NS радиосына ширек ғасыр толды

NS радиосына ширек ғасыр толды

Еліміз аумағында хабар тарату ісінде ра­диолардың да үлесі мол. 1896 жылы өнер­тапқыш А.С.Попов алғашқы радио­қабыл­дағышты жасап шығарған екен. ХХ ғасырда радио адамзат үшін ақпарат алу­дың негізгі құралы саналды. Франция елін­дегі әйгілі Эйфель мұнарасына да радио антенналары ор­натылуы себепті демонтаж жасалмай, қа­зір кереметтердің қатарында тұр. 1917 жылы Қазан төңкерісі радиодан хабарланған тұң­ғыш саяси оқиға болды. Содан бері радио қай сала болмасын, ақ­парат таратудан тыс қал­май, маңыз­ды­лығын әлі жойған емес. Биыл «Нұр-Медиа» холдингінің құрамына кіретін NS радио­сы­ның 25 жылдығы. Ширек ғасыр бойы тың­дарман үшін тынбай еңбектеніп келе жатқан радио ұжымы жайлы сөз қозғауды жөн көріп, NS радиосының музыкалық бағдар­ла­малар жүргізушісі Әсет Рахманбердиевпен сұхбаттасқан болатынбыз. – ХХІ ғасырда ақпарат айды­нындағы радионың үлесі қандай, хабар тарату тиімділігіне қандай баға бересіз? – Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарында телеарналардың, газет пен сайттардың өзіндік ерекшелері мен мүмкіншіліктеріне қарай жекелеген орны бар. Сол секілді радиолар да жоғары баға­лауға тұратындай мүмкін­ші­лікке ие деп білемін. Әр радионың өз тыңдарманы, аудиториясы бо­лады. Былтырдан бастап NS ра­диосы толықтай сипатта, түбе­гейлі өз­герістерге бет алды. Біздің тың­дарманымыздың көпшілі­гі – позитивті жандар. Ақпарат тара­тудың тиімділігі, жылдам­дығына келер болсақ – ескерер дүниелер көп. Қоғамда түрлі са­лада жұмыс істейтін адамдар бар. Көбіміз жолға шығып, көлікпен жүреміз. Көлікте көп жүретін адамдардың газет оқуға немесе ұялы телефон арқылы жаңалық қарауға, телеар­наларды шолып шығуға уақыты жетпей жататын кездер де болады. Сол сәттерде соңғы жаңалықтардан хабардар болып, әр бағыттағы әндерді тың­дағымыз келсе – ра­дионы қоса­тынымыз сөзсіз. Ақпа­рат таратуда радионың айтар­лық­тай орны осыдан-ақ білінеді. – Алғашында радиолар «халық­ты жақындастыру құралы» деп атал­ған екен. NS радиосы тың­дар­манды қандай бағдарлама, жобалар арқылы жақындастыра алады? – Қазіргі кезде NS радиосы­ның 28 хабар тарату нүктесі бар. 70 ірі елді мекенде тәулік бойы қосылады. Радиомызда көбіне ақ­параттан бөлек, сауықтық бағ­дар­ламалар да жүргізіледі. Соның бірі – түнгі 22.00-де басталатын «Шулайық» шоу-бағдарламасы. Атына қарап, тек эстрада әншілері қатысатын бағдарлама болар деп ойламаңыз, әртүрлі саланың ма­мандары қатысып, сұхбат береді. Керекті кеңестер мен әзіл де ай­тылады. Тыңдарманның позитивті көңіл-күймен жүргенін қалаймыз. Осы секілді жобалар қажет же­рінде күлдірте біліп, адамдарға қуаныш сыйлау арқылы жақын­дастыра алады деп ойлаймын. – Биыл ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. Ұлттық құндылықтармен қатар, Абай мұрасын насихаттауда қандай шаралар жоспарланып отыр? – Радио ұжымы ұлы хакімнің мерейтойын назардан тыс қал­дырған жоқ. Бағдарламаларға абай­танушы ғалымдарды шақы­рып, тыңдарманға сауықтық жобалар мен әндерден бөлек, рухани дүниелерді де дәріптегіміз келеді. Әдебиет – адамның жан азығы. Абай бейнесін, ілімін ха­лық жадына сіңіру үшін NS ра­диосы бағдарлама әзірлеуге даяр. Елге рухани ақпарат тарату – ра­дионың бір мақсаты. – 2007 жылдан бастап NS ра­диосы мемлекеттік тілде хабар тарату үлесін көбейтті. Радио сай­ты (ns.kz) қазір мемлекеттік және ресми тілде қатар ақпарат бере ала­ды. Тыңдарман сапаны да талап етеді. Жұмыс жүйесі қалай орын­далады, келешектегі жоспарла­рыңыз қандай? – Ақпараттық кеңістікте, ра­дио толқынында қос тілде хабар тарату тиімді деп есептейміз. Қа­зақ тілі мен орыс тілі – тың­дар­ман­ның талғамына сәйкес қол­данылады. Үлесі тең – 50/50. Жұмыс жүйесі мен сапаға келсек, әлеуметтік желінің мүмкіншілігін пайдалануға көштік. Instagram, Facebook қосымшаларында па­рақ­шала­рымыз бар. Алдын ала бағдарлама жоспары мен сұхбат­тасуға ша­қырылған қонақтар жай­лы ха­барлап отырамыз. Youtube желі­сінде де арнамыз бар. Көп­шілік сұхбатты тыңдап үлгере алмадық деп жатады. Сол үшін арнаға тіркеліп, бағдарламаның толық нұсқасын қарауды ұсына­мыз. Жаңа заманның талабына сай, үдесінен қалмаудың бір жолы. – NS радиосы көпшілікке му­зыкалық бағыттағы бағдармалар арқылы танымал. Әндерді қандай ерекшеліктерге сүйеніп ұсына­сыздар? – Былтыр радионың бағы­тына, сипатына өзгеріс пен серпі­ліс қажет болды. Ұжым ойлана келе, радионың жаңа ұраны – «Біз әуеннен жаралғанбыз» деген нұс­қаға тоқтады. Содан кейін original, rock, jazz, lounge, қазақ әндері мен соңғы кездері жастар­дың сұранысына ие болып отыр­ған орыс тіліндегі танымал ән­дерді тыңдарманға ұсындық. Өнер атаулының негізгі төрт са­ласы бар десек, бірі – музыка. Келешекте классикалық музыка бағытын қол­ға алып, орындау­шы­ларды шақырып, елге бөлісуіміз мүмкін. – Сұхбатыңыз үшін рақмет! Ширек ғасырлық белестен ат­та­ған радио ұжымының жұмысына жеміс тілейміз!   Сұхбаттасқан Мадияр ТӨЛЕУ