Мірдің оғы
Мірдің оғы
473
оқылды
Қостанай облысының іргесіндегі Тобыл шаһарында сатирик-жазушы, этнограф-ғалым Сейіт Кенжеахметов атындағы атты республикалық әзіл-сықақ театрының фестивалі өтті. Әзіл сүйер әлеумет семсер тілді Сейт ағаның шымбайға батыратын шығарма­ларын оқып өсті. Езу жиғызбайтын енепат дүниелерімен ержетіп, бой түзеді. Күлкі деген не? Күлкі – «химчистка». Тазарасың. Анау-мынау арам нәрселерден арыласың. Ағарасың. «Күніне бір рет күлмеген адамның күні зая» деп бекер айтылмаса керек. «Күлкі – қаһарлы қару, оны қолдан түсіруге болмайды!» деп өткен Сейіт аға бар ғұмырын мәдениет, руханият саласына арнаған. Ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сананың мән-маңызы мен жоғары таным-тағыл­дымдарын талмай зерттеген еңбектері өз алдына бөлек дүние. Ал, сайтан қашы­ратын сатиралары бір төбе. Ұйымдастқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлық, парақорлық, аярлық, ашкөздік, жал­мауыздық, қомағайлық сияқұты қоғам­ның дертіне айналған кеселді кесіп тастап, қарсы тұратын қарудың бірі – сатира. Әзіл-сықақшылар фестиваліне Алматы қаласынан «Бәке-Сәке» дуэті, осы облыстың аманкелді ауданындағы Мейрамхан Қапышев атындағы халық театры, Ақтөбе қаласынан «Екі езу» миниатюра театры, Жамбыл облысының Жуалы аудандық «Мың бұлақ» халық театры, Арқалық қаласының жасөспірім­дер театры, Батыс Қазақстан облысы Қазтал ауданындағы «Қожа» әзіл-сықақ театры, Маңғыстау облысы Қарақия ауданындағы «Бостан» әзіл-сықақ ұжымы, Жангелдин аудандық Нұрхан Ахметбеков атындағы халық театры, Жамбыл облысы Талас ауданындағы «Жастар Шоу» театрын және Қостанай қаласының әзілкеші Арғын Жүкебаев қатысып, көрермендерді бір серпілтті. Екі күнге ұласқан әзіл-сықақ фести­валінде бас жүлдені «Екі езу» театры ен­шіледі. Сондай-ақ Асқар Тоқмағанбетов, Шона Смаханұлы, Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров, Ғұмар Ахметчин атындағы сыйлықтар әзілкештердің сахналық мәдениетіне, көркемдік деңгейі мен орындаушылық шеберлігіне қарай тапсырылды. Жылына бір келетін жыл құсындай әзіл-сықақ фестивалі осымен бітті ме? Жоқ. Облыстық мәдениет бас­қар­масының бастығы Ерлан Қалма­қовтың жоспары бойынша бұл үрдісті келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында жалғастырмақ. Іске сәт! Әзіл-сықақшылар фестивалінде қазылар алқасының мүшесі болған Сейіт ағаның қызы Зәмзәгүлмен шүйір­келесіп әңгімелестік. Секеңнің табан астында тауып айтатын шешендігіне қанықтық. – Әкем ел аралап жүргенде қасына ілескен бір ақын мас боп қалып мазасын алса керек! Дастарқан басында бір-екі ақсақал жөн сұрасады. Ақын жөнін айтады. Мазаң жігіттің ерсілеу сөздерін естіген үлкендер «Мына жолдасыңның жасы нешеде?» деп сұрайды. Сонда әкем өзіне тән тапқырлығымен «Бұл жігіттің жасы жөнінен екіге бөлінді. Жасы 45-те, ал ақылы 15-те!» деген екен. Расында да Сейіт аға от тілді, орақ ауызды, ешкімнің бет-жүзіне қарамай тура айтатын болған. соны байқаған бір үзеңгі досы «Шамалап, тұспалдап, айтпайсың ба, сөзің батып кетеді ғой» десе, Секең «Айтпай қалсам аузыма сөзім симай қалады!» депті. Тұла бойы тұнған талант. Таудан аққан бұлақтай тасыған әзілдері көлге айналып, көпшілікке мұра боп қалған. Жасырақ кезінде аулына барып, үлкен кісілерге сәлем беріп жүрсе, сараң ағайындардың бірі «Шырағым-ай, сирек келетін баласың, мал өріске кетіп қалып еді...» деп қипақтапты. Сонда Секең «Ақсақал, малыңыз «Бүгін өрістен орал­мас­пыз!» деп айтып кетіп пе еді?» депті келте қайырып. Ел аралай жүрген бір сапарында тұрпаты тұралаған малдай ап-арық, жіп-жіңішке, әлі құрыған әлжуаз жігіттің есімі Қажымұқан екенін естігенде «Шырағым-ай, – депті, – осыншама зор атты қорық­пай, үрікпей қалай көтеріп, арқалап жүрсің?» Мірдің оғындай, сексеуілдің шоғын­дай, элетрдің тоғындай Сейіт Кенже­ахметов деген есім-сойды ғана емес, елдің руханиятын «қорықпай, үрікпей» көтеріп өткен көкеміз не деп еді? Күлкі туралы. «Кімнің күлкісі басым болса, оның мысы да басым!» деген жоқ па? Дегісі келген. Бірақ бұл қағиданы бұрынғы ғұламалар айтып кеткен. Сейіт ағаның семеусіз пайымы былай: «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім».  

Көпен ӘМІРБЕК