Барлық өңірде мектеп директорлары жаппай ауыстырылады
Барлық өңірде мектеп директорлары жаппай ауыстырылады
Білім және ғылым министрлігі "Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидаларының" жобасын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz. Енді білім ордаларының басшыларына бір орында көп отыруына жол берілмеуі тиіс. Бұл науқанға – мемлекеттік мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының бірінші басшылары ілігеді. Қағида солар арасындағы лауазымдық ауысу тәртібін айқындайды. Тек зейнеткерлікке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған директорлар ғана ротациялаудан босатылады. Бұл үшін оның өзі өтініш жазуы шарт. Сонымен, ротация 3 жылда 1 рет жүргізіледі. Бұл ретте қағидада "аттестаттау немесе мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшысы қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау қорытындысы" ескерілетіні баса айтылған. Яғни, егер бұл сынақтардан сүрінсе, ауысу да мұң болады, мүлдем білім беру жүйесінен қуылуы ықтимал. Директорға бағалауды облыстардың және үш мегаполистің Білім басқармасының кадр қызметі жүргізеді. Директорға берілетін баға ол басқаратын мектептегі оқу-әдістемелік және тәрбие қызметінің сапасына, білім алушыларының білім деңгейіне байланысты болады. Барлық директорға ауысудан бір рет бас тартуына мүмкіндік берілмек.  
Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы алғаш рет жазбаша бас тартқан жағдайда, онымен еңбек шарты тағы 3 жылға ұзартылады. Егер ол екінші рет жазбаша бас тартса, онда Еңбек кодексінің 49-бабының 7)тармақшасына сәйкес, ол атқаратын лауазымынан босатылады. 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 5 және одан көп жыл білім беру ұйымының басшысы болған тұлғалар міндетті түрде ротациялауға жатады. Ротациялау осы қағидалар қолданысқа енгізілген сәттен бастап 3 ай ішінде жүзеге асырылады, – деп түсіндірді БҒМ.
  Құжатта мектеп директорларын бұлайша "сапырылыстырудың" не үшін қажет екені көрсетілген. Біріншіден, осы арқылы "білім беру ұйымдары жұмысының тиімділігін және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру" мақсат етіледі. Екіншіден, бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану көзделуде. Үшіншіден, ротация – директорлардың басқарушылық біліктілігін кәсіби дамытуға және жетілдіруге түрткі болады деп күтілуде. Төртіншіден, осылайша, бірінші басшылардың кәсіби тұралап қалуының, жұмыста "кәсіби жанып кетуінің" (орысшасы "профессиональное выгорание") алдын алу жоспарлануда. Бесіншіден, сыбайлас жемқорлыққа соққы берілмек. Өйткені бір орнында көп отырған директорлардың, әсіресе, ата-аналар арасында тамыр-таныстары көбейіп, “бармақ басты, көз қысты” тірліктер өрістеуі ғажап емес.