Ақтөбеде жеңіл көлік жүк көлігіне жол бермей, оқиға орнында үш адам көз жұмды. Бүгін сағат 16:00-де «ВАЗ 2110» маркалы автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі Ақтөбе қаласындағы К.Нокин даңғылы мен Шернияз көшесінің қиылысында «ЗИЛ 130» маркалы жүк көлігіне жол бермеді. ҚазАқпараттың жазуынша, екі көлік соқтығысып, үш адам мерт болған. «Жол-көлік оқиғасы салдарынан ВАЗ-2110 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушы (19 жастағы қыз бен 62 жастағы әйел) оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар, тағы екі жолаушы мен 1 жасар бала түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Ақтөбе облыстық Полиция департаменті жүргізушілерден жол ережесін сақтауды сұрайды», – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.