Жетісу жерінде екі қолға бір күрек іздегендерге барлық қолдау жасалып жатыр. Түрлі мемлекеттік бағдарлама аясында жүздеген жан кәсібін бастап, табыс тауып жүр. Осындай қолдаулар арасында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шапағаты үлкен болып тұр. Басқаны айтпағанда, осы бағдарламадағы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша жобаны әр жылдары аяқтаған 600-ге жуық азамат кәсібін дамыту үшін қаражатқа қол жеткізді.
Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің мәліметіне сәйкес, «Бастау Бизнес» жобасының бірінші ағымында 731 қатысушы білім алған. Оның ішінде 195 қатысушы жастар санатында болса, 425 адам – 30 бен 49 жас аралығындағылар. Қалғаны 50 жастан жоғарылар. Білім алғандардың ішінде тек 33 адамның кәсіпкерлікте тәжірибесі бар, ал қалған қатысушылардың көпшілігі жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 24 мамырдан бастап жобаның екінші легі басталды. Облыс бойынша 960 адам оқуға кірісіпті. Карантин шараларына байланысты өткен жылдағыдай оқыту Atameken Academy онлайн платформасы арқылы қашықтан жүргізіледі. «Аудандар мен қалаларда қатысушылармен бизнес жаттықтырушылар мен кеңесшілер жұмыс істейді. Жалпы, 5 лек бойынша оқыту ұйымдастырылып, осы жылдың қыркүйегіне дейін жалғасады. Айта кету керек, жыл басынан бері «Бастау Бизнес» жобасының 600-ге жуық түлегінің жобасы қаржыландырылды, оның ішіндегі 45 адам 2021 жылдың бірінші легінің қатысушылары», – дейді өңірлік палатаның бөлім басшысы Сәния Наурызбаева. Кәсіпкерлер палатасында оқыту 21 күн ішінде өтіп, оның қорытындысы бойынша оқуды аяқтағаны немесе қатысқаны туралы сертификат беріледі. Осы сертификат арқылы жоба түлегі 200 АЕК көлемінде өтеусіз грант немесе 6% жеңілдікпен несие алуға үміткер бола алады. Оқытуға жұмыссыздар; еңбекке қабілетті мүгедектер; жастар, оның ішінде NEET санаты; аз қамтылған және/немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері; зәкірлік кооперацияға қатысушыларды қоса алғанда, зейнет жасына жетпеген ауыл шаруашылығы кооперативтерінің, шаруа және фермер қожалықтарының мүшелері; қоныс аударушылар мен қандастар қатыса алады. Биыл жобамен оқу үшін қатысушылар жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін қоса беріп, халықты жұмыспен қамту орталықтарына өтініммен жүгінуі қажет. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жобаның нысаналы тобына сәйкестігіне үміткер мәртебесі расталған кезде оқытуға жолдама береді. Үміткерлер оқу үшін электронды цифрлы қолтаңба арқылы atameken.co сайтында тіркеуден өз бетінше өте алады. Мемлекеттік қызметшілер кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды және курсқа қатыса алмайды. Сондай-ақ бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдер мен орта арнаулы оқу орындары мен жоғары оқу орындарының студенттері курстың тыңдаушысы бола алмайды. Өткен жылы Алматы облысында «Бастау Бизнес» аясында 3 022 қатысушы кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылды, 2 мыңнан астам жоба жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге қаржыландырылды.Болат АБАҒАН, Алматы облысы