Бүгін елімізде суға шомылу маусымы басталды. Алайда бұған дейін өзен-көлдерге ертерек түсіп, әртүрлі жағдайда суық суға батып кетіп, қаза тапқандар бар. Жұрттың бәрі қауіпсіздік ережелерін сақтап қарық қылмайды. Сондай-ақ қала, аудан орталықтары болмаса, сырт жақтарда демалушыларды қадағалап жүрген құтқарушылар да жоқ.
Маусымды ерте бастаудың салдары
Биыл жалпы 469 орында суға түсуге рұқсат етілген. Оның 118-і коммуналдық орын десек, 275-і ақылы жұмыс істейді. Ресми деректе қауіпсіздікті 48 жылжымалы құтқару бекеті мен 8 мыңнан астам адамның қамтамасыз ететіні көрсетілген. Сонымен қатар 500-ге жуық қызметкер кезекшілікке шығып тұрады екен. Медициналық көмек-көрсету орталықтары да іске қосылған. Суға шомылу маусымына алғашқы дайындықты Ақмола облысы бастаған болатын. Бұл өңір аумағында демалатын және балық аулайтын 754 су айдыны бар. «Бұл ретте Нұра мен Есіл өзендері – ең қауіпті су айдындары. Өткен жылдың суға шомылу маусымында облыстың су айдындарында біраз адам қайтыс болды. Барлық оқиға құтқару бөлімшелері жоқ, күзетілмейтін су айдындарында және жабдықталмаған суға шомылу орындарында тіркелді» делінген облыс әкімдігінің хабарламасында. Тек Есіл, Нұра өзендері ғана емес, басқа да су айдындарына шомылу маусымы ресми ашылмай тұрып түсіп жатқандар көп. Өзге өңірлерге тәуір тәртіппен үлгі болуы тиіс Нұр-Сұлтанның өзінде күн қатты ыстық болмаса да тұрғындар мас халде суға күмп етуге әуес. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин таяуда сөйтіп бір жігіттің көз жұмғанын мәлімдеді. «Бұл Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін өзекті мәселе. Жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен суға түсуге болатын орындар айқындалады. Акваторияның, жағалау жиегінің жай-күйін тексергеннен кейін санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер осы жер учаскелерін жағажайлар ретінде пайдалану құқығына рұқсат береді. Тиісінше, жүзуге болатын, болмайтын жерлерде шектеулер мен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін пост ұйымдастырылуы керек. Бұл – ең алдымен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы. Неге біз ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірге рейдтік іс-шаралар өткіземіз? Себебі өткен жылы шомылу маусымында 350 адам қайтыс болды. Оның 70-ке жуығы – бала», – деді ол. Ал ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, 25 мамырдағы жағдай бойынша елімізде 53 адам, оның ішінде 23 бала суға батып кеткен. Одан бөлек, 38 адам құтқарылса, оның төртеуі бала болған. Тіпті, Маңғыстау облысында суға шомылу маусымы ресми түрде мамырдың аяғына қарай ашылып қойған. Соның өзінде аптап ыстыққа шыдамаған тұрғындар Каспийге одан бұрын шомылып жүріпті. Өкінішке қарай, тыйым салынған аумақтарда 2 адам суға кеткен. Ал күні ызғар, суы суық болатын Павлодар облысының Маралды көлінде, керісінше шомылу маусымы 5 маусымда басталады. Қазір «Павлодар ӘКК» АҚ қызметкерлері жағажай аумағын қоқыстардан, барбекю алаңын құрғақ шөптен тазартып, тегістеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізінен, адам өлімі тұрғындары шомылуды ерте бастап кеткен Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Түркістан облыстарында тіркелген. «Осыған дейін 3 519 патрульдеу және рейдтер жүргізілді. Оған 8 796 қызметкер жұмылдырылып, нәтижесінде суға ерте шомылған 242 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов.Заңға былтыр да бағынбаппыз
2020 жылдың басынан бері еліміздің су айдындарында құтқарушылар 160 адамды, оның ішінде 35 баланы құтқарған. Ал 1 маусым-31 тамыз аралығындағы суға шомылу маусымында 140 адам, оның ішінде 27 бала құтқарылған. Сонымен қатар суға шомылу кезеңінің аяқталғанына дейін мас халде суға түсу, суға батқандарды құтқару, балалардың ересектердің қарауынсыз қалуы кезінде 239 адам қаза тапқан. Әсіресе, Алматы (35), Шығыс Қазақстан (31), Түркістан (23) облыстарында суға бату жағдайы көп тіркелген. Тек суға шомылу маусымының соңғы аптасында (24-31 тамыз аралығында) Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Шымкент қаласында 14 адам, оның ішінде 3 бала суға батып кетіпті. Жалпы, маусым ашылғаннан жабылғанға дейін 33 мың рейд және патрульдеу жүргізілген. Нәтижесінде, 6 355 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға ӘҚБтК-нің 440-бабы («Қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу») және 364-бабы («Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу») бойынша 14 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Рейд барысында су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары бойынша халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 499 564 мың үгіт-насихат парақшасы мен жадынамалар таратылыпты.Қауіпсіздікті ескерген маңызды
Таяуда «Балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Сол сәтте ТЖМ өкілі Бауыржан Сыздықов бүгінде Қазақстанда азаматтардың шомылуы мен демалуы үшін пайдаланатын 50 мыңнан астам су айдыны бар екенін жеткізді. «Осы жылы су акваторияларын қамтуды ұлғайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін су қоймаларының қауіпті және күзетілмейтін учаскелерінде шомылу маусымында қосымша 48 мобильді құтқару бекеті қойылатын болады», – дейді ол. Одан бөлек, министрліктің жедел-құтқару жасақтарында даярлықтан өткен 250 жасақ-құтқарушы есебінен 108 объектілік құтқару бекеті құрылған. Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, халыққа 70 мыңнан астам үгіт-насихат өнімі таратылып, су айдындарына 2 542 қауіпсіздік белгісі орнатылған. Сонда да әркімнің өзі үшін қауіпсіздік қағидаларын сақтап жүргені дұрыс. Мысалы, «Шомылуға тыйым салынады» белгілері орнатылған жерлерде шомылуға, жүзудің шекараларын белгілейтін қалқымалардың артында жүзуге, алкогольдік және есірткілік мас халде суға түсуге, тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде сүңгуге, жүзуге арналмаған заттармен жүзуге, қайықтардан, катерлерден, жартастардан, тастардан, парапеттерден, қоршаулардан және осы мақсаттарға бейімделмеген жерлерден суға секіруге, балаларға ересектердің қарауынсыз суға кіруге рұқсат етілмейтінін ескеру керек-ақ. Сонымен қатар дерматолог Ақмарал Жамбылова адам көп жиналатын жерлерде, оның ішінде ашық және жабық бассейнге түскенде балалар түгіл, ересектердің де түрлі инфекция жұқтырып алуы мүмкін екен айтып отыр. «Инфекция ауа, су, дене байланысы арқылы жұғады. Бассейн ашық болса, дене күнге күйіп, ыстық өтіп кету қаупі жоғары» деген ол, су жағасында зең аурулары көп кездесетінін де ескертті. «Екінші орында ішек инфекциялары тұр. Ол да зең сияқты су мен дене байланысы арқылы таралады. Сонымен қатар жедел респиратор вирус инфекциялары бар», – дейді дәрігер. Оның айтуынша, шомылып жүргенде су жұтуға болмайды. Себебі ішек инфекцияларын жұқтырып алу қаупі жоғары. Мысалы, А гепатиті қауіпті. Ең бастысы, дерматологиялық ауруға шалдыққан, ЖРВИ, ішек инфекцияларымен ауырып жүрген адамдар қоғамдық суға шомылатын орындарға мүлде бармай-ақ қойса да болады. «Себебі олар көп адамның денсаулығына қауіп төндіреді», – дейді маман.Еркеғали БЕЙСЕН