Экономиканың негізгі драйвері – инвестиция
Экономиканың негізгі драйвері – инвестиция
321
оқылды

Қазақстан – экономикалық әлеуеті тұрғысынан посткеңестік кеңістікте Ресейден кейінгі екінші, Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде Елбасы саясатының арқасында экономиканың түрлі секторына мол инвестиция тарта білді.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдарында республикаға 121 мемлекет инвес­тиция салды. 30 жылда Қазақстанға құйылған тікелей шетелдік ин­­­­вестицияның көлемі 360 мил­­­­лиард АҚШ долларына жетті. Ең көп ақша салғандардың бестігіне АҚШ, Нидерланд, Швейцария, Қытай және Ұлыбритания кіреді. Ал алғашқы үшеуінің біздің эконо­­­микамызға құйған жиынтық қар­­жысы басқа инвесторлардың бәрін қосқандағы сомадан да көп. Қазақстан көпвекторлы саясат жүргізеді, сол себепті де АҚШ бас­таған Батыс елдерінің коали­­­­ция­­­сымен де, Ресей және Қы­­­­­­таймен де тығыз экономикалық байланыстар орнатқан. Егер таза экономикалық мәселе тұрғысынан қарастырсақ, Қазақстанның инвес­­­­­тициялық саясатта ұстанатын бас­ты принципі әр елдің қаржылық әлеуетіне және технологиялық мүмкіндіктеріне қарай жүргізіледі.

Инвестициялық климатты қалыптастыру

Инвестициялық климатты жақ­сартуға көп факторлар әсер етеді: саяси, экономикалық және әлеуметтік. Еліміз тәуелсіздік жыл­­­­­­дарында шетелдік ин­вес­ти­цияны тарту үшін қолайлы әлеу­­меттік, қар­жылық-эко­­­­но­микалық, құ­қықтық режим орната білді. Қазақ­­станның әлемдік сахнадағы эконо­­микалық және саяси беделі жыл­дан-жылға артып келеді. БҰҰ және басқа да ірі ха­лықаралық ұйымдарға қабыл­­­данды, Бүкіл­әлемдік сауда ұйы­­мына мүше болып кірді. Қазақстанда көрші елдермен салыстырғанда инвесторларға айтарлықтай жақсы жағдай жа­­салған. Соның ең бастысы – са­лықтық жеңілдік. Сондай-ақ елі­мізде өздерінің жобасын іске қосатын көптеген шетелдік ком­­пания электронды үкімет жұмы­­сының үйлесімділігін де атап отыр. Ол жобаға қатысты құ­жат­тар мен лицензияны неғұрлым жедел және ашық түрде алуға мүм­кіндік береді. Сондай-ақ біздің елде жаңа өндіріс ашу үшін қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, Ресейде ҚҚС едәуір жоғары – 20%, ал Қазақ­­­станда ол –12%. Екі елдің кіріс салығы бірдей, бірақ біздің елде компанияны үш жылдан кейін дивиденд салығынан босату мүм­кіндігі қарастырылған, РФ-да мұндай жеңілдік жоқ.

Экономиканы қуаттандыру шарты

Экономикаға инвестиция құю – ел дамуы үшін аса өзекті шарттардың бірі. Көптеген елдің әлемдік тәжі­­­­рибесі көрсеткендей, шетелдік ин­­­вестиция ағыны мен оны жүзеге асыруды мемлекеттік реттеу эко­­­­номикаға оңтайлы нә­тиже береді. Инвестиция жеке кәсіп­­керліктің орнығуына, ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қар­­жыны шоғыр­­­­ландыруға, аралас компанияларды құруға және несие капиталын қа­лыптастыруға игі әсер етеді. Қазақ­­­станның эконо­­ми­касы әлемдік шаруа­­шылықтарға неғұрлым ұтым­­­ды интег­ра­­­ция­лан­са, соғұрлым тиімді болмақ. Ше­­телдік инвес­­­тиция иннова­ция­лық өндірістердің, жұмыс орында­ры­ның ашылуына тікелей әсер етеді, сонымен қатар ұлт­­­тық бюд­жетке қомақты салық түсіреді. Қазақстанға тікелей инвес­тициялар бірлескен кәсіп­­орын­дар, еншілес кәсіпорындар құру, мем­лекеттік кәсіпорындарды шетелдік капиталдың қатысуымен жекеше­лендіру, ірі өнеркә­­­сіп­­орындарын шетелдік фир­ма­­лардың басқаруына беру және банк секторын инвести­циялау арқылы келеді. Бүгінде елімізде Түркияның, Қытайдың, Гер­ма­нияның, АҚШ-тың, Ита­лия­ның, Оңтүстік Кореяның, Ұлыбри­­­­танияның, Ресейдің және басқа да мемлекеттердің қатысуы­­мен 10 мың­­­­­­­нан аса бірлескен кә­сіп­­орындар мен еншілес кәсіп­орындар құрылған.

Індетке дейінгі бақуатты кезең

Инвестициялық саясаттың ұтымды үйлестірілуінің арқасында соңғы он жылда ғана ұлттық эко­номикаға 250,2 миллиард дол­лар көлемінде табыс түскен. Атал­­мыш үрдіс Қазақстанның инвес­ти­­циялық саясатының тиімділігін айқындап берді. Ел тарихында тікелей шетелдік инвести­­­­ция­лар­дың ең үлкен мөлшері 2012 жы­лы болыпты. Сол жылы құйыл­ған инвестиция мөлшері 28,9 миллиард АҚШ долларын құраған. Жалпы, әлем экономикасында инвестицияларды тарту мен экс­портты дамытудың негізгі құрал­­дарына арнайы экономикалық аймақтар және индустриялық ай­­мақтар құру жатады. Тұтастай алғанда, осы негізде еліміздің 11 өңі­­­­­­рінде 12 арнайы экономика­­лық аймақ жұмыс істейді. Еліміз бойын­­­­­ша барлық арнайы эконо­ми­­­ка­лық аймақ инфрақұрылымының құ­­­ры­лысына бюджеттен 314,3 млрд тең­­­­ге бөлінген болатын.

Індет кезіндегі сындарлы шақ

Пандемияның салдары пла­­нетаның барлық елінің эконо­­­­микасы мен ЖІӨ-не тікелей әсер етіп, жаһандық іскерлік белсенділік пен халықаралық сауда көлемі бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендеді. Мәселен, БҰҰ есе­­­бі бойынша, ғаламдық экономи­кадағы тікелей шетелдік инвес­­тиция көлемі 42%-ға кеміді. Эко­номикасы осал мемлекеттерде ол тіпті 77%-ға құлдырап кеткен. Қа­зақстанда 2020 жылы тікелей шетел­­дік инвестиция 29,8%-ға азай­ды. Ол 17 млрд АҚШ долларын құрайды. Аз ақша емес. Оның 8,2 мил­­лиард доллары тау-кен секторына, оның ішінде мұнай, газ және ме­талл кендерін өндіру саласына жұм­­­салды. Сауда саласына – 2,5 мил­­­лиард доллар, қаржы сала­сына – 1 миллиард, құбыр құрылы­сына 900 миллион доллар салынды. Өңдеу өнеркәсібіне 3,2 миллиард доллар бөлінген. Ауылшаруашылық саласына 12 миллион доллар тікелей инвестиция салынған. Мемлекеттің дер кезінде әрі оңтайлы қолданған қорғаныш шараларының арқасында індеттің инвестиция тасқынына тигізетін бірқатар жағымсыз әсерінен аман қалғанымызды да айта кеткен жөн. «Үкімет індетке дейінгі жос­пар­ланған жобалардың ешқай­сы­­сының тоқтап қалуына мұрша бермеді. Соның арқасында 2020 жылы шетелдік инвесторлардың 41 жобасы іске асырылды. Оған жал­­пы сомасы 1,6 млрд доллар шетел­­дік инвестиция салынып, 7,1 мың жұмыс орны құрылды»,– дейді вице-премьер М. Тілеуберді. Оның айтуынша, 2021 жылдан бастап жалпы сомасы 4,4 млрд доллар болатын 36 жоба жүзеге асырылатын болған. Сонымен қатар мемлекет шетелдік инвес­тиция мен технологияның көме­гімен еліміздің өнеркәсіптік және шикізаттық емес әлеуетін арт­тыруды мақсат етіп отыр. Жалпы айтқанда, бұл салада да жетістіктер бар деп айтуға болады. Мәселен, 2010 жылы өңдеу өнеркәсібіне салынған тікелей шетелдік ин­вестиция жалпы көлемнің 10%-ын құраса, 2020 жылы ол 18,5%-ға жеткен. Осы екі аралықта 10 жыл ішінде 39,4 млрд доллар салынған. Осы уақыт ішінде өңдеу өнер­кәсібінің өнім көлемі 2010 жылғы 3,8 трлн теңгеден 2020 жылы 13 трлн теңгеге дейін жетті, яғни 3,4 есе өсті. Жалпы, негізгі капиталға са­лынатын инвестиция көрсет­­кіштері мемлекеттік органдардың, әкімдік­тердің және Үкіметтің сала­ла­ры­ның бірінші басшы­­ларының бақылауына алынған. Бұл еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлт­тық жоспарында да, «Nur Otan» партиясының сай­лауалды бағ­дарламасында да бекітіліп, көр­сетілген. Басты мақ­сатта негізгі ка­питалға са­лынатын инвестиция көлемін ЖІӨ-ге шаққанда 30%-ға дейін, тікелей шетелдік инвес­тицияның көлемін 30 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспары бар. Жыл сайын мемлекеттік ор­гандардың алдында инвестиция бойынша 2021-2025 жылдарға арналған мақсатты көрсеткіштер бекітілген. Олардың нәтижесі ин­вестициялық штабтың оты­рыс­­та­рында тұрақты талқыға са­­­­­лынады. Сондай-ақ инвести­­ция бойынша ұлттық баяндама жа­­салады, мұнда өңірлердің рей­­­тингі жасалынады.

Дәулет АСАУ