Жылыту маусымына дайындық пысықталды
Жылыту маусымына дайындық пысықталды
358
оқылды

Алматы облысында 2020-2021 жылғы жылыту маусымы ойдағыдай өтті. Ешқандай төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Қыс айларында ешбір мекеме отын-су тапшылығын көрмеді. Соған сай жылыту  маусымының  қорытын­дысы шығарылып, жақсы жағынан көрінген аудан-қала әкімдік­теріне коммуналдық техникалар сыйға тартылды. Кейбір жекелеген кемшіліктер де аталып, алдағы жылыту кезеңіне дайындық барысы да пысықталды.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашовтың төрағалығымен онлайн режимде өткен әкімдік отырысында  2020-2021 жылдардағы жылыту маусымы­ның қорытындысы және алдағы жаңа жы­лы­ту маусымына дайындық жайлы облыс­тық Энергетика және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық басқармасының басшы­сы Бағлан Тәнекенов баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылыту маусы­мына дайындыққа және оны өткізуге бюд­жеттен 15,4 млрд теңге бөлінген. Жылыту маусымының сапалы жүргізілуі үшін 35 қа­зан­дықтың негізгі және қосалқы жабдық­тары, 64,3 шақырым жылу желісі, 13,7 мың ша­қырым электр желісі және әртүрлі кер­неудегі 3 016 трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделген. Қазір облыс бойынша жылумен қамтамасыз етуді 35 орталық­тандырылған қазандық жүзеге асырады және олардың 16-сы – көмірмен, газбен, 3-еуі мазутпен жұмыс істейді. Былтыр жылумен қамтудың 16 жобасы іске асырылып, оған 7 млрд теңге бөлінген. Соның ішінде 3,7 млрд теңгесі «Жұмыспен қамту Жол картасы 2020» бағдарламасы арқы­лы қарастырылған. Қазандықтарды газға ауыстыру, блокты-модульді қазан­дықтар орнату  жүйелі жүріп жатқан көрі­неді. Дегенмен маусым барысында  кейбір технологиялық заңбұзушылықтар, халықты электр энергиясымен, сумен және орталық жылумен үздіксіз қамтамасыз етуде бірқатар проблема да кездесіпті. Атап айтқанда, Алакөл, Еңбекшіқазақ, Іле, Талғар ауданы мен Талдықорған, Қапшағай қалаларының тұрғындарынан пәтерлердегі темпера­тураның төмендігіне қатысты шағым түскен. «Алдағы кезде осындай кемшіліктерді болдырмас үшін аудан, қала әкімдіктері жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейтіп, сапалы және уақытылы дайын­дық жүргізуі керек. Коммуналдық кәсіп­орындар мен бюджеттік секторға қажетті отын мөлшері алдын ала дайындалуы тиіс. Конкурстық рәсімдерді аяқтап, жазғы уақытта тасымалдауды жүзеге асырған жөн.  Денсаулық сақтау нысандарын қосымша сыйымдылықпен қамтамасыз ету қажет. Коммуналдық және иесіз электр жүйелеріне шұғыл түрде құқық белгілейтін құжаттарды дайындап, оларды энергия беруші ұйым­дардың балансына өткізу қажет» деп атап өтті облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма­сының басшысы. Алдағы 2021-2022 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа  бюджеттен 13,7 млрд теңге қарастырылыпты. Жылумен жабдықтаудың 4 жобасын іске асыруға 3,26 млрд теңге бөлінген. Бюджеттік ұйымдар үшін 25,1 мың тонна көмір, 4,6 мың тонна пеллет және 25,9 млн литр дизель отыны сатып алынады. Жылыту маусымы басталғанға дейін Талдықорған қаласының 2 қазандығын газ жүйесіне ауыстыру жоспарланып, оған облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге қарастырылған. Басқарма басшысының мәліметі бойынша, облыста 1,2 млн адам табиғи газға қол жеткізген. Биыл бюджет есебінен 19 елді мекенді газдандыруға 6,4 млрд теңге бөлініпті. Талдықорған қаласы әкімінің орынбаса­ры Асқар Бегманов, Текелі қаласы әкімінің орынбасары Елдос Мырзабек, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров сөз алып, жылыту маусымына дайындық жайын баяндады. Әкімдік отырысының соңында жылыту маусымының қорытындысы шығарылып, үздіктерге сый-сияпат көрсетілді. Атап айт­қанда, Кеген ауданына облыс әкімінің І дәрежелі дипломы мен жүк тиегіш техника, Талғар ауданына ІІ дәрежелі диплом және қоқыс шығаратын көлік, ал үшінші орынға ие болған өңірлер ретінде Еңбекшіқазақ және Ұйғыр аудандарына арнайы диплом мен тракторлар берілгені айтылды. – Өткен жылыту маусымы уақытында қабылданған шаралардың арқасында штат­тық режимде өтті. Енді алда келесі жылыту кезеңіне дайындыққа мұқият болу міндеті тұр. Әсіресе, бюджеттік сала нысандарына дизель отынының дер кезінде толық көлемде жеткізілуі басты назарда болуы тиіс. Жылыту маусымы басталғанға дейін бюджеттік сала нысандарында қазан­дықтарды газға ауыс­тыру, жаңғырту жүзеге асырылсын. Энер­гетика және тұрғын үй-коммуналдық шар­уашылық басқармасы, Қарасай, Еңбек­шіқазақ, Панфилов, Ұйғыр аудандарының әкімдері, күзге дейін 36 блокты-модульді қазандықты орнатып, мүлік иелерінің бірлестігін құрыңыздар. Барлық аудан, қалаларда көппәтерлі тұрғын үйлердің ішкі жылу желілерінің дайынды­ғын қамтамасыз етіңіздер. Жаңа жылыту мау­сы­мын үздіксіз өткізу дайындық жұмыс­тарының уақытылы, сапалы жүргізілуіне тікелей байланысты екенін ұмытпаңыздар, – деді жиынды қорытындылаған облыс әкімі­нің міндетін атқарушы.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы