Өткен жылы Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде 454 мың баланың құқықтық мәселесі қаралған. Ал Аружан Саинға Бала құқығын қорғау уәкілі болып тағайындалғаннан бастап 667 шағым түскен. Оның айтуынша, бұл – ресми жолданған шағымдардың саны. Әлеуметтік желіге келетін хат-хабар бұдан да көп екен. Расымен, елімізде бала құқығын қорғау қандай деңгейде? Білім беруден бастап қоғамдық ортада жүріп-тұруына дейін жағдай жасалған ба?
114 балалар үйі жабылды
Елімізде 6 млн 109 мың бала бар. Олардың әрқайсысы білім алуға, тегін медициналық көмек алуға құқылы. Әрбір бала ой-пікір, ар-ождан және дін еркіндігіне құқығы бар. Өзі қалаған спорт түрімен шұғылдануға, тынығуға және мәдени демалуға құқылы. Мектепте кінәлі болса да, оны ешкімнің ұрып жазалауына, кемсітіп қорлауға құқығы жоқ. Мұның бәрі Бала құқықтары туралы халықаралық конвенцияда жазылған. Еліміз бұл құжатқа қол қойғандықтан, аталған құқықтың қорғалуын қадағалауға міндетті.
Әрине, кез келген бала ата-ананың ортасында өсуге құқылы. Бірақ бәрінің бірдей бұған мүмкіндігі жоқ. Мәселен, елімізде 7 мың отбасы мен 5 мыңнан астам жасөспірім полиция есебінде тұрады. ІІМ Әкімшілік полиция қызметінің төрағасы Алексей Милюктің айтуынша, жыл басынан бері баласына тәлім-тәрбие беруден жалтарғаны үшін 2 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде шамамен 300-і полицияның өтінішхатымен ата-ана құқығынан айырылды. Ал ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланың балалар үйіне баратыны не туысының тәрбиесінде қалатыны белгілі. Алайда Балалардың құқығын қорғау комитеті қамқорлықсыз қалатын балалардың саны азайғанын айтады.
«Қазір елімізде 23 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Оның тек 4 мыңы ғана балалар үйінде тұрады. Мұндай мекемелердің саны жылдан-жылға азайып келеді. Тек кейінгі 10 жылда жетім балаларға арналған 114 ұйым қысқарды. Ал жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 96 ұйым жұмыс істейді. Кейінгі 10 жылда осы ұйымдардың тәрбиеленушілерінің және жалпы жетім балалардың контингенті 10 мыңға қысқарды»,– дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина.
Бала құқығы қалай бұзылады?
Жоғарыда балалардың неге құқылы екенін жаздық. Ал олардың құқығы бұзылғанда құзырлы органдарға хабарласу міндет. Мәселен, 2020 жылы бала құқықтары жөніндегі уәкіл атына 403 өтініш келіп түскен. Оларды қылмыстық іс жүргізу, алимент, білім, қорғаншылық және қамқоршылық, сексуалды зорлық және тағы басқа мәселелер алаңдатқан.
Мысалы, аталған уәкілдікке Орал қаласының тұрғыны мектеп әкімшілігінің оқушылар арасындағы жанжалды шешуге әрекетсіздік танытып отырғаны туралы шағым түскен. Нәтижесінде, оның немересі буллингтен (әлеуметтік желілердегі қудалау) зардап шеккен. Уәкілдің заңгерлері дереу қалалық білім бөліміне сауал жолдаған. Нәтижесінде, Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағына сәйкес орта мектеп директорының міндетін атқарушыға ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылған. Ата-аналармен кәмелетке толмағандар арасында жанжалды жағдайлардың және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерді үнемі бақылау қажеті жайлы түсіндірме жұмыстары жүрген.
Осыған ұқсас оқиға Шымкент қаласында болған. Сыныптастарының қудалауы мен жоғары сынып оқушыларының ақша бопсалауы салдарынан гимназия оқушысы өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл жағдай бойынша Шымкент қаласының Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті тексеру жүргізіп, оның барысында барлық факті расталды. Сонымен қатар мектеп мұғалімінің сабақ кезінде оқушыларды үнемі кемсітетіні, бағаларды төмендететіні, құжаттардың есебін жүргізу және есеп беру тәртібін бұзғаны анықталды. Нәтижесінде, гимназия директоры «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 409-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған бұзушылықтарды міндетті түрде жою туралы бұйрық шығарылды.
Одан бөлек Түркістан облысында бауыр трансплантациясы жасалған бала жергілікті емханада валганцикловир препаратының болмауына байланысты өте ауыр жағдайға тап болған. Бұл препаратты бала күнделікті қабылдауы қажет еді. Тығырықтан шығатын жол іздеген ана балалар омбудсменіне жүгінген. Сөйтіп, облыстық Денсаулық сақтау басқармасына өтініш жасап, балаға қажетті дәрі үш күн ішінде жеткізілді.
Осындай мысалдарға қарап-ақ Аружан Саин өңір-өңірдегі жағдаймен жақын танысқан. Уәкілдік ұсынған мәліметте мемлекет кепілдендірілген әлеуметтік көмекті уақытында ала алмай өтініш жазған ата-аналардың аз ғана бөлігі көрсетілген. Әсіресе, төтенше жағдай кезінде мұндай отбасыларды қадағаламау Әлеуметтік қызметтер мен Денсаулық сақтау басқармаларының немқұрайдылығы мен біліктілігінің төмен екенін көрсеткен. Осылайша, олар өтініштерді толық қарап, елдегі бала құқығын бағамдаған.
«Биыл 113 өтініш түсті. Классификацияға бөлсек, қылмыстық іс жүргізу, білім, сот ісі, қорғаншылық және қамқоршылық, тұрғын үйге қатысты сұрақтар, дәрі-дәрмекпен қамту, алимент сияқты мәселелер бар. Мемлекет пен денсаулық сақтау саласы балаларға туыла салысымен көңіл бөлуі керек. Скринингтен өткізу арқылы аурудың алдын алуға болатыны баршаға мәлім. Елімізде ДЦП, көз ауруы сияқты диазнозы бар балалар жеткілікті. Мүмкіндігі шектеулі балалардың мүмкіндігін шектемеу үшін жүйелі жұмыс істеу керек. Олардың сапалы, талапқа сай білім алуы маңызды. Мәселен, өңірлерде үйірме жоқ. Балаларды қорғау күнін бір ғана концерттік бағдарламамен атап өтудің қажеті жоқ. Төлеген салықтың әрбір тиыны жетер жеріне жетіп, тиімді пайдаланғанын қалаймын. Билік жүйелі жұмыс істеуі керек. Балаларға бақытты балалық пен болашақ сыйлау – ата-ана мен мемлекеттің міндеті», – деді Аружан Саин брифингте.
Қазір балалар мен жасөсіпірімдердің жол-көлік апаты жиі тіркеледі. Мысалы, кейінгі 4 айдың ішінде 18 жасқа дейінгі 400-ден астам бала көз жұмған. Көбіне өңірлерде жаяу жүргіншілер жолағы, бағдаршам жайы мәселе болып отыр. Той тойлауға ақша бөлетін әкімдіктер бағдаршам орнатуға келгенде қаржы таба алмай дал. Осы сұрақты қалай шешу керегін Балалар құқықтарын қорғау комитетіне қойғанда «халықаралық тәжірибеде қолы бос ата-аналар баласының жүріс-тұрысын өзі қадағалайды. Жолдан өту кезінде ата-аналар қауымдастығы көмектеседі» деген сарында жауап бергені бар. Байқағанымыз, сауалға жауапты орган өкілдері де нақты жауап бере алмай отыр. Әрине, олар ұсынысын депутаттар арқылы билікке жеткізуге тырысатыны хақ. Бірақ ақша бөлу мәселесіне келгенде сиырқұйымшақтанып кететіні рас. Баланың басты құқығы қауіп-қатерсіз өмір сүру емес пе? Ал осы үшін барлық өңірде жағдай жасалған ба?
Айбике ЖАНАСЫЛ