"Банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмыз": Петропавл тұрғыны 8 миллион теңгесінен айырылып қалды
"Банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмыз":  Петропавл тұрғыны 8 миллион теңгесінен айырылып қалды
Петропавл тұрғыны алаяқтарға алданып, сегіз миллионнан астам теңгесінен айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Петропавл полицейлері қалалықтардан сақ болуды және “банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмыз” деген алаяқтардың құйтырқы әрекеттеріне сенбеуді сұрайды. Интернет алаяқтар Петропавлдың 44 жастағы тұрғынына сегіз миллион теңгеден астам шығын келтірген. Әйел “банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмыз” деген алаяқтардың сөзіне сеніп қалған. Бейтаныс дауыс оған шотында күдікті әрекеттер жүргізіліп жатыр деп хабарлаған. Ақшаны сақтап қалу үшін оны “қосалқы шотқа” аудару қажет деген. Әйел қылмыскерлердің нұсқауын орындап, барлық жиған-тергенінен айырылып қалған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-б. (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Полицейлер қала тұрғындарынан қаскөйлердің жалған сөздеріне сенбеуді сұрайды.
– Есте сақтаңыздар, банк қызметкерлері қандай жағдай болмасын, клиенттеріне сол немесе басқа да қаржы операцияларын орындауға күштеп көндірмейді. Алаяқтардың барлық сценарийлерінің ішіндегі бұл әрекеті зор шығынға ұшыратады. Қылмыскерлер сенімді, табанды түрде әрекет етіп, өз құрбандарының қаржы істеріне қатысты көп нәрсені білуі мүмкін. Қысымшылық көрсетіп, ақша аударуды немесе кодтар мен құпия сөздерді айтуды талап еткен жағдайлар да белгілі. Өзіңіздің банктегі активіңізге біреудің қол сұғуына жағдай жасамаңыз, яғни, құпия мәліметтеріңізбен бөліспесеңіз, сонда ғана қылмыскерлердің дәрменсіз екендігін естен шығармаған жөн. Қауіп туралы жақындарыңыз бен туыстарыңызға ескертіңіздер, алаяқтарға сенбеңіздер. Күмәнді жағдайларда өз шоттарыңыз жайлы нақты ақпарат алу үшін банкке жүгініңіз, - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.