тоғыз шәкірті сынға түседі. 54 келідегі Дина Жоламан мен үндістандық Сакши арасындағы кездесу 2:3 есебімен қарсылас пайдасына аяқталған болатын. Алайда қазақстандық тарап шағым түсіріп, кездесу нәтижесі қайта қаралды. «Біз шағым түсірген соң төрешілер әділ шешім қабылдап, жеңіс қазақстандық спортшыға берілді» делінген федерация хабарламасында. Соңғы шешім қабылданғаннан соң Дина Жоламан Қазақстан сапынан финалға шыққан тоғызыншы спортшы атанып шыға келді. Осы орайда біз финалға жолдама алған қыздарымызға тоқталып өткенді жөн санап отырмыз. 60 келідегі Римма Волосенко үндістандық Симранжит Бахтты жеңіп, финалға жолдама алды. 64 келідегі Милана Сафронова өзбекстандық Мохинабуду Абдуллаевадан басым түсті. Өкінішке қарай, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Марина Вольнова Өзбекстан өкілі Мавлуда Мауленовадан жеңіліп, турнирдің қола жүлдегері атанды. 57 келіде сынға түскен отандасымыз Владислава Кухта тағы бір үндістандық боксшы Жасейминмен жұдырықтасқан болатын. Тартысты жекпе-жекте Кухта жеңіске жетіп, алтынға таласатындар қатарын толықтырды. 48 келідегі Алуа Балқыбекова үндістандық Мониканы жеңіп, ақтық сынға өтті. Сондай-ақ 51 келіде жұдырықтасқан Назым Қызайбай шри-ланкалық қарсыласын үш рет нокдаунға түсіріп, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Назым да турнирдің финалында бақ сынайды. Осылайша, әуесқой бокстан БАӘ-де өтіп жатқан Азия чемпионатында қыздарымыз жүлде алу жағынан жетістіктерін (2010 жылы 8 медаль, биыл 10 медаль) жаңартты. 9 қыз финалға шықса, 1 спортшымыз қола жүлдегер атанды. Ендігі кезек ерлер құрамасында. 6 боксшымыз финалға шығуға ұмтылыс жасап көреді. Олардың шамасын шаршы алаңда байқаймыз. Айта кетейік, бұл жарысқа басты фавориттердің бірі саналған Қытай құрамасы (2019 жылы – 6 алтын), одан бөлек Тайвань (2019 жылы – 1 алтын) мен Солтүстік Корея (2019 жылы – 1 алтын) мемлекеттері қатысқан жоқ. Негізі, биыл Әлем чемпионаты Үндістанда өтуі тиіс болатын. Ол жақтағы эпидахуалға байланысты жарыс Біріккен Араб Әмірліктеріне ауысты. Санаулы күннен соң 2021 жылғы Азия чемпионатында топ жарған үздіктер анықталады. Сол кезде қазақстандық боксшылардың өнеріне баға беріле жатар. Бәрінен бұрын жалпыкомандалық есептегі орнымыздың жоғары болғаны маңызды. Ал ол үшін бізге тек жеңіс керек. Ендеше боксшылардан алтын күтеміз.Абылайхан ЖҰМАШ