Ұлттық құндылықты қорғайтын заң жоқ
Ұлттық құндылықты қорғайтын заң жоқ

Қазір қоғамда жаза басып, ар­тынан кешірім сұрап видео жа­риялау трендке айналып кетті. Ұлттық құн­дылықтарымызға зия­нын тигізіп, қор­лағандар да осы­лай істейді. Оларға заң жүзінде шара қолданып, тыя аламыз ба? Өйткені дастарқанға шығып, ұлт зия­лыларын TikTok-та «тірілтіп» жат­қандар бар. Тіпті, Туы­мызды жерге төсеп билегенде де ләм-мим дей алдық па?

Мамандар не дейді?

Иә, мұндай мәселенің көте­­рілуіне жақында Абай ескерт­­­кішіне жұмыртқа лақтырған жі­гіттің ісі себеп болды. Бүлдіруін бүл­діріп алып, артынша «сүйік­­­тіммен ұрысып қалғасын өшімді ескерткіштен алдым» деді. Әрине, әдеттегідей кешірім сұрап, видео түсіріп, енді қайталамайтынын айтты. Қоғам тағы да делсал күйге түсті. Неліктен? Себебі елімізде ұлттық құндылықты қорғайтын заң жоқ. Нақтырақ айтсақ, құн­дылыққа моральды түрде зиян тигізгендерге ауыз аша алмай отыр­мыз. Осыдан біраз уақыт бұрын дастарқанның үстіне аяқ­киіммен шығып, жалаңаш дене­сіне шапан жапқанын да көрдік. Кеудесін ыза кернегендер «рухани құндылыққа түкіргендер кешірім сұрап құтыла сала ма?» деп үн қосқан. Расымен, ұлттық құнды­лықты заң жүзінде қорғай ал­­маймыз ба? Осы сұрақ төңірегінде бірнеше заңгермен әңгімелестік. Сонда Қанат Қожабеков қандай жағ­дайда жауапкершілікке тарты­­латынын атап өтті. Оның ай­туынша, жасаған әрекетінің дең­гейіне байланысты жаза қол­данылады. Егер де істе қылмыстық құқықбұзушылықтың сипаты болса, қылмыстық жауапкер­шілікке тартылады. Мысалы, се­паратизм, экстремизм болса, Қа­­­зақстан тәуелсіздігіне нұқсан келтірсе, территорияаралық тұ­тастығымызды бұзса, қылмыс­тық жауапкершілікке тартуға болады. Негізінен, аталған мы­салдар бойынша қылмыстық заңда арнайы баптар бар. «Әрине, кешірім сұрау әдетке айналды. Жауапкершілікке тарта алмау құқық қорғау орындары өз жұмысына ұлттық, мемлекеттік тұрғыда қарай алмауынан болып отыр. Мұны құқық қорғау орган­дарының әлсіздігі деуге болады. Иә, Абайдың ескерткішіне жұ­мыртқа лақтырып, дастарқанның үстіне шыққаны үшін Қылмыстық кодексте жауапкершілікке тарту жоқ. Ескерткішті бүлдіру бойын­ша, оны қиратып тастаса, қыл­мыстық жауапкершілікке тартуға болады. Ал бояп, тас пен жұмырт­қа лақтырса, Әкімшілік кодекстегі «Ұсақ бұзақылыққа» жатқызамыз. «Қазақтар осындай» деп кемсітіп, әлеуметтік алауыздық тудырып, «Солтүстік – Ресейдің жері» дей­тін әңгіме айтса, қылмыстық жауап­кершілікке тартылады. Ал құндылыққа келсек, оған мате­риалдық шығын келтіргенде ғана жауапкершілікке тартылады. Жалпы, әрекеті әкімшілік іске жатып, кешірім сұраса ары қарай қазбалай алмайды», – дейді заңгер. Сондай-ақ ол «Мәдени құн­дылықтарды бүлдіруге» қатысты бап барын айтты. Ұлттың қор­ғауындағы ескерткіштерді бүл­діріп, материалдық шығын кел­тірсе қылмыстық жауап­кер­ші­лікке тартылады. Мысалы, ес­­­керт­кішке қарап, «адамға емес, басқа нәрсеге ұқсайды» десе жауап­­қа тарта алмайсыз. Ал егер қазаққа тіл тигізіп айтса, онда ол 174-баппен жауапкершілікке тартылады. Бұл – ұлтты кемсіту. Нақтырақ айтсақ, сыбызғы, домбыраға қатысты теріс ой ай­тып, сындырса жауапкершілік жоқ. Ал домбыраны сындырып, «қазақтарды да осы домбыра сияқты сындыру керек» десе, заң алдында жауап береді. Рәміздерге қатысты да осындай тұжырым жасаймыз. Мысалы, туды жыр­тып, таптаса оны әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Ал ою болсын, ұлттық киім мен аспап­тарға байланысты жауапкершілік ешбір заңда көрсетілмеген. Мем­лекет тарапынан қорғалатын та­биғи ескерткіштерді бүлдіріп, ма­териалдық шығын келтірсе жауапкершіліктен қаша алмайды. Ал шапан мен жұмыртқаға келсек, вандализм, «Ұсақ бұзушылық» деуден ары аса алмаймыз.

Әкімшілік кодекстен әрі аса алмаймыз

Осы мәселе біраз жылдан бері заңгер Абзал Құспанды да мазалап жүр. Ол бұған қатысты ұсыныс айтып, халықаралық тәжірибеден мысал да келтірген. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ. Халықтың ұлт­тық құндылықты қорлау ту­ра­сында біраз уақыт айтып, жылы жаба салатынына да қапалы. Егер ел болып талап етсе, мәселе ше­шілуі мүмкін екен. «Әкімшілік не Қылмыстық заңнамада ұлттық құндылықтарға немесе қазақ ұлтының ар-на­мысына, абыройына нұқсан кел­тіргені үшін, соның ішінде қа­сақана нұқсан келтіргені үшін ешқандай жаза жоқ. Мысалы, Түркияда «түрік халқының ар-намысына тигені үшін» деген қылмыстық кодексте бап бар. Негізі, Түркия Еуроодаққа кіргісі келеді. Бірақ Еуроодақ оларды «көптеген параметр бойынша демократиялық талаптарға сәйкес келмейді» деп қабылдамай отыр. Соның ішінде аталған бап та бар. Соған қарамастан түріктер бірінші кезекте ұлттық құндылықтарын алға шығарып отыр. Меніңше, түріктер ұлт ретінде жер бетінен ешқашан жойылып кетпейді. Өйткені олар оны заң түрінде де, сөз жүзінде де, іс жүзінде де, керек болса қарумен қорғайды. Ал бізде ұлттық киімді киіп алып, әдейі дастарқанның үстіне шығады. Одан кейін жалаңаш денесіне ұлттық киім жауып, қорлайды. Абайдың ескерткішіне жұмыртқа лақтырады. Осының бәрін көре отыра, тиісті жаза қолданбаймыз. Тек қана жалпылама баптар, Әкім­­шілік кодексте «Ескерткішті қорлау», Қылмыстық кодексте 174-баппен ұлтаралық дау-да­май­ды қоздыру ретінде қа­раймыз. Бірақ нақты қазақ халқының ұлт­тық құнды­лық­тарымен байла­нысты нақты бап жоқ. Қазақ халқының мүддесі Қазақстаннан басқа қайда қор­ғалу керек? Ресей мен Америкаға барып ұлттық құндылық жайлы әңгіме айта алмаймыз. Сон­дықтан дәріптеу де, қорғау да Қа­зақстанда жүзеге асырылуы тиіс», – дейді заңгер. Қос заңгердің сөзіне сүйенсек, сіз бен біз де, құқық қорғау ор­гандары да Әкімшілік кодекстің 434-бабынан ары аса алмаймыз. Бұл мәселеге екінші жағынан қа­рап, кешірім сұраумен істі жылы жауып қоюды жалғастыруға бол­мас. Мәселен, қазір әлемде «маған әлеуметтік желіде ар-намысыма нұқсан келтірді» деп қыруар ақша талап ететін тенденция пайда болды. Ал бәзбіреулер жеке адамға емес, тұтас ұлттық құндылығына қол сұғып отыр емес пе? Заңмен қатаң жауапкершілікке тарт­пағасын адамдардың психол­о­гиясы өзгереді. Артынша әлеу­меттік ортаға, құндылығына қар­а­мастан бүлдіре бастаймыз. Мұны көріп өскен жастар не де­мек? Байқасаңыз, мәселенің ау­қымын көрсетеміз деп шыр­ғалаңға түсіп барамыз. Сондықтан билік­те­гілердің ұлттық құндылық мә­селесін мінберде көтеріп, ортақ шешімге келгені дұрыс-ақ.

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ