Бала құқы – болашақ хақы
Бала құқы – болашақ хақы
484
оқылды

Баланың бал күлкісін көргеннен асқан бақыт бар ма? Олар біздің болашағымыз, еліміздің келешегі. Ендеше олардың жазатайым жағдайға ұрынып қалмай аман-есен ержеткеніне, жоғары дәрежеде білім алып, денсаулығы мықты болып, түрлі үйірмеде өзін-өзі дамытқанына, ал ең бастысы құ­­­қығының бұзылмағанына және ар-намысының тап­тал­­­ма­ғанына бәріміз де жауаптымыз. Бұл – мемлекеттің ең бірінші кезектегі міндеті. Өркениетті қоғамның бір белгісі осы болса керек. Бұл жұмыстардың еліміз тәуелсіздік алған 30 жылда жоғары дәрежеде жүргізіліп келе жатқанын атай кету керек. Қазақстан егемендік таңынан-ақ бала құқығын қорғаудың ұлттық моделін құра білді.

Бала саны артып келеді

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бер­гі уақытта бала құқығына қа­­тысты 15 халықаралық құжатты ратификациялаған екен. Олардың ең негізгілері – 1959 жылғы Бала құқы туралы декларация, 1989 жылғы БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясы және 1990 жылғы Балалардың өмір сүруін, қорғалуын және дамуын қамта­­­­масыз ету туралы Бүкіләлемдік декларация. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бала құқығы туралы» конвенциясына қосыл­­ғаннан бастап бала құқығын қорғау жұмысына баса назар аударып, күш салып жұмыс істеп келеді. Елбасымыз бағдарламалық құжат­тарда мемлекеттік саясаттың маңыз­­ды бағыттарының бірі ре­тінде балалардың құқығының қор­­ғалуын белгіледі. БҰҰ-ның Ба­лалардың құқықтары жөніндегі комитеті ұсынымдарына сәйкес 2006 жылы балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган – Бала­­лардың құқықтарын қорғау коми­теті құрылды. Ал балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйе­­сін жетілдіру мақсатында Қа­зақстан Президентінің 2016 жылғы 10 ақпандағы Жарлығымен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл (БҚУ) институты құрылды. Елбасының бұл шешімі Қазақстандағы бала­­лардың құқығын нығайтуға және жүзеге асыруға қосылған маңызды үлес болды. БҚУ институты құ­рыл­ғаннан бастап қысқа мерзім ішінде республикада балалардың құқығын қорғаудың ұлттық жүйе­сін дамытудың белгілі бір орталығы қалыптасқанын мойындау керек. Бүгінде бұл институтқа Аружан Саин басшылық етеді. 2020 жылғы соңғы мәлімет бойын­ша бүгінде елімізде 6,1 млн-нан астам бала бар екен. Яғни, бұл Қазақстандағы халық санының 3/1-ін 17 жасқа дейінгі балалар құ­­­рай­ды деген сөз. Бұл осыдан бес жыл бұрынғымен салыстырғанда 20%-ға артық. Соның ішінде 3,5 мил­­лионы оқушылар болса 2,6 миллионы – мектеп жасына дейінгі балалар. Олардың 894 мың­­нан астамы балабақшалар мен миниорталықтарға барады. Осы алты миллион баланың денсау­лығын сақтап, білім беріп, бос уа­­қытын тиімді өткізіп, әлеуметтік қолдап, құқығын қорғау, заңмен шатылғандарына жеңілдік жасап, жасөспірімдерінің жұмыс істеп, та­быс табуына жағдай туғызу – мемлекеттің міндеті. Демогра­фиялық ахуал бойынша 2000 жыл­дан бері елімізде бала туу көрсет­кіші жылына 400 мың нәрестеге дейін өскен екен. Яғни, 20 жылда 1,4 есеге артқан. Бұл тұста Маңғыс­тау, Түркістан және Атырау облыс­тары көш бастап тұр. Ал 1990 жыл­дан бергі кезеңде Қазақстанда ана мен бала өлімі 3 есе­­­ге кеміп, йод жетіспеушілігі себебінен бо­латын аурулар толы­ғымен жойыл­ған. Сонымен қатар еліміз АИТВ мен ЖИТС ауруларының анадан балаға берілуін толықтай дерлік жоя алды. 2008 жылдан бері Қа­зақстан бала туудың халық­­­ара­лық кри­терийіне өтіп, перина­­талдық орталықтар құрылуына сәйкес елімізде нәрестелердің өлімін азай­­туда үлкен ілгері­леу­шілікке қол жеткізді. Тіпті, нео­наталды өлім-жітім 50%-дан астам көр­сеткішке дейін қысқарды. Әйтсе де, сәби өлімі Қазақстанда әлі де болса өзекті болып отыр. Ай­мақ­тарда перинатальды және неона­тальды күтім мен туғаннан ауру болған нәрестелердің күтімі тура­лы бағдарламалар сон­шалықты тиімді жұмыс істеп тұр­ған жоқ. Бұл тұрғыда ЮНИСЕФ қоры жаңа ту­ған нәрестенің бастапқы даму ке­зеңін қолдау мақсатында меди­цина қызметкерлерінің машығы мен біліктілігін арттыру үшін тех­никалық көмек көрсетуде.

Омбудсмен – ұлттық жүйені жетілдіруші

Елімізде балалар құқығы ту­ралы уәкіл жайлы 2002 жылдан-ақ айтыла бастаған болатын. БҰҰ комитетінің ұсынысымен бұл ұғым «Бала құқы туралы» заңға енгізіл­­­ген еді. Ал одан соң 2016 жылы оның нақты өкілеттігі бекітілді. Ба­­лалар құқығын қорғаушысының маңызды өкілеттігінің бірі - оның мемлекеттік және жергілікті ат­қа­рушы органдардың қызметіне ық­пал ету құқығы. Омбудсмен ин­ституты еліміздегі балалардың құ­қығын қорғаудың ұлттық жүйе­сін жетілдіре алды. Әйтсе де, бала­лардың құқығын қорғаудың ұлт­тық жүйесінің әлі де пысықтауға жататын тұстары баршылық. Мә­­се­лен, бүгінде елімізде «Ом­будс­мен туралы» заңды қабылдау қа­жеттілігі туындап отыр. Таяуда Президент Қасым-Жомарт То­­қаев­­­тың қабылдауында болға­­­нында Аружан Саин көптеген мә­­селе көтерді. Кездесу барысында уәкіл институтын «Омбудсмен туралы» заң қабылдау арқылы және мемлекеттегі құқық қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру тұрғысынан қолдау мәселесі тал­­қыланған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқығын қорғаудың аса маңызды екенін айта келе көтерілген мәселе бойын­­­­­ша бірқатар тапсырма беріп, мұны әрқашан жіті ба­қылауында ұстайтынын айтты. Президент барлық баланың құ­қығын қамта­­­масыз ету жөніндегі мемлекет міндеттемелерінің сөзсіз орын­­­­далуы, балалардың мұқ­­таждығы үшін бөлінген бюджет қаржысы олардың нақты қажет­тілігіне жұм­салуы тиіс екенін жеткізді. Мем­­лекет басшысы ба­лалардың құ­қығына қатысты заңбұзу­шы­лықтарға алып келетін кез келген қиянатты іс-әрекеттің жолы ке­сіліп, кінәлілер жазалануы керек деп санайды. Қазақстан заңнамасына сәй­кес, балалар құқы уәкілінің қыз­меті қоғамдық бастама негізін­­де жүзеге асырылады. Яғни, онда еш­қандай да штат немесе еңбекақы мәселесі қарастырылмаған. Ал шындығында, қыруар жұмыс ат­қарылып жатқанын ескерсек, бұл жұмысты жүргізу үшін омбудс­менге әділет, заң, медицина, эко­номика, педагогика, спорт, мәде­ниет сынды түрлі саладағы сарап­шылар аппараты, ұйымдас­тыру жұмыстарын жүзеге асыратын ма­териалдық-техникалық база керек. Бүгінде бұл қызметті Ару­жан Саин өзінің «ДОМ» қайырым­дылық қорының көмегі­мен жүзеге асырып отыр. Оның сыртында түрлі саладағы волонтерлер кө­мектесуде. Сондықтан да оның мақ­саты бұл лауазымға келетін ке­лесі омбудсменге заңмен бе­кітілген, тиімді жұмыс жүргізе алатын команда қалдырып кет­пекші. Президентпен кездесуде Ару­жан Саин балалар арасындағы мүгедектік деңгейін төмендетуге бағытталған Мүмкіндігі шектеулі балалардың тұрмыс сапасын арт­тыру жөніндегі Жол картасы­ның орындалуы жайында айтып, талма, орфандық және басқа да ауруларға шалдыққан балаларды дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етуге бай­­ланысты бірқатар шешілмеген проблема барын жеткізді. Балалар омбудсмені 2020 жылғы 30 жел­тоқсанда Президент қол қойған заңның күшіне енуіне байланысты қалыптасқан ахуал жайында сөз етті. Аталған заң мемлекеттік шы­ғармашылық және спорттық тап­сырыстар туралы түсінікті заңна­малық тұрғыдан бекітіп, шығар­машылық үйірмелер мен спорт секцияларына қатысатын бала­ларды барынша қамту үшін жан басына шаққандағы қар­жылан­дыруды көздейді. Бұл ретте Ару­жан Саин мемлекеттік тапсы­рысты орын­дау үшін әкімдіктер бөлген бюджет қаржысының аз екеніне алаңдаушылық білдірді. Бала құ­қық­тары жөніндегі уәкіл Пре­зидентке денсаулық сақтау, әлеу­меттік қорғау және білім беру жүйе­леріндегі мекемелерде, оның ішінде интернатта, балалар үйінде және мамандандырылған интер­наттарда білім алатын балалардың құқығын қорғауға бағытталған бірқатар ұсынысты айтты. Сондай-ақ балалар құқығын қорғауға бай­ланысты заң­бұ­зушылықтар анық­талғанын атап өтті.

Нұрлан ҚОСАЙ