Соңғы жылдары Алаш тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар өте көп. Олардың осы тақырыпта жариялап жатқан жаңалықтары да көп. Сондай ғалымдардың бірі – филолог Айбек Нәби алашордашылардың шетел классиктерінен аударған, еш жерде жарияланбаған тың туындыларын тапқан екен. Қазір бұл еңбектер жинақталып, зерделеніп жатыр. Бұл аудармалардың ерекшелігі неде? Біздің ғалымнан білгіміз келгені де осы.
– Айбек мырза, ел-жұрттың көзі түспеген жауһарларды қайдан тауып алдыңыз? – «Отбасы хрестоматиясы» сериясын баспаға даярлау барысында қажетті материалдар іздеп архивтерге түскенде, латын қарпімен жазылған кітапшаларды көрдік. Мұны Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорынан көргенмін, дегенмен жұмыс істеуге қолайлы болу үшін еліміздегі сирек кітаптар орналасқан Kazneb порталының цифрлы қорынан алдық. Қарасақ, шет тіліндегі әдеби кітаптардың қазақша аудармасы. Авторы «Сәлкен», «Ысқақ», «Рақым», «Ғ.Себепов» сынды лақап атпен берілген. 2020 жылы карантин кезінде жұрттың көбі үйге қамалып, бос отырды. Жалпы, осындай дүниелер шығарып жүрген соң бізге волонтерлер көп хабарласады. Қолынан келгенше көмек беріп, мәнді бір іспен айналысқысы келеді. Сондай бір кезде Динара Сұлтанқызы есімді қыз телефон соғып, көмек қолын созды. Есіме баяғы архивте көрген кітаптар түсті. «Жан Кристоф» деген бір кітапты кирилл әрпіне түсіріп беруге өтініш жасадық. Екі күн болмай әлгі қыз кітапты дайындады. Оқып шыққанда, таңғалдық. Тілі өте шұрайлы. ХХ ғасырдың басындағы қаймағы бұзылмаған қазақ тілі. Кітаптың кейіпкерлерінің орнына құдды бір қазақтың би-шешендері сөйлеп жатқандай. Осылайша, бұл процесс жалғасып кетті. Карантин кезін пайдаланып, 40-50 кітапты редакциялап, баспаға дайындап қойдық. Бірақ мақсат үлкен болғанымен, көп нәрсе қаржыға тіреледі емес пе? Шама жеткенше, 11 кітап шығарып үлгердік. – Бұл қашан жарық көрген кітаптар? Қайда басылған? Кімнің демеушілігімен жарыққа шыққан? Оның Алаш ардақтыларының еңбегі екенін қайдан білдіңіздер? – Бұл кітаптар 1935-1940 жылдар аралығында жарық көрген. Алғашқысы төте жазумен шықса, кейінгісі латынмен басылған. 1940 жылы біз кирилл альфавитіне ауысқанда бұл кітаптар бірте-бірте ысырылып, архивтің түбінде қалып қойған. Біздің есебімізше, шамасы 200-ден астам дәл осындай кітап бар. Енді бұл кітаптарды кім шығарды дегенге келсек, оның тарихы былай. 1922 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханұлы Мәскеуге «культурный ссылкаға» жіберіледі. Алашорда үкіметі тарайды. Әлиханның саяси іспен айналысуына тыйым салып, күні-түні бақылауда отырады. Яғни, мырзақамақта болады. Тек бір ғана ағартушылықпен айналысуына рұқсат етіледі. Сөйтіп, «Интернационал» баспа үйіне қызметке тұрады. Сол жерден қазақ бөлімін ашады. Бұл баспа орны негізінен әр тілде әртүрлі кітап шығарумен айналысады. Әлихан сонда келген соң жанына Мағжанды алады. Сөйтіп, екеуі шет тілінен аударылатын кітаптың тізімін жасайды. Сосын ол кітаптарды сатып алып, Қазақстандағы бұрынғы Алаш зиялыларына жолдайды. Олар шет әдебиеттерін қазақшаға аударады. Шамасы, «Қазақ көркем әдебиет» баспасынан шыққан болуы керек. Оны қайдан білдің дейсің ғой?! Алаш зиялысы А.Байтасовтың Жүсіпбек Аймауытовқа жазған хаты бар. Сонда «Қазір Әлихан мен Мағжан «Восиздатта» жұмыс істейді. Соларға хабарласып, аударуға кітап аларсың. Мектеп балалары оқитын әдебиет кітаптарын қазақшаға аудару керек деп жүрген. Қаласаң қазірден бастап аударуға кітап сұрауың керек», – дейді. Көрдіңіз бе, осылайша Алаш зиялылары Әлиханнан аударуға кітап алып тұрған. Тағы бір мысал, Абайдың баласы Тұрағұлға Джек Лондонның кітабын жібереді. Ол Лондонның «Мартин Иден», «Киш туралы аңыз» деген кітаптарын қазақшаға аударады. Бірақ өз атын көрсетпей, «Рақым» деген лақап ат қолданады. – Аударманың тілі, ерекшелігі туралы не айтасыз? – Аударманың тілін жоғарыда бір айтып өттім. Еркін аударма әдісін қолданған. Немесе нәзира дәстүрі деп айтса да болады. Нәзира дәстүрін мынадай мысалмен түсіндірсе болады. Мәселен, Фердауси «Шахнаманы» жазып шығады. Оны Тұрмағамбет Ізтілеуов сөзбе-сөз аудармайды, бір оқып алып, өз түсінігімен жазып шығады. Сол сияқты Тұрағұл да Джек Лондонның шығармаларын сөзбе-сөз аударып отырмайды. Бір оқып алады да, түсінігін қазақша жазып шығады. Оқығанда шетел әдебиеті деп ойламайсың. Қазақтың туындысы сияқты. – Өте игілікті іс жасап отырсыздар. Енді осы істе мемлекет тарапынан қандайда бір көмек көрсетіліп отыр ма? – Енді кітапты шығаруға келсек, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген жоқ. Бірнеше лауазымды шенеунікке апарып көрсеттік. Көбі «Алаш» деген аттан қорқады. Осы үрей батыл шешім қабылдауға мұрсат бермеді. Сондықтан жеке азаматтардың қолдауымен шығарып жатырмыз. Кітаптардың сапасы ескірген болуы керек. Мен сирек кездесетін кітаптар қорынан көргенде көбі тозған. Сондықтан оларды цифрлап, kazneb порталына орналастырған. Біз сол жерден алып, пайдаланып жатырмыз. – Алдағы жоспарларыңыз қандай? – Әзірге баспаға дайын тұрған 40-50 кітапты басып шығарамыз. Сосын архивте жатқан қалған кітаптарды редакциялауға, яғни латыннан кирилл әрпіне түсіруге кірісеміз. Елдегі кітапханаларға да прайс-листін жіберіп көрдік. Мүмкін, мемлекеттік тапсырыспен алар деп ойлағанбыз. Кейбіреулері алды. Ал енді біреулері келер жылы жоспарға енгіземіз деп жатыр. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Дәулет АСАУ