«Болашақтың энергиясы»: замана көшіне ілесу кілті

«Болашақтың энергиясы»: замана көшіне ілесу кілті

Қысқа күнде қырық құбылған жаһанда Қазақстанның өз орнын табуы үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі орасан-ды. Тұңғыш Президент – ел басқарған уақытының әр кезеңінде түрлі ұсыныстар айтып, өз ойларын жүзеге асыра білген саясаткер. Елбасының кейбір шешім­­де­­рін бұқара түсінбей қалуы да мүмкін. Алайда ұзақмерзімдік миссия тұрғысынан қарастырсақ, қабылданған әр шешімнің маңызды екенін түсінеміз. Елбасының елордада халықаралық EXPO-2017 көрмесін өткізіп, қайта қалпына келетін қуат көздерін пайдалануды алдыңғы қатарға шығару бастамасы еді. Бұл тек имидждік, инвестиция тартуды көздеген шара ғана емес, азаматтар танымын трансформациялауға бағытталған қадам болатын.

«Болашақтың энергиясы» кіріптарлықтан құтқарады

Әдетте былайғы жұрт Астана қаласында 2017 жылы өткен халықаралық маман­­дандырылған EXPO-2017 көрмесін жақсы біледі. Жаһандағы мемлекеттер кезектесіп ұдайы өткізіп келе жатқан көрмені ұйым­дастыру үшін Елбасының түрлі келіссөздер жүргізгенін, Қазақстан дипломаттары барын салғанын, көрмені өткізу мүмкіндігі елімізге берілген соң қызу жұмыс істелгенін жақсы біледі. Тіпті, жұмсалған қаржыны да есептейтіндер бар. Бәлкім, қысқа­­мер­зімдік өлшемде елордада өткен көрме үшін жұмсалған қаржы ақталмағандай болуы мүмкін, бірақ Елбасының осынау идея­сының астарында елдің стратегиялық да­муына ықпал етуі тиіс мақсат жатыр. Әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың көрме өткізу мүмкіндігі Қазақстанға берілгенін ең басты жетістік деп атағаны рас. Елбасы: «Ең басты жетістік – осы көрмені жеңіп алуы­мызда. 162 мемлекет өткізгісі келді. Көрме­лердің тарихы – 100 жыл. Әр тақы­рыпта, әр бағытта дүниежүзінде көрмелер өт­кізіледі. Осының алдында Миландағы көрмені барып көрген едім. Ол әншейін уақытша жасалған ғимараттардың ішінде өтті. Біткеннен кейін барлығын таратып алып кетті. Сондықтан ең маңыз­­дысы, біз жас ел болғаннан кейін Қазақ­­станды дү­ние­­жүзіне көрсете білуіміз керек. Мұның төңірегінде әлі көп жұмыс істеу қажет», – деген еді. Сөйтіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті көпші­­ліктің бүгіншіл өлшемін ескере отырып, мәселенің мәнін ашып берген болатын. Ал іс жүзінде «Болашақтың энергиясы» дейтін идея тым кең, елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен дамуына тікелей әсер ететін дүние еді. Жалпы, ХХІ ғасырда адамзат бірте-бірте дәстүрлі қуат көздері – мұнай, көмір, газдан бас тартуға бекінген сыңайлы. Жұ­мыр жерді мекен еткен барша адам мұн­дай ойға бекініп, барлық мемлекет осындай қадамға бармағанымен, дамыған елдер қуат көздерінің тиімді, жаңа түрлерін із­естіріп жатыр. Атмосфераға көмір­қыш­қыл газын шығаруды тежеу үшін саясат­керлер жиі-жиі бас қосатын болған қазір. Бұл бағытта технология да дамып келеді. Мә­селен, Қазақстанның бас шаһары халық­аралық көрмені өткізу құқына ие болған 2012 жылы атақты Tesla компаниясы өзінің Model S маркалы екінші көлігін енді шы­ғара бастаған-ды. Электрокарлардың та­нымалдығы қазіргідей емес еді. Toyota-ның Mirai дейтін сутегі көлігі әлі шықпаған кез. Қазір ғой, қоршаған ортаға зияны жоқ көліктердің қаптап жүргені. Ал сонау 2010-2012 жылдары олар аз еді. Әлемнің 35 мем­лекеті бірігіп Францияда термоядролық синтез реакторын салып жатқанын да ешкім білмейтін. Сөйтіп, дамыған елдер нарықтан атом электр стансаларын да ығыстыру ісіне кірісіп кеткен болатын. Осындай жағдай Қазақстанның да әлемдік трендтерге ілесуі қажет еді. Тым болмағанда халықаралық көрме арқылы жаһандағы технологиялық жаңалықтарды бұқара білсін деді ме, әйтеуір Елбасы «Болашақ энергиясы» тақырыбында көрме ұйымдас­тыруға бел буды. Сөйтіп, сарқылатын қуат көздеріне сүйене беруге болмайтынына көп­шіліктің көзін жеткізу мақсатын көздеген тәрізді. Ал қалпына келетін қуат көздерін пай­далану арада жылдар өткенде өзгеге энер­гетикалық және технологиялық тұр­ғыда кіріптар болмаудан құтқаратыны сөзсіз. Әрі «қоршаған ортаға зиян тигізбеу қажет» дейтін талаппен жаһандағы дамыған елдер дамушы елдерге түрлі саяси, экономикалық қысым жасай қалса, қарсы айтатын уәж болу үшін де EXPO-2017 көрмесі өтті. Елба­сының ойынша, EXPO-2017 көрме­сінің өзегі болған баламалы энергия қазіргі ғылым мен техниканың ең озық үлгісі саналады. Әрі бұл бағытта нақты қадамдар жасалды. Көрме орнында Астана халық­аралық қаржы орталығы, ІТ-стартап паркі жұмыс істеп тұр. Осылайша, Қазақстан ға­ламдағы технологиялық дамудан тыс қалмауға ұмтылып келеді. Ел экономикасына серпін берген шара EXPO-2017 көрмесі туралы сөз еткенде оған дайындық шараларына тоқталмай өтуге болмайды. Қазақстан көрме өткізу құқына ие болған соң, бірден даярлық басталған. Сөйтіп, мыңдаған адам жұмыс істеп, жүздеген компания, кәсіпорын атсалысқан ірі құрылыс басталған-ды. Сөйтіп, елорда құрылысының саябырлай бастаған қарқыны қайта күшейген еді. Елбасы бір сөзінде: «Астанаға, Қазақстанға пайдасы көп болды. 1 400 қазақстандық компания қатысып, құрылыс материал­дарын берді, құрылыс жұмыстарына қатысты. Олар 640 млрд теңгенің қара­жатын игерді. Қонақ үйлердің, мейрам­ханалардың, дүкендер мен концерт зал­дарының барлығы толды. Олардың бар­лығы ақша тапты, бизнес көтеріліп, қала бюджетіне үлкен қаржы құйылды. Осының барлығы пайдалы. Негізгісі бүкіл дүние­жүзінен, 185 елден адамдар келді, Қа­зақстанның облыстарынан мүлдем Аста­наны көрмегендер келді» деген еді. Яғни, тағы бір мега жобаны жүзеге асыру арқылы Н.Назарбаев жұмыс күшінің сыртқа гас­тарбайтер болып кетіп қалуына жол бер­меді. Әрі елдің түкпір-түкпірінен келген жұмысшылардың тапқан табысы арқылы қаржының белгілі бір мөлшері өңірлерге де жетті. Құрылысшылар отбасыларын асырады. Сөйтіп, 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін қа­лыптасуы мүмкін күрделі кезеңді отандас­тарымыздың қиналмай өткізуіне мүмкіндік ашылды. Одан бөлек, «бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» дейтін халық­тың елорданы көріп, әлемдік техно­логияның жетістіктерімен танысуына мүм­кіндік туды. Ел астанасы Арқа төсіне көшірілгеннен бері ат ізін салмаған отан­дас­тардың елордаға ағылғанын көрдік. Бұл дегеніңіз жолаушы тасымалы сала­сының да бойына қан жүгірткені сөзсіз. Ал қандай да бір салада даму басталса, онда тәуір қаржы айналады деген сөз. Тіпті, тіркел­меген таксишілер де мол пайдаға кенелгені бар. Елбасы сол кезде: «2 милллион адам келеді деп ойлап едік, 4 миллионға жақын адам келді. Жалпы, ары-бері кіріп шыққан адамдардың саны 25 миллионнан асты» деген еді. Бұл – орасан зор көрсеткіш. Қысқасы, «Болашақтың энергиясы» атауымен өткен көрменің бергені мол еді. Берері де таусылған жоқ. Көрмеден кейін балама қуат көздерін тұтынушылар саны артып келеді. Бірнеше аймақта күн, жел электр стансасы іске қосылды. Мемлекет бұл бағытта нақты саясат ұстанып келеді. Ең бастысы, көпшілік қалпына келетін қуат көздері саласындағы технологиямен танысты.

Ардақ СҰЛТАН