Қазақстан – бүгінде әлемдегі ірі мұнай экспорттаушы елдердің бірі. Еліміздегі мұнай-газ саласының тарихы тәуелсіздік алғаннан да тым әріден басталады. Биыл қазақ мұнайына 122 жыл толып отыр. 1899 жылы қараша айында Атырау облысындағы Қарашүңгіл кен орнынан ең алғаш рет мұнай бұрқағы атқылаған болатын. XVII ғасырдың соңында «Ембі-Каспий серіктестігі» Қарашүңгіл кен орнында 38 метрден 275 метрге дейінгі тереңдікте 21 ұңғы бұрғылаған екен. Соның №7 ұңғысынан 40 метр тереңдіктен мұнай шыққан. Оның тәуліктік өнімі 22-25 тоннаны құрапты. Пайдалану мерізімінде бұл ұңғыдан 5 мың тонна мұнай өндірілген екен. Осылайша, Ембі аймағында мұнайдың өнеркәсіптік қоры бар екені дәлелденді.
Халықаралық нарыққа жол
Тәуелсіздік бізге халықаралық нарыққа жол ашқаны белгілі. Өйткені бұған дейін шетелдермен мәселе тек қана Мәскеу арқылы шешілетін. Сондықтан да елімізде мұнай-газ саласында ең алғашқы қабылданған заңдардың бірі «Шетелдік инвестициялар туралы» болды. Қазақстан осылайша өз бетінше америкалық «Шеврон» корпорациясымен Атырау облысындағы ең үлкен Теңіз кен орнын игеру мақсатыда біріккен кәсіпорын құру туралы келіссөздер жүргізуді бастады. Бұл одан кейінгі ел экономикасының бойына қан жүгірткен халықаралық әріптестіктің басы еді. Өйткені Қарашығанақ, Өзен, Жаңажол кен орындары өз кезегін күтіп тұрған-ды. Республиканың сол кездегі экономикасына баға берген Елбасы оның «ес-түссіз жатқанын» атап өткен болатын. Оны тірілту үшін шетелдік валюта ауадай қажет еді. Ал дербес ел ретінде жаңа ғана басын көтерген Қазақстан үшін сол уақыттағы әлем нарығында үлкен сұранысқа ие және бәсекеге қабілетті жалғыз тауар осы мұнай болды. Ат жалын тартып мінген жас баладай тәуелсіз еліміз «мұнай-газ өнеркәсібі» сынды жарау жүйрікке еркін отырып, азаттықтың саф ауасымен тыныстап, қажырлы да даңғыл тарих жолына түскен болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саланы аяқтан тұрғызу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Президенттің Жарлығымен елімізде Энергетика және отын ресурстары министрлігі құрылды. Ауыр машина құрастыру, мұнай өндіру және мұнай өңдеу сияқты өнеркәсіп бір ведомствоға топтастырылды. Сонымен қатар мұнай тасымалдау жүйесі де тәртіпке келтіріле бастады. Бұрын Мәскеуге бағынған құбыр желісі басқармаларының негізінде «Оңтүстікмұнайқұбыры» ӨБ мен «Қазақстан және Орталық Азия магистральді мұнай құбырлары» ӨБ құрылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылы мұнай-газ саласы бұған дейінгі екпінмен жұмысын жалғастырып жатқан болатын. Кен орындарынан алынған мұнай дәстүрлі «Атырау–Самара» құбырымен экспортқа жөнелтіліп жатты. 1991 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның мұнай өндіру көлемі 26,6 млн тонна болды. Әйтсе де, кез келген кәсіптің шығыны болатыны секілді жаңа кен орындарын іске қосу, қосалқы бөлшектер мен реагенттер алу сияқты тағы да басқа көптеген шығын үшін дәл сол уақытта Қазақстанның ақшасы болған жоқ. Әрі өндірілген мұнайды әлемдік нарықта сату да соншалықты оңай бола қоймады. Осындай қиындықтар нәтижесінде 1992 жылдың алғашқы күндерінен мұнай өндіру көлемі төмендей бастады. Жыл соңында бұл көрсеткіш 25,8 млн тоннаны құрады. Бұл құлдырау 1996 жылға дейін жалғасты. Мұндай тығырықтан шығудың бір жолы мемлекеттік тұралап қалған кәсіпорындарды жекеменшікке сату болды. Осылайша, 1997 жылдан бастап Қазақстан қайтадан өркендеу жолына түсті. 1991 жылы шикі мұнай мен газ конденсатының өндірісі республикамыздың өнеркәсіптік өндірісінің жалпы көлемінің небәрі 2,5%-ын құраған болса, одан 20 жыл өткенде, яғни 2011 жылы бұл көрсеткіш 53,8%-ды құрады. Енді бүгінде мұнай-газ секторы еліміздің ЖІӨ-нің 15%-ын алып отыр. Ел қазынасына түсімнің 44%-ы осы саладағы компаниялардан түседі. Еліміздегі ең ірі 30 салық төлеушінің 18-і мұнай-газ компаниялары. Мәселен, 2019 жылы олар бюджетке 4,3 трлн теңгедей түсім түсірген екен.Түбек танабынан теңіз табанына дейін
Теңіз табанынан мұнай өндіру Кеңес Одағында өткен ғасырдың 20-жылдары басталғанымен, ол Каспий теңізінің шығысында Баку маңындағы кен орындарында жасанды аралдар салудан әріге аспады. Ал 70-жылдары өндіріске енгізілген қалқымалы бұрғылау қондырғылары көбіне солтүстік теңіздерде және Каспийдің Әзербайжан бетінде қолданылды да, қазақстандық сектор игерілмей қалып қойды. Бұл егеменді жас елімізге жаңаша мүмкіндіктер сыйлады деуге болады. Осылайша, тәуелсіз Қазақстанда түбек танабы мен теңіз табанын иегеру қоса қабат өрбіді. Ендеше еліміздің мұнай-газ саласындағы соңғы 30 жылдағы ең ірі деген оқиғаларға тоқталып өтелік: 1992 жыл – Теңіз кен орнынан өндірілетін мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізу үшін Қазақстан, Ресей және Оман мемлекеттері бірігіп Каспий құбыр желісі консорциумын (КТК) құрды. Осы жылы Қазақстан «Аджип» (Италия) және «Бритиш Газ» (Ұлыбритания) компанияларымен Қарашығанақ кен орнындағы мұнай-газ конденсатын өңдеу туралы келісімге қол қойды. 1993 жыл – 4 ақпан күні «ҚазақТүрікМұнай» Қазақстан–Түркия кәсіпорны құрылды. Бұл ел тарихындағы ең алғашқы біріккен кәсіпорын болатын. Ал наурыз айында Каспий теңізінің қазақстандық секторына барлау жүргізуге арналған «ҚазақстанКаспийШельф» (ККШ) компаниясы өмірге келді. 6 сәуір күні ел Үкіметі мен америкалық «Шеврон» компаниясының арасында 40 жылға келісімшарт жасалды. Бұл «ғасыр келісімшарты» деп аталды. 3 желтоқсанда Каспийдің қазақстандық шельфінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған халықаралық консорциумды (ОКИОК) құру туралы келісімге қол қойылды. Консорциум «Аджип», «Бритиш Петролеум», «Статойл», «Бритиш Газ», «Мобил», «Тоталь», «Шелл» сияқты шетелдік 7 компаниядан және оператор ретіндегі «ҚазақстанКаспийШельф» компаниясынан тұрды. 1995 жылы 28 шілде күні ҚР Президентінің заң күші бар «Мұнай туралы» Жарлығы шықты. 1996 жылы 9 шілдеде Каспий жағалауындағы мемлекеттердің әріптестік қағидаттары туралы келісімге қол қойылды. 1997 жылы 4 наурызда Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігі таратылып, оның орнына «ҚазақОйл» ұлттық мұнай компаниясы өмірге келді. 2 сәуір күні мұнай тасымалдау бойынша «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясы құрылды. Осы жылы еліміздің мұнай-газ секторында кәсіпорындарды жекешелендіру басталды. Ең алғашқы болып маусым айында «АқтөбеМұнайГаз» АҚ-ның 60% бақылау акция пакеттері Қытай ұлттық мұнай компаниясына (КННК) сатылды. 1998 жылы 14 шілдеде теңіз табанынан ең алғашқы мұнай бұрғылау жұмыстары басталды. «Арман» Қазақстан–Америка бірлескен кәсіпорнының «Өлі қолтық» кен орнында қазған ұңғыға арналып таяз суда арнайы жасанды арал – «берма» тұрғызылды. Ал 1999 жылы мамыр айында КТК құбыр желісінің құрылысы басталды. Маусым айында Астрахандағы кеме жасау зауытынан ең алғашқы қазақстандық «Сұңқар» қалқымалы бұрғылау қондырғысы суға түсірілді. Осы жылы 12 тамызда ОКИОК консорциумы «Шығыс Қашаған-1» кен орнынан іздеу ұңғысын қаза бастады. Теңіз шельфіне бұрғы салынған бұл тарихи оқиға Қазақстан мұнайының 100 жылдығына тұспа-тұс келді. Қыркүйек айында айтулы мереке Атырау қаласында кең көлемде аталып өтілді.Жаңа мыңжылдықтағы жаңаша тыныс
2000 жыл – ақпан айында «ҚазТрансОйл» ҰК-ға еншілес «ҚазТрансГаз» құрылымы өмірге келді. Осы жылы Солтүстік Каспийде ең ірі мұнай қоры бар «Қашаған» кен орны ашылды. 2001 жыл ақпан айында италиялық «ЭНИ» компаниялар тобы Қазақстанның Солтүстік Каспий жағалауындағы кен орындарын өңдеу жөніндегі бірыңғай оператор ретінде таңдалып алынды. 2002 жылы 20 ақпанда Қазақстанның мұнай-газ кешеніндегі мүддесін қорғау мақсатында Президент Жарлығымен 100% мемлекеттік үлеспен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ құрылды. 3 мамырда Н.Назарбаев пен В.Путин тарихи құжатқа – Ресей мен Қазақстан арасында Каспий теңізінің солтүстік бөлігін бөлу бойынша Келісім хаттамасына қол қойды. 2004 жылы (қазан) Қазақстан–Қытай арасындағы «Атасу – Алашанқай» мұнай құбырының құрылысы басталды. Осы жылы Қазақстанда мұнай сапасының банкі құрылды. 2005 жылы мамыр айында Ақтау қаласында «Астана» танкері Қазақстан теңіз флотына қабылданды. Бұл іс жүзінде ұлттық флоттың құрылуы еді. 2006 жылы 20 шілдеде «Атасу – Алашанқай» мұнай құбыры коммерциялық пайдалануға қабылданды. 2009 жыл – Қазақстан–Қытай газ құбырының бірінші тармағы қолданысқа берілді. 2011 жыл – Маңғыстау мұнайына 50 жыл толды. Сондай-ақ соңғы жылдардағы еліміздің мұнай-газ саласындағы жетістіктерінің ішінен 2017 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Рожковское кен орнынан жаңадан мұнай қоры табылғанын атап кетуге болады. Одан бөлек, Жарқұм кен орнының тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілгені де еліміздің энергетикалық қауіпсіздік саласындағы үлкен жетістік болып отыр. Толық өндірістік қуатына көшкен кезде бұл жоба Жамбыл облысын алдағы 30 жыл бойы газбен қамтуға еркін жетпек. Бұл оңтүстік өңірлерді Өзбекстан газының импортына тәуелділіктен құтқармақ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын Қазақстан мұнай-газ саласының өркендеген дәуірімен қарсы алып отыр. Бүгінде елімізде 250 мұнай-газ кен орны болса, оларды өңдеуді жүзеге асыратын компаниялар саны 100-ге жетті. Соңғы бес жылда елімізде мұнай өндірісі тұрақты түрде өсім көрсетіп келеді. Тіпті, ел тарихындағы рекордтық көрсеткішке жетті десе де болады. Осы кезеңде көмірсутегін өндіру жылына орташа 90 миллион тоннаны құрап отыр. Сонымен қатар ірі кен орындарын одан әрі кеңейту басталған болса, мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау толықтай аяқталды. Енді еліміз жаңа еуропалық стандарттармен бензинді еркін экспорттай алады. Бүгінде еліміздің мұнайының артық қоры 30 млрд-қа жуық баррельді құрайды, бұл әлемдік қордың 1,7%-ы. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде Таяу Шығыс пен Латын Америкасы елдерінен және Ресей мен АҚШ-тан кейінгі 12 позицияда тұр. Ал мұнай экспорты бойынша алғашқы ондықта. Отын-энергетика кешені еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының шешуші факторы болып қана қоймай, жаһандық экономикаға интеграциялық кірігу әлеуеті болып қала бермек.Нұрлан ҚОСАЙ