Суға кетіп қалмаңыз...
Суға кетіп қалмаңыз...
308
оқылды
Статистикаға жүгінсек, әлемде жыл сайын 250-300 мың адам суға кетеді екен. Ал олардың басым бөлігін жүзе білетіндер мен жас жеткіншектер құрайды. Елімізде де тілсіз жаудан өлім құшатындар өте көп. Мәселен, соңғы үш жылда Нұр-Сұлтан қаласында адам суға кетіп, қайтыс болыпты.  Осы жылдың алғашқы 4 айын­да елімізде 28 адам судан ажал құшқан. Оның 10-ы жасөспірім балалар. Әрі бұл суға шомылу маусымы басталмағандағы жағдай. Жыл басынан бері республика бойынша 18 балықшының суға бату оқиғасы тіркеліпті. Оның 5-еуі мұз астына түсіп кеткен. Әрине, мұндай оқыс оқиға­лардың дені қауіпсіздік ереже­лерін сақтамаудан болып отыр. Оның соңы осындай қайғылы жағдаймен аяқталатыны өкі­нішті. Құтқарушылар да жаға­жайға шомылуға келген адам­дар белгіленген аймақтан асып шомылатынын, көпшілігі шомы­луға тыйым салынған, қауіпсіздік шаралары сақталмаған орындарда суға түсуге әуес екенін жоққа шы­ғармайды. Олардың айтуынша, азаматтардың бейқамдығы мен салғырттығы қайғылы жағдай­ларға әкеп соқтырады екен. Төтенше жағдайлар комитеті еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жылы ауа райының басталуын, карантин режимінің жеңілдетілуін ескере отырып, азаматтарды су айдындарында болған кезде қауіпсіздік ере­же­лерін қатаң сақтауға ша­қырады. Әсіресе, арнайы жабдық­талмаған суға шо­мылу аймақ­тарында қауіп қашанда басым. – Суға түсу маусымы жақын­дап келеді. Сақтық шара­ла­рын сақтаңыздар. Демалыс орын­дарында ішімдікті шама­дан тыс пайдаланып суға түспеңіздер. Балық аулау кезінде міндетті түрде құтқару жилетін киген жөн. Балаларды қараусыз қал­дыр­маңыздар, оларды үй жанындағы каналдар мен арықтарға жібер­меңіздер, белгіленбеген орын­дарда суға шомылмаңыздар, ауладағы құдық пен хауыздардың бетін ашық қалдырмаңыздар. Қай кезде де сақтанып жүр­ген­деріңіз абзал, – дейді сала мамандары. Қазіргі таңда елімізде суға түсуге арналған 107 қалалық, 500 жеке жағажайлар бар. Суға түсуге тыйым салынған жерлерге 1 510 ескерту белгілері, адам өлімі болған жерлерге 378 көрнекі стенд орналастырылған. Сондай-ақ биыл елордада суға түсетін қосымша 10 орын ашылады. Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі елордада тексеру ко­миссиясының қорытындысы бойын­ша халық шомылатын 23 орын анықталғанын хабарлады. Оның 3-еуіне рұқсат етілген (орталық жағажай, «Үш мөңке» және «Астаналық аула» демалыс аймақтары), ал 20 орын – тыйым салынған жерлер екен. Сонымен қатар 10 учаскеде қалалық тегін жағажайлар (Алматы-3, Бай­қоңыр-1, Есіл-3, Сарыарқа-3) қо­сымша ашуды қарастыру ұсы­нылады. – Суға шомылу кезеңіне дайындықты күшейтіп жатырмыз. Соңғы үш жылда Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 43 адам суға кетіп, қайтыс болған. Оның әрбір үшіншісі – 9-15 жас аралығындағы бала. Соңғы үш жылда 50 адамды суға кетіп қалудан сақтап қалдық, оның ішінде 14-і – бала. Қазір қалалық әкімдікпен бірлесіп суға түсетін жерлердің бәрін тексеріп, қарап шықтық, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар комитетінің бастығы, полковник Бауыржан Сыздықов. Ол сонымен қатар Есіл өзенінде барлығы 90 тыйым салатын белгі, 20 ақпараттық стенд, 20 жүзгіш қалтқы орнатылғанын айтып отыр. Суға шомылу кезеңінде күн­делікті патрульдеуге жеке құрамның 20 адамы, 14 қайық пен 1 су гидроциклі, сондай-ақ қо­ғам­дық құтқарушылар қатарынан 30 адам және қала әкімдігінің Азаматтық қорғаныс орталығын қамтамасыз ету орталығынан 15 адам қатысатыны да белгілі болды. Өткен жылы ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер төтенше жағ­дайға байланысты мынандай мәлімдеме жасаған екен. – Елде балық аулауға, шаруа­шылыққа және шомылуға қол­данылатын 50 мың су қоймасы бар. Ал барлық өңірлердегі құт­қарушылардың саны – 1 380. Олардың саны бір су қоймасына 1 құтқарушыдан қоюға да жет­пейді. Жыл сайын Қазақстанда 1 200-1 400 адамға суға бату қаупі төнеді, олардың тек 800-900-ін ғана құтқаруға мүмкіндік бар. Трагедия, негізінен судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан болады, – депті комитет төрағасы. Расымен кез келген апатты жағдайдың алдын алуға, сақтық шараларын қатаң түрде сақтау арқылы қол жеткізуге болады. Әрі қауіпсіздік шаралары түрлі қауіп-қатерлердің алдын алатынын есте ұстаған жөн. Сондықтан сақ жүрейік. Сақтанғанды Құдай да сақтайды.  

 width=Абылайхан ЖҰМАШ