AIBA Қазақстан боксшыларының алтыннан қағылуына байланысты тергеу жүргізеді
AIBA Қазақстан боксшыларының алтыннан қағылуына байланысты тергеу жүргізеді
202
оқылды
Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA) өзінің уәкілетті органдарын Дубайда өткен бокстан Азия чемпионатындағы біржақты төрелік ету немесе сыбайлас жемқорлық фактілерін (егер ондай жағдайлар орын алған болса) анықтауға және тергеу жүргізуге міндеттеді, - деп хабарлайды Sports.kz.
«AIBA Дубайда өткен бокстан Азия чемпионатында белгілі бір жекпе-жектердегі төрелікте туындаған ықтимал проблемалар мен айыптаулар жөнінде хабардар. AIBA мұндай айыптауларға өте байыпты қарайды. AIBA бірнеше ұлттық бокс федерацияларымен өзара әрекеттестіктен кейін, төрешілер комитеті барлық тиісті тағайындалған лауазымды тұлғалардың жұмысына жедел тергеу жүргізетінін күтеді және бұл жағдайда жауап беру керек пе, жоқ па, соны анықтау үшін AIBA-ның Тәртіптік комитетіне өз тұжырымдары туралы мүмкіндігінше тезірек хабарлайтынына үмітті. Мұндай жағдайда Тәртіптік комитетке құзыреттіліктің жетіспеушілігіне, манипуляцияға немесе сыбайлас жемқорлыққа байланысты теріс шешімдер қабылданған-қабылданбағанын анықтау үшін дереу тәуелсіз сараптама жүргізуге құқық беріледі. Президент Омар Кремлевтің жаңа басшылығымен AIBA бокс төрелігі мәселелерін тәуелсіз сараптама арқылы шешуге ниетті екенін айқын көрсетті. Рио-2016 турнирін қоса алғанда, алдыңғы мәселелерге толық тәуелсіз тергеу жүргізу тапсырылды. Әділетсіз айқастарға кінәлі деп танылған кез келген лауазымды тұлға AIBA жарыстарына қатысу құқығынан біржола айырылады. Президент Кремлев және AIBA-дағылар барлық боксшыға әрқашан да әділ жекпе-жек өткізуге мүмкіндік берілуін қамтамасыз етуге дайын. Бұдан кейінгі жаңалықтар тергеу және реформа процесінің негізгі кезеңдері аяқталғаннан кейін жарияланады», — делінген AIBA ресми мәлімдемесінде.
Көптеген журналист пен жанкүйерлердің пікірінше, бірқатар боксшы 2021 жылғы Азия чемпионатында, атап айтқанда, қазақстандықтар біржақты төрелік ету мәселесіне тап болды. Финалда бес спортшы өнер көрсетсе де, қазақстандық боксшылар бұл турнирде бірде-бір алтын медаль ала алмады.