Екібастұзда жасөспірімдердің денесі табылды
Екібастұзда жасөспірімдердің денесі табылды
Екібастұзда шомылуға рұқсат етілмеген суайдынында кешеден бері іздестірілген екі мектеп оқушысының денесі табылды. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлады. Кеше сағат 20.55-те шомылуға рұқсат етілмеген "Сковородка" суайдынының жанынан екі жасөспірімнің заттары табылған. Жоғалғандар – 2005 жылы туған ұл балалар, Екібастұз қаласындағы №9 мектептің оқушылары. Оларды іздеуге жүзден астам адам қосылған. Бүгін VITA Павлодар қаласының іздеушілер жасағы іздеу жұмысының аяқталғанын мәлімдеді.
Балалар өлі күйде табылған. Олар суға түсер алдында заттарын қалдырған орыннан он шақырымдай жерден табылды. Еріктілер балалардың бірі суға бата бастап, ал екіншісі досын құтқаруға тырысып, ақыры екеуі де көз жұмды деп болжайды.
Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті облыста шомылу маусымы жабық екенін тағы бір рет еске салды. Осыған байланысты ата-аналарды жазғы демалыста балаларын бақылауға шақырды.