Азық бағасы асқынып тұр
Азық бағасы асқынып тұр
515
оқылды
Жыл басталмай жатып елімізде азық-түлік бағасының артқаны байқалды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауар қымбаттаған. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы аптасында қарақұмық 1 пайызға, жұмыртқа 0,7 пайызға өскен. Дәл осылай май, ірімшік, пияз, картоп және сәбіздің де бағасы өзгергені анықталып отыр. Елімізде бензин бағасы көте­рілсе, жалақы қосылып, зейнета­қы өссе, азық-түлік бағасы да қымбаттап кететіні әмбеге аян. Дегенмен өз еліміздің аумағында шығатын тағамдардың бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында 2010 жылы Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының тізбесін бекітіп берді. Бұл тізімге азық-түліктің 19 түрі енді. Атап өтсек бұл тізімге: ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, кар­топ, сәбіз, пияз, қы­рық­қа­бат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, та­уық еті, пас­терленген сүт, айран, жұмсақ қап­тамада, сары май, тауық жұ­­мырт­қасы, аc тұзы, сүзбе кірген болатын.  

Президент берген тапсырма

Бірақ тізім болғанымен әлі күнге дейін бағаны тұрақты ұстай алмай келе жатқанымыз шындық. 2019 жылдың қараша айында Ақмола облысына барған Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік бағасының қымбаттауына жол берген басшылар қызметінен кетеді деді. Оған әлеуметтік ма­ңызға ие тауарлар бағасының инфляцияны басып озғаны себеп болған еді. Бірқатар азық-түліктің құны тіпті екі есеге өскен. Атап айт­қанда, өзіміз егіп, жинап шы­ға­ратын бидай мен ұнның бағасын тұрақтандыру мүмкін болмай тұр­ғандығы сөз болды. Көкшетауда ұнның бағасы максималды көр­сет­кішке жетіп, 47 пайызға қым­баттаған. Мәселені шешуде тұрақ­тандыру қоры да қауқарсыз көрі­неді. Мемлекет басшысы бағаны бетімен жіберген Үкімет пен жергілікті жердегі шенеуніктердің жұмысын қатаң сынға алып, азық-түлік бағасының қымбат­та­уына жол берген басшылар қыз­метінен кететінін де айтты.  

Басшылар орнынан кетпей ме?

Президенттің Ақмола облы­сына барған сапарынан кейін Премьер-Министр Асқар Мамин­нің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азық-түлік бағасы­ның өсу мәселесі тағы да қаралды. Үкімет басшысы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағалар барлық өңірлерде 15%-дан астам өскенін атап өтті. Қарақұмық жармасы – 62,9%, күріш – 32,3%, ұн 27,8%-ға өсіп, бәрінен қым­бат­тағаны байқалса, өңірлер тұрғы­сынан бағаның ең көп өсуі Шым­кент пен Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақ­төбе және Таразда тіркелген. – Бұл өңірлер әкімдіктері мен Ауыл шаруашылығы, Ұлттық эко­номика, Сауда және интеграция министрліктерінің жеткілікті жұ­мыс жүргізбей отырғанын көрсе­теді, – деді жиында А.Мамин. Үкімет басшысының тапсыр­масы бойынша, азық-түлік тауар­ларына баға өсуінің алдын алу мәселесіне жауап беретін Ауыл ша­руашылығы, Ұлттық эконо­мика, Сауда және интеграция вице-министрлері және Шымкент пен Алматы қалаларының, Қы­зылорда, Түркістан, Ақмола, Сол­түстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары әкімдерінің орын­басарлары тәртіптік жауапкер­шілікке тартылатын болады. Түсі­ніксізі, алдында ғана Президент «жауапты басшылар, өз өңірінде әлеуметтік азық-түліктің қымбат­тауына жол берсе жұмысынан ке­теді» деген болса, Үкімет бас­шысы «нақты өз ісіне салғырт қарап, қым­баттауға жол бергендер тәр­тіптік жауапкершілікке тар­ты­ла­тын болады», – деді. Қисын қайда?  

Он тоғыз еді, онға түскен бе?

2019 жылдың тамыз айында Үкімет отырысында «азық-түлік бағасы тұрғындардың бақы­ла­уында болады, ол үшін арнайы платформа құрылады» деген Ұлт­тық экономика министрі Руслан Дәленов әлеуметтік маңызы бар 10 тауардың тізімі бекігенін айтты. Сол кезде бағаның шарықтауы ең алдымен елордада байқалды. Нұр-Сұлтанда баға 15,1 пайызға өскен. Одан кейін Жезқазған, үшінші орында Талдықорған қаласы тұр­ған болатын. Жалпы республика бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арасында пияз – 79 пайызға, сәбіз – 59,3 па­­йызға, картоп – 32,9 пайызға, кү­ріш – 23,8 пайызға және бірінші сұрыпты ұн 15,3 пайызға өскені ай­тылды. Ұлттық экономика ми­нистрінің сөзінше, инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтаған. Олар – пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бо­йын­ша күшейтілген бақылау жүр­гізу, сондай-ақ олар­дың бағаларын төмендету бо­йы­н­ша шаралар қа­былдау ұсынылды. Басында он тоғыз болып бекітіл­ген тізім саны онға дейін түсіп, макарон, қара­құ­мық, қырыққабат, қант, күнбағыс ма­йы, тауық еті, сүт, айран, сары май, тауық жұ­мыртқасы, тұз, сүз­бенің неге түсіп қалғаны белгісіз. Бұл тағамдар әлеуметтік азық-түлік есебінде қалғаны дұрыс-ау. Өйткені осы тауарлардың баға­сы­ның өсуі жиі қайталатыны рас. Әлде, Дәленов тізімде азық-түлік­тің он тоғыз түрі барын білмей ме?  

ТҮЙІН:

Азық-түлік тауарларының бағасы өсуінің алдын алу мәсе­лесіне жауап беретін Ауыл ша­руашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция вице-ми­нистрлері және облыс әкімдерінің орынбасарлары бағаға қарай ма, әлде айға қарай ма? «Өзімізде шығатын тауарлар бағасын ұстап тұруға, немесе шекті баға қоятын уақыт жеткен жоқ па?» дегің келеді осындайда.

   width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ