Қызылордада 12 қабатты тұрғын үйлер салынады
Қызылордада 12 қабатты  тұрғын үйлер салынады
175
оқылды

Қызылордада жаңадан бой кө­теріп жатқан көпқабатты тұрғын үй­лер­дің дені 5 қабаттан әрі аспайтын. Енді  қаланың сол жағалауынан 12 қабатты зәулім баспаналардың құрылысы басталмақ.

Сырдария өзенінің сол жағалауын да­мыту жобасы 2017 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Осыған дейін жеке инвесторлардың қаражаты мен мемлекет бюджеті есебінен 53 көпқабатты тұрғын үй, бірқатар әлеуметтік нысан, көше-жол торабы, сыртқы және ішкі инженерлік инфра­құрылымдар, екі көпірдің құрылы­сы жүргізіліп, пайдалануға берілген. Ал алдағы кезеңде бірқатар әлеуметтік ны­сан мен 9-12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыстарын жүргізу көзделіп отыр. Қызылорда облысының әкімі Гүл­шара Әбдіқалықова жедел штаб оты­ры­сында Сырдария өзенінің сол жаға­лауын дамыту мәселелерін қарады. Ай­мақ бас­шысы перспективалық жобаның маңыз­дылығын ескере келе осы кезге дейін сол жағалауда іске асқан жұмыс­тарды саралап, алдағы кезеңде атқарылуға тиіс міндет­терді айқындап берді. Қызылорда облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масының басшысы Бердияр Пірімбетов биыл республикалық бюджет есебінен 590 пәтерді құрайтын 12 арендалық тұрғын үй пайдалануға беру көзделгенін айтты. «Бұл үшін тұрғын үйлер мен ин­женерлік желілерге және абаттандыру жұмыстарына қаржы толығымен қарал­ған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта 9 және 12 қабатты тұрғын үйлердің құрылысын салу жоспарда бар. Алдағы жылы сол жағалаудан көгалдағы хоккей, физика-математикалық бағыттағы жаңа мектеп, көпсалалы аурухана, облыстық қан орта­лығы, әкімшілік ғимараттар салынбақ. Сонымен бірге салтанат сарайы мен әлеуметтік базардың құрылысын салу көзделіп отыр», – деді сала басшылары. Сол жағалаудан бой көтеретін жаңа «Гүл бульварлары» жобасы да қала көр­кіне сән қосады. Мұнда әртүрлі сәулет фигурасы, жасыл желектер мен гүл ком­позицияларын отырғызу, балалар және ойын алаңдары, субұрқақтар мен су айдындары қамтылады. Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сол жағалаудағы әрбір нысанның құрылысы, инженерлік-инфрақұрылымы, абаттан­дырылуы облыстық штабпен жан-жақты талқыланып, келісілуі қажетін баса айт­ты. Сондай-ақ Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаевқа «Гүл буль­вары» құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын жыл соңына дейін әзір­леп, құрылысын бастауды қамтамасыз етуді тапсырды. Ал  облыстық Құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқарма­сының басшысы Бердияр Пірімбетовке құрылыс нысандарына мониторинг жүр­гі­зіп, бақылауға алып, тоқсанына бір рет баяндауды жүктеді. Содан соң аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыс елді мекендерін газдандыру мәселелері бойынша ат­қарылған жұмыстарды таразылады. Об­лыстық Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқарма­сының басшысы Руслан Нұрмағанбетов атқа­рылатын жұмыстар мен алдағы жос­парды жеткізді. «Биыл облыстағы Қазалы қаласын, Жосалы және Жалағаш кенттерін, Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов елді мекендерін жыл соңына дейін газбен жаб­дықтау жоспарланған. Осылайша, об­лыстағы тұрғындардың газға қол­же­тімділігін 67,4 пайызға жеткізу міндеті тұр», – деді Р.Нұрмағанбетов. Сонымен қатар биыл Қызылорда қаласына қарасты Наурыз және Махамбет елді мекендерін газдандыру жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Жалпы, облыста 2025 жылға дейін 22 елді мекенге газ тарту жоспарланып отыр.  

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы