Синоптиктер маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады
Синоптиктер маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады
200
оқылды
"Қазгидромет" РМК маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады. Маусымда Қазақстанның басым бөлігінде жоғары қысым ықпалымен және Иран аудандарынан жылы ауа массасының келуіне байланысты ауа температурасы көтерілуі мүмкін. Осылайша республиканың көп бөлігінде ауаның орташа айлық температурасы нормадан 1 градусқа жоғары, тек елдің батыс бөлігінде климаттық нормаға жақын болады деп болжанған.
"Айдың басында республиканың басым бөлігінде циклон әсерінен секундына 15-25 метрге дейін жел соғып, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Елдің оңтүстік өңірлерінде құмды дауыл болады деп болжанды. Қазақстанда батыс өңірлерге бағдарланған, кейін шығыс бағытқа ауысатын солтүстік циклон ауа температурасына әсер етеді. Бұл республиканың басқа өңіріне де салқын ауа массасын әкеледі. Осыған байланысты елдің солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа температурасының қысқа мерзімді төмендеуі болжанған, онда түнгі уақытта термометр +2...+ 10 градусқа дейін төмендейді, күндіз +12...+17 градусқа дейін көрсетеді. Кейін жылы ауа массасының келуіне байланысты күн жылиды деп болжанып отыр. Күндізгі уақытта ауа температурасы +25...+34 градусқа дейін ысиды", - дейді "Қазгидромет" РКМ синоптиктері.
Сондай-ақ, айдың бірінші онкүндігінде республиканың батысында ауа температурасы түнде +10...+17 градустан +15...+ 21 градусқа дейін, күндіз + 20...+25-тен +25...+32 градусқа дейін ауытқиды. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде түнгі уақытта ауа температурасының негізгі аясы +15...+ 25 градус, күндізгі уақытта +30...+40, таулар мен таулы аудандарда түнде + 10...+ 15, күндіз +25...+30 градус болады.
"Ай ішінде Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлеріндегі жылу толқыны кезінде күндізгі ауа температурасы +30...+38 градусқа дейін көтеріледі, жекелеген аудандарда + 42 градусқа дейін; елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында +35..+43 градусқа дейін, кейбір аудандарда +45 градусқа дейін көтеріледі", - деді синоптиктер.
Алайда "Қазгидромет" РМК мәліметі бойынша, Солтүстік Атлантика аудандарынан келетін суық ауа массасы әсерінен суық ауа райы орнауы мүмкін.
"Маусымда негізінен қысқа мерзімді жауын-шашын, секундына 15-20 метрге дейін екпінді жел, құмды дауыл күтіледі, бұршақ жаууы ықтимал. Жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде нормаға жуық, республиканың оңтүстік-батысында және орталық бөлігінде нормадан аз түседі. Елдің басым бөлігінде норма 25-49 миллиметр, елдің оңтүстік-батыс жартысында 4-24 миллиметр, Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен шығысының таулары мен таулы аудандарында 53-99 болады деп болжанып отыр", - деп хабарлады ведомство.
Синоптиктер бір айға арналған бұл хабарламаны консультативтік болжам ретінде пайдалану керек екенін айтады. Ол кейіннен синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетіледі және онкүндікке арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады.