Қазақстан Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясының жабылуында видеоүндеу жасады
Қазақстан Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 74-ші сессиясының жабылуында видеоүндеу жасады
231
оқылды

24 мамыр мен 1 маусым аралығында өтіп жатқан ша­раға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 194 мемлекеттің делегаттары қа­тысып жатыр. Сессияның не­гізгі тақырыбы – «Қазіргі пан­демияның аяқталуы және алдағы індеттердің алдын алу: тиімді, қауіпсіз әрі бейбіт әлемді бірлесіп құру».

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ассам­блеясының сессиясы бүкіл әлем 1,5 жылдан бері коронавируспен күресіп жатқан аса күрделі кезеңде өтіп отырғанына тоқталды. Прези­денттің айтуынша, коронавирус ұлттық денсаулық сақтау жүйелері мен көпжақты институттар үшін теңдессіз сынақ болды. – Ғаламдық дағдарыс кезінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы барлық мүше мемлекет­термен белсенді қарым-қатынас жасады. Ұйым өзінің бі­ліктілігі­мен, бастамашыл­дығы­мен, мол тәжірибесімен дамушы және да­мыған елдердің індетке қарсы кү­ресіне басшылық етті. Ол ға­лым­дардың ғылыми жаңалықтар ашуына ұйытқы болды. Сонымен қатар мұқтаж жандар үшін қажетті ресурстарды жұмылдыруды шұғыл ұйымдастырды, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ассамблеяның қазіргі қызметі жасампаздық пен ұжым­дық жауапкершілікке негізделген болашақ бағыт-бағдарымызды айқындауға жақсы мүмкіндік береді. Президент кешегі мен бүгінгі­нің ауыр сынақтарынан сабақ алып, ДДСҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесустің ұсынысын толық қолдайтынын айтты. Бұл ұсыныстар ДДСҰ-ны реформалауға және оны қуатты, тиімді әрі қар­жылық тұрғыдан дербес халық­аралық деңгейдегі ұйым ретінде трансформациялауға бағытталған. Мемлекет басшысы өз үн­деуін­де алғашқы медициналық-санитарлық көмектің маңызына, атап айтқанда, 2018 жылғы Астана декларациясын ілгерілетуге назар аударды. Президенттің пікірінше, пан­демия алғашқы медициналық-санитарлық көмектің кез келген жұқпалы ауруға тиімді төтеп бере­тін негізгі тетік бола алатынын айқын көрсетіп берді. Осы ретте Мемлекет басшысы ДДСҰ-мен бірлесіп ұйымның Алматы қала­сындағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі аймақтық бюросын күшейтуге ниетті екенін жеткізді. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ДДСҰ мақсаттары мен қағидаттарын сөзсіз қолдайтынын тағы бір мәр­те нақтылады.