Көкшетауда жұмысқа шыққан ер адам қайтып оралмады
Көкшетауда жұмысқа шыққан ер адам қайтып оралмады
215
оқылды
Көкшетауда із-түзсіз жоғалып кеткен ер адам іздестіріліп жатыр. Үйден жұмысқа шығып кеткен жігіт ағасы сол күйі қайтып оралмаған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 47 жастағы немере інісі Ерғат Қабдушевтің хабар-ошарсыз кеткені жайлы Көкшетау қалалық Полиция басқармасына 52 жастағы ағасы арызданған. Оның айтуынша, інісі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданының Аймақ ауылында тұрады. Көкшетауға Застанционный кентіне құрылыс жасауға жалданған.
«Ер адам 2 маусым күні үйінен жұмысқа шығып, сол күйі хабарсыз кеткен. Қазіргі уақытқа дейін оның қайда жүргені белгісіз», - дейді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Бойы 160 сантиметр шамасындағы жұқалтаң денелі адам. Көзінің түсі жасыл, шашы қара. Үйден шыққан кезінде қара түсті спорттық костюм мен қара түсті кепка киген. Қолында көк түсті пакеті болған.
«Қазіргі уақытта полиция із-түзсіз жоғалған Ерғат Хамитұлына жедел іздестіру шараларын ұйымдастыруда. Тәртіп сақшылары ер адамды Бірлік шағын ауданына дейін жеткізіп тастаған такси жүргізушісінен жауап алған. Сондай-ақ, жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары толықтай тексерілді. Ер адам Омбы бағытындағы аялдамада қарсы беттен велосипедпен келе жатқан адаммен кездескені белгілі. Қазір оны іздеуге Көкшетау қалалық Полиция басқармасының толық жеке құрамы жұмылдырылды», - деп толықтырды Гүлнәр Пинчук.
Полиция Ерғат Хамитұлы Қабдушев жайлы қандай да бір ақпарат немесе орналасқан жерін білгендер болса, дереу «102» телефонына хабарласуды өтінеді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы