Ел егемендігінің 30 жылдық белесінде экономикалық тұрғыдан ғана емес, қорықтар мен ұлттық парктері арқылы да танылғаны белгілі. Бұл қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, туризмді дамытуға өз септігін тигізді. Бүгінде Қазақстан қорықтар саны бойынша ТМД елдері арасында 16-орында болса, қорықтардың барлық аумағы – 1 610 973 гектар. Алайда бұл табиғаты сан алуан Отанымыздың барлық кереметін көрсетуге жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет жылда қорықтар мен ұлттық парктер санын көбейтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын кеңейтіп жатыр.
Ең әуелі еліміздегі ерте құрылған қорықтарға тоқталсақ, қазіргі Түркістан облысындағы Ақсу-Жабағлы қорығы еске түседі. Ол 1927 жылы құрылып, атауы Ақсу және Жабағлы атты екі өзеннің атынан құралған. Әсіресе, Ақсу өзені өзінің өтуге ыңғайсыз тік жағасымен ерекшеленеді. Жалпы ауданы – 85,3 мың гектар. Мұнда Талас Алатау солтүстік-батыс шатқалы мен Угам шатқалының көркем биіктаулы ландшафты кіреді. Қорықта өсімдіктің 1 404 түрі, аңдардың 47 және құстардың 239 түрі мекен етеді. Ең ерекше жануарлардың ішінде мұнда сібір тауешкілері, еліктер, қабан, аққұлақ, грифтер, қар барысы, түркістан сілеусіні, арқар, Тянь-шань аюы, бүркіт, балобан және улы жыландар бар. Қорықтың Қаратау тауларының еңісінде Қарабастау және Ақбастау палеонтологиялық қабірлері орналасқан. Онда осыдан 120 миллион жыл бұрын теңіз бассейнінде тіршілік еткен түрлі балықтар, моллюска, тасбақа және юр кезеңі жәндіктерінің іздері сақталған. Қостанай облысындағы Наурызым қорығы 1934 жылы құрылды. Қорық Қазақстанның ең оңтүстік массивіндегі қарағай орманы орналасқан Наурызым қарағайлы орманын және суда жүзетін жұмыртқалы құстардың мекен еткен көлдерін сақтау мақсатында құрылған. Қазір аумағы 87,7 мың гектарды алып жатқан қорықта өсімдіктің 961 түрі, 39 түрлі аң мен 239 түрлі құс кездеседі. Өте сирек кездесетін ақ қарқара мұнда ерекше қорғауда. Қорық құрылғаннан бүгінге дейін өміршеңді болуы ең бірінші тәуелсіздік жылдарындағы қамқорлық пен жүйелі жұмыстардың жемісі екені анық. Ақмола облысындағы Қорғалжын қорығы іргесін 1968 жылы қалады. Қорық сирек жұмыртқа салатын қызғылт фламингоны сақтау мақсатында ашылған. Қызғылт фламингоның ең солтүстік отаны Теңіз көлінде. Қорықтың жалпы ауданы – 243,7 гектар. Акваториясы 199,2 гектарды алып жатыр. Мұнда аңның 42 түрі, құстың 298 түрі және өсімдіктің 331 түрі тіршілік етеді. Авиафауна құрамы өте бай. Сирек кездесетін аңдар қатарына пеликан, фламинго және шипун-аққуын жатқызуға болады. Қорғалжын көлі – көктемгі ұшып келу кезеңінде суда жүзетін құстардың мыңдаған санының бірігетін орнына айналғандықтан ол ЮНЕСКО тізіміне айрықша қорғалатын батпақты-көл ландшафт есебінде кіріп, қорғауға алынған. Алматы облысындағы Алматы қорығы 1961 жылы құрылды. Аумағы 73,3 гектарды алып жатыр. Мұнда өсімдіктің 137 түрі, жануардың 39 және құстың 200-ге жуық түрі бар. Сирек кездесетіндердің қатарына Тянь-шань қоңыр аюы, қар барысы және Түркістан сілеусіні кіреді. Қорық өзгелерден «Ән салғыш құмдар» құмды төбе жотасымен ерекшеленеді. Оның ерекшелігі – құмдар еңістермен қозғалғанда қатты дыбыс шығарады. Табиғаты өте көркем. Мұнда мұздар мен терең құздар да бар. Шығыс-Қазақстан облысындағы Марқакөл қорығы 1976 жылы Оңтүстік Алтайдың табиғи кешенін қорғау мен тану үшін құрылған. Жалпы ауданы – 75 мың гектар. Қорықта 721 өсімдік, 59 аң және 254 құс түрі мекен етеді. Ерекше қорғалымда марал мен аю. Тектоникалық текті Марқакөл таулы көлі туристер тарапынан ерекше қызығушылық танытуда. Теңіз деңгейінен 1 485 метр биіктікте орналасқан, ауданы – 544 шаршы метр, тереңдігі – 27 метр. Онда сирек кездесетін сиг-ускуч балығы тіршілік етеді. Маңғыстау облысындағы Үстірт қорығы да өз табиғатымен ерекше. Тарихы 1984 жылдан бастау алатын қорық 223 гектарды алып жатыр. Үстірт шоқысының батыс бөлігінде орналасқан. Тұрақты ағынсуы жоқ. Ағынсыз ойыстардың ең ірісі – Барсакелмес. Қорықта 261 өсімдік, 27 аң, 111 құс және 27 бауырымен жорғалаушы қамқорлыққа алынған. Сұр кесірткесі Қызыл кітапқа енгізілген. Сирек кездесетіндер қатарына үстірт муфлоны, ұзынаяқты кірпі, жайран, қарақал, бүркіт, улы жылан, құзғын және балобанды жатқызуға болады. Шығыс Қазақстан облысындағы Батыс-Алтай қорығы тәуелсіздік таңында дүниеге келген. 1992 жылы құрылған қорықтың жалпы аумағы – 56 мың гектар. Онда 564 өсімдік, 30 жануар және 120 құстың түрі бар. Қорықтағы жарыққылқанды (Сібір балқарағайы) және қараңғықылқанды (шырша және пихта) тайга табиғи кешені келушілердің назарын өзіне ерекше аударады. Қызылорда облысындағы Барса-Келмес қорығының тамыры тереңде. 1939 жылы құрылған қорық Арал теңізінің аралында орналасқан. 30 мың гектар жерде 250 түрлі өсімдік, 203 түрлі құс және 56 түрлі жануар тіршілік етеді. Мұнда құлан, жайран, сайғақ, қарсақ, қасқыр сынды жануарларды көптеп кезіктіруге болады. 1997 жылы елімізде Баянауыл табиғи бағы ұйымдастырылды. Оның аумағы – 45 мың гектарға жуық. Ол «жазық дала аралындағы таулы-орманды оазис» деп аталады. Табиғи бақ гранитті, желді, қарағай мен қайың орманымен көмкерілген. Сондай-ақ Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл сынды көлдерімен ерекшеленеді. Бұдан бөлек, Қазақстанда табиғат ресурстарының бөліктерін шектеулі шаруашылыққа пайдалану қарастырылған режимдегі жалпы ауданы 4 600 гектарды алып жатқан 83 кіші қорық бар. Сонымен қатар аң аулау орындары, геологиялық, ботаникалық, зоологиялық, көлді, батпақты, ландшафты кіші қорықтар да аз емес. Олардың қатарына Жамбыл облысындағы «Андасай» қорығын жатқызуға болады. Қорықтың құрылу тарихы тереңде жатқанымен ол «арнайы қорғалатын қаумал» статусын тәуелсіздік таңында алды. Бүгінде мұндағы аң-құс пен сексеуіл ормандары «Зоопром» компаниясының қарауында. Жасыратыны жоқ, ғылым мен техниканың қарыштап дамуы қоршаған ортаға да өз әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан келешек ұрпаққа табиғатты қаз қалпында жеткізуде ұлттық табиғи саябақтар мен табиғи қорықтарының рөлі зор. Бүгінде елімізде ірі 10 қорық пен 12 ұлттық табиғи паркі осы мақсатта жұмыс атқарып жатыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау мен ерекше қорғалымдағы аумақтарды қамқорлыққа алу бастамасын халыққа Жолдауында баса айтты. Бұл бағытта қазір баянды жобаларға жан бітуде. Енді тек бағыттан таймай, Табиғат-Ананың төл тумаларын сақтап қалу маңызды. Бұл – азаттық таңының бізге беріп отырған үлкен сыйы. Осыны билік мінберінде отырғандардан бастап бұқараға дейін түйсінеді деп сенеміз.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы