2021-2025 жылдары Қазақстан жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшеді. Қаржы министрлігі табыс декларациясында көрсетілуі тиіс мүліктің тізімін нақтылады. Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтің айтуынша, қолданыстағы заңнамада табыс декларациясында көрсетілуі тиіс мәліметтердің нақты өлшемшарттары жоқ. Осыған байланысты министрлік декларациялауға жататын мүліктің тізімін нақтылауды ұсынып отыр. Бірінші, Қазақстаннан тыс жерлердегі меншік құқығындағы мүлік бойынша:
- Жылжымайтын мүлік;
- Әуе және теңіз кемелері, суда жүзу кемелері;
- Көлік құралдары, арнайы техника және (немесе) тіркемелер;
«Сонымен бірге, декларацияда көрсетілуі тиіс қолма-қол ақша шегі 5 880 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке (26 510 000 теңге) дейін ұлғайтылды», – деді вице-министр.Сондай-ақ, декларацияда жиынтық сомасы 5 880 АЕК-тен асатын немесе 15 миллион теңгеден көп соманы нотариалды куәландыра отырып дебиторлық, кредиторлық берешекті көрсету ұсынылады. 2021 жылдан бастап Қазақстан жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшеді. 2021 жылғы 1 қаңтардан мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. Екінші кезеңде – 2023 жылғы 1 қаңтардан – мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың жұмыскерлері және олардың жұбайлары. Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары мен жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары. Төртінші кезеңде – 2025 жылғы 1 қаңтардан қалған санаттағы азаматтар. Декларанттардың жалпы саны – шамамен 13 миллион адам.