Айран жалағандар
Айран жалағандар
272
оқылды
Бүгінде жаламайтын, бюджеттің қаржысына көздерін сығырайтып, қарамайтын адам жоқ шығар десек, бәрімізге тиіп кетеді. Егер бюджеттен айран бөлінсе ше? Әне бастық орынбасарына жетіп келеді. – Бұл не? – деп сұрады ол. – Бір шелек айран. – Қайдан? – Үкіметтен. – Жалап көрдің бе? – Құдай сақтасын, жалауға да, тамсанып, қарауға да болмайды! – Немене, қарай қалсақ, айран домалақ, домалақ, домалақ, домалақ құртқа айналып кетеді ме, не? – деп таң қалады бастық. – Жоға, халыққа бөлінген айран екен. – Бір шелек айран кімге жетеді дейсің? – Әшейін, саусақтарын батырып, сорады. – Не үшін? – Халықтың ішектері ағару үшін. – Әкті суға араластырып ішсе де ағарады ғой... Бір кесе айран ішейін? – Қойыңыз, басеке! Халықтың айраны бұл. – Ей, біздің «Жалай береміз!» департаментіне келген айран болса, бір жалап көруге болатын шығар? Ол тілін шығарып, шелекке ұмтылған еді, орынбасары оның арқасынан құшақтап жібермеді. Бастық мойнын созып, шелекке ұмтылады дейсің, анау жібермейді. Сонда да, жалап үлгерді. – Сізге жалауға болмайды  басеке,  тіліңіз күректей... – Не, біз халық емес, қасқырмыз ба сонда? Қазір әкім келеді, ол бір кесесін ішсін, сот келеді, ол ішсін, прокурор ішсін! Сен іш, мен ішейін. Сен өзі менің орынбасарымсың ба, жоқ әлде ? –дейді басекең. – Құрып кетеміз, басеке, құримыз, бұл халықтың айраны! – Анау не? – Былтыр  өлген шыбын. – Ол шыбын содан бері қабырғада мыжылып неғып тұр? – Өзге шыбындар «тәрбие алсын» деп қозғамадық. – Ал, анау не? –Былтыр өлген шыбынның нағашысы. – Сендер шыбын өлтірумен кеш батырасыңдар ма? Жұмыс қайда? –деп орынбасары ол нұсқаған жаққа қарағанда, шелекке саусағын батырып, жалай қойды. – Басеке, анау не? – Люстра. Немене, люстраны енді көрдің бе? –деген басекең жоғары қарағаны сол, орынбасары шелекке басын тығып, айранды сіміргелі жатты. Аузы ашылған бастық оның шашынан ұстап, жоғары тартты. Сыбайласының бетіне айран жағылып шыға келді. Сосын кекете сөйлейді: Ойебай, халық айранын қызғыштай қорғап едің, сыбайлас болдық қой? – Тіліммен жалап көрейінші деп едім. Сізден қаламын ба? Осы кезде, бас бұхгалтер әйел кіріп қалып, таңдана қарай қояды. – Ағай,  айран жалайын деп келіп едім... – Сен өзі жалмауыз екенсің! – Бухгалтеріңізбін ғой, ағай... Бір жалайыншы? – Жарайды, жалап үйрен! Мен әкімнің алдынан шығып  келейін! – Ағай, бір жалайыншы? Бастық рұхсат берді ғой? – дейді бас бұхгалтер. – Қанша саусақпен жалайсың? –деп айранды бергісі келмейді орынбасар. – Бес саусақпен! – Жоқ, бір саусағыңды ғана батырып, соны ғана жалайсың! – Әкім келе жатыр, әкім!–деп айқай салады әкім. – Сендерге бюджеттен айран бөлінді дейді ме? Дәмін көрейінші деп келдім, –дейді әкім шіреніп. – Айран ашып кетіпті... Түк дәмі жоқ... – деп қояды бастықтың  орынбасары. – Мейлі, ашыған айран ашыған миға пайдалы. – Айран іртік–іртік екен. – Іртік айран қалай екен, ішіп көрейін, құйып жібер. – Кешіріңіз, айран құрттап кетіпті... – Құрттағаны жақсы. «Айран с мясом» болады, – деген әкім бастыққа қарайды,–Әй, мынауың кім? – Не мясо емес,  не рыба емес... – Балығың да, өзің де құры! Бюджеттен айран ішпесек, несіне әкім болып жүрміз? Міне, көрдіңіздер ме? Бюджеттен бөлінген қаржыны атасынан қалған мүрадай көретіндерге арналған әңгімелер ғой бұл! Агенттік жүргізген мониторинг бойынша жемқорлыққа жымыңдап тұратын алты министрлік бар екен. Олар: ҚР Ішкі істер министрлігі, Қаржы министрлігі, Қорғаныс минстрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлілігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Білім министрлігі. Былтыр сыбайлас жемқорлықтары үшін 1002 адам сотталыпты.  Ақпаратқа сүйене қалсақ, сотталғандардың 515-і орталық мемлекеттік органдардың, 261-і жергілікті атқарушы органның, 37-сі квазимемлекеттік сектор қызметкерлері,  ал, 189-ы басқа адамдар.  Дегенмен, былтыр ҚР қарулы күштерде сыбайлас жемқорлық үшін сотталған әскери қызметкерлердің  саны 39 пайызға азайыпты.   Өткен жыл Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауов, Қорғаныс министрлігінің генарал-майоры Қайрат Көпбаев, Қызылорда облысының экс әкімі Қуанышбек Ысқақов, ҚР қарулы күштері әскери-теңіз  күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Жандарбек Жанұзақов, Текелі қаласының экс-әкімі Боходир Норқұлов, Ақтөбе облысы әкімінің экс-орынбасары Руслан Момыновтар үшін алақайлаған жыл болмай шықты. Қысқасы, бюджеттің «айранын» жалағыштар азаймай тұр.

Марал РАМАН