Алматыда 20 жылдан бері тозығы жеткен үйлерінің толық қирағанын күтіп жүрген тұрғындар бар. 1980 жылдары Алматының төрінде жаңа ықшамаудан пайда болған. Өкінішке қарай, әсем ғимараттардың маңайында ескі лашықтар қалып қойғанын көп адам аңғара қойған жоқ. Ал тұрғындар қалалық әкімдікке де «Nur Otan» партиясына да шағым айтып, хат жазды.
Құрылыс Достық даңғылынан басталғанымен, 90-жылдардағы дағдарыстың салдарынан құрылыс соңына дейін аяқталмады. Сол себепті көпқабатты зәулім үйлердің көлеңкесінде тозығы жеткен лашықтар бұзылмай қалып қойды. Бұларды кезінде жұмысшыларға арналған уақытша тұрғын үй ретінде пайдаланған. Жұмысшылардың уақытша үйінде тұратын тұрғынның бірі – Дамира Сабирова. «Біздің де жағдайы жақсы үйде тұрғымыз келеді. Біз бұл үйге 1961 жылы көшіп келдік. Ол кезде менің жасым 10-да болатын. Одан бері де 60 жыл өтті. Осы 60 жыл ішінде қаншама зәулім ғимарат салынды. Бірақ біздің «тозығы» жеткен үйлерді бұзып, қиратуды ұмытып кеткен секілді», – дейді тұрғын.Жедел жәрдем келмейді
– Бұл үй 1947 жылы салынған. Әбден тозығы жеткен. Ыстық су жоқ. Кей пәтердің дәретханасы далада. 30 жыл болды, осы үйдің аумағын сатып алғысы келетіндер көп. Себебі бұл аудан жақсы жерде орналасқан. Бірақ келісімшартқа қол қойып, бізге ыңғайлы жерден баспана береміз деген тиімді шешім қабылданса да, тоқтап қала береді. Бірнеше рет осылай болды. «Диал строй» компаниясы ғана бірқабатты тұрғын үйді сатып алып, ақшасын төлеп, аумақты қоршап, құрылыс жұмыстарына кірісіп жатқан. Бұған кедергі келтірген қарсы орналасқан 5 қабатты үйдің тұрғындары. Олардың пікірінше, мұнда көпқабатты үй салса ауасы тарылады-мыс. Халық қаншама жылдан бері ыстық сусыз өмір сүріп жатыр. ПИК те қызмет көрсетпейді. Жедел жәрдем шақырсақ, мекенжайды таппайды. Себебі біздің мекенжай базада жоқ. Бірақ есесіне төлемақы түбіртегі келіп тұрады, – дейді жергілікті тұрғын Александр.Жаңа үйге көшсек деген арманы бар
– «Ескі үйлер бұзылады» деген әңгімені естігелі де пәленбай жыл. Егер бізге дәл осы ауданнан пәтер сатып алуға жететін ақша берсе немесе осы орынға салынатын үйден ешқандай қосымша төлемсіз берсе, келісер едім. Әйтпесе, мыналардың шарты тиімсіз. Осы уақытқа дейін талай құрылыс компаниясы келді. Тіпті, жанымыздағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер беруге де келіскен. Алайда біздің үйде дәмханасы бар кәсіпкер тұрған. Сол кісі келіспеген көрінеді. Қазір құрылыс компанияларының ұсынып отырған ақшасы аз. Сол үшін де тұрғындар бас тартып отыр, – дейді жергілікті тұрғын Риза Жақсыбаева. Тұрғындар жанайқайын ешкім тыңдамаған соң, амалсыз хат жазуға мәжбүр болыпты. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атына, «Nur Otan» партиясына және Бала құқықтары жөніндегі өкіл Аружан Саинға арнайы хат жолдапты. Хатында: «Самал» ықшамауданының тұрғындары еріксіз хат жазуға мәжбүр болдық. Біз ондаған жылдар бойы «бұзамыз» деген уәдені естіп келеміз. Әлі күнге бұл ауданның кей тұрғындары тозығы жеткен үйлерде тұрып жатыр. Біз де, біздің балаларымыз да қауіпсіз өмір сүргенін қалаймыз. ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап біз осы казармада, ұзақ жылдар бойы апатты жағдайда тұрған үйлерде тұрып келеміз. 20 жылдан бері тозығы жеткен үйлерді бұзып, тұрмыстық жағдайымызды жақсартуға мүмкіндік береміз деп уәде берген. Бірақ мәселе әлі шешімін тапқан жоқ», – дейді тұрғындар. Олар ұзақ жылдар бойы қариялардың осындай қорқынышты жағдайда өмір сүргенін, олардың көпшілігі жаңа пәтерді күтпей қайтыс болғанын жазады. Өкінішке қарай, қариялар тұрған тозығы жеткен пәтерде енді балалары мен немерелері тұрып жатыр. «Біз қоғамнан алшақ емеспіз, біз басқалармен бірдейміз, біз де күн сайын жұмыс істейміз, балаларды балабақша мен мектепке апарамыз, ұрпағымызға не қалады деп алаңдаймыз. Қашанға дейін осындай жағдайда өмір сүрмекпіз?» деп қамығады тұрғындар. Ескі үйлердің көбінің төбесі шіріген. Жаңбыр жауса, үйге су тамшылайды. Ескі үйлердің шатырлары да кез келген уақытта құлап кетуі ғажап емес. Шатырды бірнеше рет жөндеп, қайта тұрғызған. Алайда одан да пайда болмапты.Мәселе Мәжіліске дейін жетті
«Самал» ықшамауданындағы қамыс пен ағаштан өріліп салынған ескі үйлердің жағдайына Парламент депутаттары да алаңдаушылық танытты. Жақында депутат Ирина Смирнова көптен бері дау болып жатқан ықшамаудандағы тозығы жеткен үйлердің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар мұнда тұрмысқа керекті қарапайым қажеттіліктерге зәру болып отырғанын айтты. Ыстық су жоқ, дәретхана далада, ал үйдің шатырларынан су сорғалап тұр. Осы жердегі ескі ғимараттарды сатып алып, ескі үйлердің де мәселесін шешуге «GAB Construction» компаниясы дайын отыр. Құрылыс кәсіпорны бұл ескі үйлердің иелеріне жартылай өтемақы беріп, үйлерін сатып алған. Бірақ көршілес орналасқан, ауданда кейінірек салынған көпқабатты үйдің тұрғындары бұл процестің аяқталуына кедергі келтіріп отыр. Тұрғындар тозығы жеткен үйлердің орнына жаңа баспана салуға қарсы секілді. Оның орнына саябақ салынса дейді. Достық даңғылы мен Снегин көшелерінің қиылысындағы үйлердің тұрғындарымен танысуға келген депутат Ирина Смирнова тараптарды ортақ консенсусқа шақырды. Ол өткен ғасырдың 30-шы жылдарында салынған баспаналардың осылай тұра беруі мүмкін емес екенін айтады. Мердігерлер ескі үйлердің орнына салынатын баспаналар бұл аймақтағы жердің 20 пайызын ғана толтыратынын, қалған аумақта адам өміріне жайлы инфрақұрылымдар болатынына сендірді. Соның ішінде көршілес орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары үшін реновация жобасы сквер мен саябақ аумақтары да қарастырылғанын айтып отыр. «Әрине, кез-келген адам жайлы ортада өмір сүруге құқылы. Бірақ өткен ғасырдың басынан бері осы жердегі барак үйлерде тұрып келген тұрғындарды да түсіну керек. Олар соңғы 20 жылда үйлері бұзылып, жаңа пәтер аламыз деген үмітпен отырды. Тұрғындар баспаналарын осы уақыт ішінде не жөндерін, не жағдайын жасап тұру керегін білмей, белгісіздікпен күн кешіп отыр. Оның үстіне үйлерін де өз еріктерімен сата алмайды. Ал осы жобаға қарсылық танытып отырған екінші тарапты тыңдаған соң, олардың да талаптарын да ескерусіз қалдыруға болмайтынын айтқым келеді. Құрылыс компаниясы бұл сұрақтарды жіті қарастыруы керек», – дейді мәжіліс депутаты.Айым БЕКТҰР