Ауыл шаруашылығына цифрландыру жетті ме?
Ауыл шаруашылығына цифрландыру жетті ме?
432
оқылды

Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ауыл шаруа­шылығы­ның рөлі қаншалықты зор болса, агроөнеркәсіптік кешенге заманауи технологияларды енгізу осы қауіпсіздікті нығайта түсу жо­лындағы соншалықты шешуші қа­дам болмақ. Ал бұл дегеніміз – эко­номикалық егемендіктің алғы­шартын бекіте түсері сөзсіз. Цифр­лық трансформация бұл саладағы көптеген процестер­ді оңтайлан­дырып, бірқатар проб­лема­ның шешімін табуға көмектесетін болады. Солардың ішіндегі ең маңыз­дысы – су тапшылығын жою, тұқым қо­рын жетілдіру, зиянкестермен және жәндіктермен күресу, метео бол­жамдардың дәлдігі, нақты цикл­дық режимге сүйенген орын­дау­шылық жұмыс тәртібін қалыптастыру және тағы басқалар. 

Жер жырту ғарыштан басқарылмақ

Қазіргі уақытта Қазақстанның аграр­лық секторына арналған жердің жалпы аумағы – 222,6 млн га. Оның ішінде 24 млн га (10,8 %) – егістік, 5 млн га (2,2 %) – шабындық, 189 млн га (85 %) жайылымдық жерді алып жатыр. Елімізде ауыл шаруа­шылығының дамуы əәр аймақтарда əәртүрлі деңгейде. Бұл бірінші кезекте ауа райын­дағы ерекшеліктерге байланысты. Әсіресе, егіншілік саласы қатал климатқа сәйкес эко­номиканың қауіп-қатері жоғары санатына жатады. Сондықтан да Қазақстан «жерді дәлме-дәл пайдалану технология­сына» көшуі қажет. Ал ол тек қана цифр­ландыру нәтижесінде мүмкін болмақ. Ол дегеніміз – GPS-навигация мен дрон­дарды және электронды карталарды жап­пай пайдалану деген сөз. Мәселен, дәстүрлі жер пайдалануда сараптама жасауға 75 гектар аумақтан бір-ақ рет топырақ алынатын болса, «дәлме-дәл» тәсілде әрбір гектар жердің топырағы зерттеуге алынады. Сөйтіп, алқаптың жағдайына дәлме-дәл баға беріледі. Оған қанша көлемде және қандай тыңайтқыш қосу қажеттігі және қандай тәсілмен өңдеу керектігі анықтала­ды. Егілетін дақылдардың қолайлы өсуіне жағдай жасалады. Мұнда көптеген жұ­мыс жасанды интеллекттің көмегімен жүр­гізілетіндіктен, адамның қатысуы аз болады. Әрі компьютер бір мезгілде өте көп ақпаратты өңдейтіндіктен көп уақыт алмайды. Бүгінгі таңда еліміз пилотты жобалардың жемісін көріп отыр деуге болады. Оның аясында Қазақстанның 9 шаруа қожалығы осы «дәлме дәл» тәсілді енгізіп, жаңа технологиямен жақсы өнім алып отыр. Бұл туралы министр Сапархан Омаровтың өзі хабарлаған болатын. Цифр­лан­дырудың алғашқы кезеңінде егіншілер мүлтіксіз жер жыртудың арқасында 2,5 есе артық астық алған. Ал шы­ғын­дары 20%-дан көп көлемде қыс­қарған. Одан бөлек, жоба аясында «техниканы айдаудың параллельді жүйесі» енгізілуде. GPS арқылы дәлме дәл  треакториямен жер жыртқан егіншілер, одан кейін дән егуде де дәл осылай жаңылмай сеуіп шығады. Ал ең жауапты кезең – егін орағы кезінде де бұл жүйенің берер пайдасы шаш-етектен. Ғарыштан спутниктік байланыспен басқарылған техникалармен егінді егуде де, жинауда да басы артық бос жер қалып қоймайды. Сарапшылар жерді игерудің мұндай мүлтіксіз технологиясының болашағы зор деп бағалауда. Өйткені «параллельді айдау жүйесі» шетелдерде үлкен тиімділігін дәлелдеп отыр. Онда белгілі бір алқаптан алынатын өнім көлемі он есеге дейін өскен деректер бар екен. Технологияның эво­люция­лық ұшар шыңына шыққан кезде олардың өзіндік құны өте арзан болып қалады да, әрбір ауылшаруашылық нысаны туралы, оның айналасындағы аумақ пен егін салу циклы туралы ақпарат компью­терде тұрмақ. Ал әрбір жүзеге асырылатын алгоритм математикалық дәлдікпен есептеліп, өнім алу нәтижесі де алдын ала анықталып отырмақ. Бұл тұста өзгеріс тек материалдық-технологиялық базаны ғана қамтып қоймай, кадр саясатына да бет­бұрыстар әкелмек. Агроөнеркәсіп кеше­нінде Big Data, DataScience, математика, аналитика, робототехника, жасанды интеллект саласында мамандар пайда бола бастайды. Осылайша бүгінде аграрилер алдында үлкен белестер тұр деуге болады. Өйткені енді кәсіби агроном немесе меха­низатор болу аздық етпек. Жерді мүлтіксіз пайдалану жаңа технологиялық білім алуды, біліктілікті арттырып отыруды талап етеді. Ал смарт технологиялардың тез дамып бара жатқаны сондай тек ауыл­шаруашылық саласы ғана емес, оны ен­гізуді мұрат еткен қай сала болмасын IT ма­мандарды даярлауда уақыт көшіне үлгере алмай келе жатқанын атап өту керек.

Үш деңгейлі цифрландыру

Елімізде ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі қолданысқа енгізілген ақпарат­тық технологиялардың сипатына қарай цифр­ландыру жұмыстарын үш деңгейде жүргізуді қарастырып отыр. Олар – база­лық, озық және цифрлық фермалар. База­лық дегеніміз – шаруашылығын бұ­рын­ғы­сынша жүргізетіндер. Оларда жаңа техно­логиядан алқаптардың электронды карточ­касы мен топырақ талдамасы ғана қолда­нылады. Озық фермалар – ішінара авто­мат­тандырылған шаруашылықтар. Бұл са­нат­қа ілігу үшін ЖЖМ шығындарының дат­чиктерін, GPS-трекерлерін, метео-агростансаларды, арамшөптердің элек­трон­ды картасын және бизнес процестерді басқаруға арнал­ған бағдарламалық қамту­ларды енгізу қажет. Ал цифрлық фермалар дегеніміз – адамның қатысуы түгелге дер­лік алынып тасталған, жаңа құралдар мен технология­лар есебінен жұмыс істейтін өндіріс орын­дары. Қазақстанда бүгінгі таңда 20-дан астам цифрлық және 170-тей озық ферма бар екен. АӨК-ні цифрландыру процесі аяқталатын 2023 жылға дейін тағы да 20-дан астам цифрлық ферма және төрт мыңнан астам озық ферма құрылады деп жоспарланып отыр. Бұл уақытта мемле­кеттік қызметтер мен процестер 100% авто­маттандырылатын болады деп күтіліп отыр. Әзірге еліміздегі егістік алқаптар жүз пайыз цифрлан­дырылған. Электронды картасы жасалған ау­мақ 24 млн. га-ны құрайды. Жайылымдық жерлер де біртін­деп цифрландырылып жатыр. Мал шаруа­шылығына «ақылды технологиялар» енгіз­іле­тін болса, мал санын нақты жүргізу және оларды бағу да автоматтандырылатын бо­ла­ды. Яки, иесі үйінде отырып-ақ мал­дары қайда жайылып жүргенін, бөлініп ада­сып кеткен малының қай жерде тұрға­нын ұялы телефонынан-ақ қарап көре алмақ. Бұл тұстағы ендігі бір маңызды мәселе – ауылшаруашылық жерлерін мықты мобильді байланыспен қамтамасыз ету. Әрі ол 3G жабынынан кем болмауы тиіс. Бұл телеком-операторлар үшін өте шығыны көп жұмыс болғандықтан бұл тұрғыда мемлекет-жекеменшік форматындағы серіктестікке арқа сүйеген дұрыс болар. Қалай болғанда да, ауылшаруашылық процестерін барынша цифрландыру мен автоматтандыруға көшіру әлемдегі ірі агроөнеркәсіптік және машина құрастыру компанияларының стратегиялық дамуындағы маңызды қажет­тілік болып отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ