Күн жылынып, көк шығып, өсімдіктер гүлдей бастағанда адамның мұрны, тамағы, құлағы қышып, көздің шырышты қабығының қабынуы асқынып, көз қызара бастайды. Мұндай жағдай күзге дейін созылады. Тіпті, бұл дерт бүгінде қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Сондықтан көпшілікті «аллергиядан құлан таза айығып кетуге бола ма?» деген сұрақ мазалайды. Дәрігерлердің сөзінше, аллергиядан құлан-таза айығу мүмкін. Бірақ ол үшін ұзақ емделу керек.
Жоғары санатты педиатр-аллерголог Тохтар Елтайұлының айтуынша, емделушілердің көбі аллергиядан ұзақ уақыт емделу керегін дұрыс түсінбейді. «Маусымдық аллергияны созылмалы ауру дейміз. Оны емдеудің екі жолы бар. Бірі – жазда, оны симптоматикалық терапия арқылы емдейміз. Яғни, анализ тапсырады. Уақытша сырқатты басу үшін дәрілер, әртүрлі ұнтақтар жазамыз. Ол тек салдарын емдейді. Ал себебін табу үшін екінші жолына көшеміз. Ол қыста жүргізіледі. Шаң-тозаң басылған соң әртүрлі анализ тапсыруға жібереміз. Нақ қандай шөптің, гүлдің тозаңына аллергиясы барын анықтауға тырысамыз. Кейбірінде тек бір шөпке реакциясы болады. Ал енді бірінде 7-8 шөпке реакциясы бар. Осыдан-ақ қай емделуші тез жазылады, қайсысы ұзақ емделетіні белгілі болады. Оған қоса, біреулерге аллергиямен ауырғанына 1-2 жыл ғана болса, енді бірі бұл дертпен жүргеніне 10-25 жыл болған. Олар оны гормоналды дәрі ішіп басады, бірақ оның өзі уақытша ем. Міне, осындай емделушілер 1-2 жылда жақсы нәтижеге қол жеткізбесе, аллергиялық орталықтардан көңілі қалып жатады. Ұзақ жылға созылған аурудың емі де ұзақ болатынын түсіндіре алмаймыз. Ал қыста емделгендердің 90-95 пайызы маусымдық аллергиядан толық айығады», – дейді Тохтар Елтайұлы. Емделушілердің аллерголог-мамандардың көмегіне жүгінбейтін тағы бір мәселесі – қаржы мәселесі. Аллергиялық орталықтардың бір реттік қабылдауы 40-50 мың (талдау нәтижелерін қосқанда). Емделуіңіз 100 мыңнан 300 мыңға дейін барады. Егер шөп түрлеріне деген реакцияңыз көп болған сайын ем түрі де қымбаттай береді. Сол себепті болар, аллергетиктердің басым бөлігі дәстүрлі медицинаға жүгініп жататыны. Отбасылық дәрігер Жанар Қалыбайқызының айтуынша, бұл тәсіл медицинада құпталмайды. Дәрігерлер медицинада ұзақ жылдар бойы қолданылып келе жатқан, тәжірибе жүзінде іске 100 пайыз асқан ем-домды ғана жазып береді. Аталған тәсіл сынақ-тәжірибеден өтпеген. Сондықтан бұл жағдайға пікір айту да қиын екенін айтты.Жалпы, аллергия – ағзаның қоршаған ортаға аса сезімталдығы. Ол неден пайда болуы мүмкін? Ол – табиғаттың ластануынан, аллергия бойынша тұқымқуалау ауруларының болуынан, дұрыс тамақтанбағаннан, тамақтың құрамында химиялық заттардың көптігінен, иммунитеттің әлсіздігі, дәрілерді шектен тыс сауатсыз қабылдағаннан, үй ішін мінсіз таза ұстау мақсатында химиялық заттарды асыра пайдаланғаннан да пайда болады. Сондықтан «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік»...Аллергия иммунитеті төмен адамға бірден келеді. Себебі сыртқы бактерияға ағза төзе алмайды. Сондай-ақ дәрігер қызыл түсті жеміс-жидектен бас тарту керек екенін айтады. Аллергендер олардың да құрамында болады екен. Қарбыз-қауын, қызанақ, құлпынай сияқты жемістер - аллергетиктердің бірден-бір жауы. Газдалған сусындар, фаст-фуд тағамын мүлдем ұмытқан жөн. Аллергиясы бар адам үшін бұлар қауіпті.