Мойныңдағы тұмарыңдай табиғат
Мойныңдағы тұмарыңдай табиғат
194
оқылды

Ел егемендігінің 30 жылдық белесінде экономикалық тұрғыдан ғана емес, қорықтар мен ұлттық парктері арқылы да танылғаны белгілі. Бұл қоршаған ортаны қорғап қана қоймай, туризмді дамытуға өз септігін тигізді. Бүгінде Қазақстан қорықтар саны бойынша ТМД елдері арасында 16-орында болса, қорықтардың барлық аумағы – 1 610 973  гектар. Алайда бұл табиғаты сан алуан Отанымыздың барлық кереметін көрсетуге жеткіліксіз. Сондықтан Үкімет жылда қорықтар мен ұлттық парктер санын көбейтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын кеңейтіп жатыр.

Ең әуелі еліміздегі ерте құ­­­рылған қорықтарға тоқталсақ, қазіргі Түркістан облысындағы Ақсу-Жабағлы қорығы еске түседі. Ол 1927 жылы құрылып, атауы Ақсу және Жабағлы атты екі өзеннің атынан құралған. Әсіресе, Ақсу өзені өзінің өтуге ыңғайсыз тік жағасымен ерекшеленеді. Жал­пы ауданы – 85,3 мың гектар. Мұнда Талас Алатау солтүстік-ба­тыс шатқалы мен Угам шат­қалының көркем биіктаулы ланд­шафты кіреді. Қорықта өсімдіктің 1 404 түрі, аңдардың 47 және құстардың 239 түрі мекен етеді. Ең ерекше жануарлардың ішінде мұнда сібір тауешкілері, еліктер, қабан, аққұлақ, грифтер, қар ба­рысы, түркістан сілеусіні, арқар, Тянь-шань аюы, бүркіт, балобан және улы жыландар бар. Қорықтың Қаратау тауларының еңісінде Қа­рабастау және Ақбастау палеон­тологиялық қабірлері орналасқан. Онда осыдан 120 миллион жыл бұрын теңіз бассейнінде тіршілік еткен түрлі балықтар, моллюска, тасбақа және юр кезеңі жән­діктерінің іздері сақталған. Қостанай облысындағы Нау­рызым қорығы 1934 жылы құ­рылды. Қорық Қазақстанның ең оңтүстік массивіндегі қарағай орманы орналасқан Наурызым қарағайлы орманын және суда жүзетін жұмыртқалы құстардың мекен еткен көлдерін сақтау мақ­сатында құрылған. Қазір аумағы 87,7 мың гектарды алып жатқан қорықта өсімдіктің 961 түрі, 39 түрлі аң мен 239 түрлі құс кездеседі. Өте сирек кездесетін ақ қарқара мұнда ерекше қорғауда. Қорық құрылғаннан бүгінге дейін өмір­шеңді болуы ең бірінші тәуелсіздік жылдарындағы қамқорлық пен жүйелі жұмыстардың жемісі екені анық. Ақмола облысындағы Қор­­ғалжын қорығы іргесін 1968 жылы қалады. Қорық сирек жұмыртқа салатын қызғылт фламингоны сақтау мақсатында ашылған. Қыз­ғылт фламингоның ең солтүстік отаны Теңіз көлінде. Қорықтың жалпы ауданы – 243,7 гектар. Акваториясы 199,2 гектарды алып жатыр. Мұнда аңның 42 түрі, құстың 298 түрі және өсімдіктің 331 түрі тіршілік етеді. Авиафауна құрамы өте бай. Сирек кездесетін аңдар қатарына пеликан, фламинго және шипун-аққуын жатқызуға болады. Қорғалжын көлі – көктемгі ұшып келу кезеңінде суда жүзетін құстардың мыңдаған санының бірігетін орнына айналғандықтан ол ЮНЕСКО тізіміне айрықша қорғалатын батпақты-көл ланд­шафт есебінде кіріп, қорғауға алынған. Алматы облысындағы Алматы қорығы 1961 жылы құрылды. Аумағы 73,3 гектарды алып жатыр. Мұнда өсімдіктің 137 түрі, жа­нуардың 39 және құстың 200-ге жуық түрі бар. Сирек кездесе­тіндердің қатарына Тянь-шань қоңыр аюы, қар барысы және Түр­кістан сілеусіні кіреді. Қорық өзгелерден «Ән салғыш құмдар» құмды төбе жотасымен ерекшеленеді. Оның ерекшелігі – құмдар еңістермен қозғалғанда қатты дыбыс шығарады. Табиғаты өте көркем. Мұнда мұздар мен терең құздар да бар. Шығыс-Қазақстан облы­сын­дағы Марқакөл қорығы 1976 жылы Оңтүстік Алтайдың табиғи кешенін қорғау мен тану үшін құрылған. Жалпы ауданы – 75 мың гектар. Қорықта 721 өсімдік, 59 аң және 254 құс түрі мекен етеді. Ерекше қорғалымда марал мен аю. Текто­никалық текті Марқакөл таулы көлі туристер тарапынан ерекше қызығушылық танытуда. Теңіз деңгейінен 1 485 метр биік­тікте орналасқан, ауданы – 544 шаршы метр, тереңдігі – 27 метр. Онда сирек кездесетін сиг-ускуч балығы тіршілік етеді. Маңғыстау облысындағы Үс­тірт қорығы да өз табиғатымен ерекше. Тарихы 1984 жылдан бас­тау алатын қорық 223 гектарды алып жатыр. Үстірт шоқысының батыс бө­лігінде орналасқан. Тұрақты ағын­суы жоқ. Ағынсыз ойыстардың ең ірісі – Барсакелмес. Қорықта 261 өсімдік, 27 аң, 111 құс және 27 бауырымен жорғалаушы қам­қорлыққа алынған. Сұр кесірткесі Қызыл кітапқа енгізілген. Сирек кездесетіндер қатарына үстірт муфлоны, ұзынаяқты кірпі, жай­ран, қарақал, бүркіт, улы жы­лан, құзғын және балобанды жатқызуға болады. Шығыс Қазақстан облы­сын­дағы Батыс-Алтай қорығы тәуел­сіздік таңында дүниеге келген. 1992 жылы құрылған қо­рықтың жалпы аумағы – 56 мың гектар. Онда 564 өсімдік, 30 жануар және 120 құстың түрі бар. Қорықтағы жарық­қыл­қанды (Сібір балқарағайы) және қараңғы­қылқанды (шырша және пихта) тайга табиғи кешені келушілердің назарын өзіне ерекше аударады. Қызылорда облысындағы Бар­с­а-Келмес қорығының тамыры тереңде. 1939 жылы құрылған қорық Арал теңізінің аралында орналасқан. 30 мың гектар жерде 250 түрлі өсімдік, 203 түрлі құс және 56 түрлі жануар тіршілік етеді. Мұнда құлан, жайран, сайғақ, қарсақ, қасқыр сынды жануарларды көптеп кезіктіруге болады. 1997 жылы елімізде Баянауыл табиғи бағы ұйымдастырылды. Оның аумағы – 45 мың гектарға жуық. Ол «жазық дала аралындағы таулы-орманды оазис» деп аталады. Табиғи бақ гранитті, желді, қарағай мен қайың орманымен көмке­рілген. Сондай-ақ Жасыбай, То­райғыр, Сабындыкөл сынды көл­дерімен ерекшеленеді. Бұдан бөлек, Қазақстанда та­биғат ресурстарының бөліктерін шектеулі шаруашылыққа пайда­лану қарастырылған режимдегі жалпы ауданы 4 600 гектарды алып жатқан 83 кіші қорық бар. Сонымен қатар аң аулау орындары, гео­логиялық, ботаникалық, зо­оло­гиялық, көлді, батпақты, ланд­шафты кіші қорықтар да аз емес. Олардың қатарына Жамбыл об­лысындағы «Андасай» қорығын жатқызуға болады. Қорықтың құ­рылу тарихы тереңде жатқанымен ол «арнайы қорғалатын қаумал» статусын тәуелсіздік таңында алды. Бүгінде мұндағы аң-құс пен сек­сеуіл ормандары «Зоопром» ком­паниясының қарауында. Жасыратыны жоқ, ғылым мен техниканың қарыштап дамуы қор­шаған ортаға да өз әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан келешек ұр­паққа табиғатты қаз қалпында жет­кізуде ұлттық табиғи саябақтар мен табиғи қорықтарының рөлі зор. Бүгінде елімізде ірі 10 қорық пен 12 ұлттық табиғи паркі осы мақсатта жұмыс атқарып жатыр. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоршаған ортаны қорғау мен ерекше қорға­лымдағы аумақтарды қамқорлыққа алу бастамасын ха­лыққа Жол­дауында баса айтты. Бұл бағытта қазір баянды жобаларға жан бітуде. Енді тек бағыттан таймай, Табиғат-Ананың төл тумаларын сақ­тап қалу маңызды. Бұл – азаттық таңының бізге беріп отырған үлкен сыйы. Осыны билік мінберінде отыр­­­ғандардан бастап бұқараға дейін түйсінеді деп сенеміз.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы