Жамбылда зейнеткерлерді алдайтын алаяқ шықты
Жамбылда зейнеткерлерді алдайтын алаяқ шықты
136
оқылды
Жамбыл облысында зейнеткерлерді алдап, қомақты қаржысын  қолды қылған алаяқ әйел ұсталды. Ол бір ғана  тұрғынның 600 мың теңгесін алдап алған. Оқиғаны тарқатып айтсақ, Тараз қалалық полиция бөліміне 83 жасар әже шағымданған. Ол үйіне белгісіз әйел келіп Германияда тұратын қызынан поштаға тұрмыстық бұйымдар келгенін соны алу үшін ақша төлеу қажеттігін айтқан. Қызының құрбысымын деп таныстарған әйелдің сөзіне сенген әже 600 мың теңгені  пошта қызметінің алдына барғанда оның қолына ұстатқан. Ал әйел таксиден түскен бойы ізім-қайым жоғалып кеткен. Дәл осындай жағдаймен полиция бөліміне 75 және 80 жасар екі зейнеткер шағымданған. Оларды да белгісіз әйел өзге қалада тұратын балаларынан поштаға тұрмыстық техника келді деп алдап кеткен. Алаяқ бірінен 60 мың теңге алса, екіншісінің 150 мың теңгесін қалтаға басқан. Тәртіп сақшыларының жедел іздестіру шараларының арқасында 49 жасар бұрын сотты болған азаматша ұсталып отыр. Қазір оның ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.  

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы