Түркістанда көне түркі тіліне аударылған Құран Кәрімнің тұсаукесері өтті
Түркістанда көне түркі тіліне аударылған Құран Кәрімнің тұсаукесері өтті
387
оқылды

Атап айтқанда, Халықаралық Түркі академиясы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бірлесіп ұйымдастырған «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты халықаралық конференциясында Ясауи дәуірінде, қастерлі Түркістан топырағында бұдан мың жыл бұрын алғашқы түркі тіліне аударылған қасиетті «Құран Кәрім» кітабының салтанатты тұсаукесері өтті.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  Мәдениет сарайында өткен алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары Өмер Кожаман, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Ержан Мұқашев, Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Риза Акынджы, «Білге Түрік» мәдениет қорының басқарма төрағасы, экс-губернатор Гунгөр Азим Туна, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов және зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар қатысты.    width= Конференцияға қатысушылар алдымен Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы барып, тағзым етті. Оқу ордасының қабырғасында басталған алқалы жиынды ашып, жүргізген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі түркі мемлекеттерінің рухани астанасы атанған Түркістан тарихының маңыздылығы мен ерекшеліктерін атап өтті. «Түркі интеграциясының архитекторы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев стратегиялық тұрғыдан  киелі Түркістанды түлетуге  ұдайы назар аударып келді. Елбасының  қолдауымен бой көтерген жаңа астана Нұр-Сұлтан қаласы еліміздің саяси орталығы болса, Елбасының дем беруімен жаңғырып түлеген Түркістан шаһары бауырластықтың бекем бірлігіне арналған еңселі ескерткіш деуге болады. Елбасы Түркістанды түлету үшін тағдыршешті бетбұрыс, іргелі реформа жасады, Түркістанға алдымен киелі тайқазанды қайтарып, бабалар алдындағы аманат парызын абыроймен орындады. Сол сияқты, Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде тойлатып, Дүниежүзі Қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізді, түркі бірлігінің өткеніне ғана емес болашағына темірқазық рәміз етіп Түркістан облысын ашты», – деді.    width= Түркістанды түлету халықаралық аренада көрініс табатын жемісті оқиғаға айналғанын және «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жарияланған Түркістан шаһарында барша түркінің рухани діңгегі Әзіреті Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен аяулы хандарымыз бен данагөй билеріміз мәңгілікке  тыным тапқанын жеткізді. Халықаралық конференция шаралары Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған бірегей басылым – біздің заманымызға жеткен Құран аудармасының ең көне әрі толық нұсқасы болып саналатын кітаптың тұсаукесерімен басталды.    width= «Бүгін, міне осы Ясауи дәуірінде, қастерлі Түркістан топырағында бұдан 1000 жыл бұрын түркі тіліне аударылған қасиетті «Құран Кәрім» кітабының салтанатты тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Президенті Тайып Режеп Ердоғанның алғы сөзімен жарық көрген бұл қасиетті Құран Кәрімнің басылуына ықпал жасап, септескен түркі мемлекеттерінің басшылары шарамызға қолдау білдіріп отыр. Түркістанның ислам өркениетінің ежелгі алтын бесігі екеніне тағы бір мәрте айғақ боларлық айтулы шараға түркі дүниесінің көрнекті тұлғалары, қанаттас ұйым басшылары, бауырлас елдердің дипломаттары қатысуда. Сансыз баптардың ілімі гүлдеген өлкеде, түркістандық, сайрамдық хафиз ғұламалардың қатысуымен қарахан дәуірінде қасиетті Құран-кәрім тәржімаланған. Бұл 1000 жылдық Құранның қайтадан жарық көруі – Түркістанның рухани астана болып жаңғыруына тұспа-тұс келуі жақсылықтың нышаны», – деді Дархан Қуандықұлы. Мыңжылдық көне қазына, орта ғасырдағы түркі тілінде жарияланған Құран Кәрімнің Түркістан нұсқасы болып табылатын кітабтың тұсауын ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов пен «Білге Түрік мәдениет қоры» басқарма басшысы, экс-губернатор Туна Гүнгөр Азим мырза кесті. Тұсауы кесілген кітаптың екі данасы облыс орталығында бой көтерген жаңа кітапхана мен университет кітапханасына тарту ретінде облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен Ахмет Ясауи университетінің ректоры Жанар Темірбековаға табысталды. Айта кету керек, бұл қолжазба Ыстамбұл қаласындағы Түрік және Ислам өнері музейінде сақтаулы тұр. Түркістан топырағында туып, жетілген ғұламалар сусындаған мыңжылдық мұра осылайша түркология, тіл дәне дін мәселелеріне қызығушылық танытатын ғалымдар мен ізденушілерге қолжетімді болып, толық факсимиле нұсқасында тұңғыш рет жарияланып отыр.

Басқосуда ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов: «Ежелден Түркістан түрік дүниясы үшін, түркі халықтары үшін рухани орталық болған. Қаланың қазір жаңа дәуірі басталды. 2017 жылы Түркістанды түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялаған болатын. Сол кезде түрлі мәдени шаралар мен әдеби конгресстер, конференциялар өткізген едік. Соңғы рет Түркістанға 2019 жылы келген болатынмын. Осы екі жылда сонша өзгергеніне таңқалып жатырмын. Түбі бір түркі жастары білім алып жатқан университеттің түркі әлеміне қатысты іс-шараларын жан-жақтан қолдауымыз керек», – деді.

Сөз алған университет ректоры Жанар Темірбекова өтіп жатқан шараның маңызды екенін алға тартып және мың жыл бұрын түркі тіліне аударылып, жалпы ислам мәдениетінің, ислам дінінің таралуына үлкен ықпал жасаған керемет кітапты тарту еткені үшін алғысын білдірді.    width= «Ғалымдардың ұсынысы бойынша университетімізде осы жылы «Теология» факультетін ашқалы отырмыз. Факультетте Ясауи бабамыздың мирас болып қалған ілімі мен ғылым түсінігі негіз болады. Дін социологиясы, дін философиясы, ислам өнері сынды өкінішке орай мән берілмей келген маңызды салаларды да ғылым назарын аудартып, осы саланы зерттейтін ғылыми тұлғалаларды қалыптастыру факультеттің миссиясы болады. Университет ғалымдарының үлкен жобалары бар. Осы бағыт бойынша осында жиналып отырған ұйымдармен бірлесе отырып іс-шаралар өткізетін боламыз деп сенемін», – деді Жанар Амагелдіқызы. Келелі кеңеске қатысушылар Елбасы бастамасымен қайта түлеген Түркістан және оның түркі әлеміндегі маңызы туралы ойларын ортаға салып, бауырлас елдердің бірлігі жайында пайымды пікірлерімен бөлісті. «Түркістан мемлекетіміздің алтын бесігі, барлық түркі халықтары үшін қара шаңырақта осы айтулы шараның өтуі ерекше маңызы мен орны бар. Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен аударылып баспадан шыққан қасиетті кітаптың аяттарын дұрыс тәпсірлеу, жастарға діни бағытта дұрыс ақпарат беру. Сондай-ақ қазіргі кездегі диструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы тұруға өз септігін тигізетін құнды жәдігер, – деді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов. Шарада жаңа кітапқа атсалысқан «Білге Түрік» мәдениет қорының басқарма төрағасы Гунгөр Азим Тунаға, Ыстамбұл университетінің профессоры Емек Үшенмезге және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің докторанты Сайпулла Моллақанағатұлына Халықаралық Түркі академиясының Құрмет грамоталары табыс етілді. Басқосудан кейін мәртебелі меймандар барша түркінің төрі саналатын Түркістан қаласындағы тарихи орындарды аралап, жаңадан бой көтерген ғимараттармен танысты.

Тельман БЕЙСЕНОВ