Кәмпитсіз қалған Қарағанды
Кәмпитсіз қалған Қарағанды
249
оқылды

1 миллион тоннаға жуық кәмпит...

Он шақты жыл бұрын Қарағанды қаласындағы Гоголь көшесінің бойымен жүре қалсаң, шоколадтың иісі мұрныңды жаратын. Қазір «Қарағанды кәмпиттері» фабрикасына қарасаң, отыра қалып, жылағың келеді. Жыламай қайтесің, келмеске кеткен «балалық шақтың бал дәміндей болған қайран кәмпиттердің дәмін енді татпаймын-ау» деген ойдың өзінен-ақ көңілің құлазып сала береді. Шынында да, Қазақстан ғана емес дүние­жүзінің 70 еліне танылған фабриканы бүгінде көп адам біле бермейді. Білген күннің өзінде үлкендердің аузының суы құрып, айтып отырғандарынан ғана естиді. Бірақ  жартығасырлық тарихында 1 миллион тоннаға жуық кәмпит шығар­ған, «атағынан ат үріккен» фабрика «мо­дер­низацияланып, 2024 жылы жұмысы жанданып, жылына 36,5 мың тонна тәтті шығара бастайды» деген әңгіме де жоқ емес.

Тыныссыз қалды...

Ең жоғары деген талаптарға жауап бе­ріп, мінсіз кондитер өнімдерін шығар­ған «Қарағанды кәмпиттері» жұмыс істеп тұрған кезінде 125 миллиард кәмпит шығарған. Егер қатарлап тізер болсаңыз, айға он рет барып келуге жетеді. Ал жұмыс істеген қызметкерлер саны – 50 мың мұғдарында. Демек, білдей бір қала тұрғындарының санымен иық тіреседі. Зауытта орнатылған өндірістік желілердің жалпы ұзындығы 800 метрден асады, бұл – 6 футбол алаңының ұзындығы. Сөйтіп, асықпай аяңдап, жұмысын істеп, қолжетімді бағамен сапалы өнім ұсынған фабрика Кеңес Одағының осы салада жұмыс істейтін кәсіпорындары арасында алғашқы болып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Фабрикаға зауал, тіпті жетекші деген кәсіп­орын­дардың өзі тұралаған тоқ­санын­шы жылдары келіп, таз кепесін киді. Бірнеше жыл тоқтаусыз жұмыс істеп, тынысы жетпей, тоқтады.

Жалға берілген фабрика

Жалпы, кәмпит фабрикасының 90% акционерлік капиталы 2013 жылы сатылып кетті. Сол кездегі меншік иесі – Нор­манд аралдарында (Ұлыбри­тания) тіркелген Uig Limited оффшорлық ком­паниясы шешімін қарызымен бай­ланыс­тырды әрі жығылғанға жұдырық бо­лып, әлемдік экономикалық дағдарыс та сол кезге дөп келді. Сөйтіп, шетелдіктер қарық қылмаған фаб­рика отандық инвесторлардың қолына өтті. Дені қарағандылықтар – Рус­лан Шаекин мен Оразхан Қарсыбеков білек сыбана кірісіп, баяғы «Маймақ аю» мен «Қызыл телпектің» байырғы сапасы мен рецебін қалпына келтіреміз дегені­мен, тағы істің қиыны қашты. 2019 жылы фабриканың жағдайының қиындығы туралы тағы айтыла бастады. Ал ғимараты жалға берілді. Фабриканың сол кездегі баспасөз қызметінің өкілі Қайрат Нұғманов: «Кәсіпорынның тоқтап тұрған кезінде жалға алушылардың пайда болуы – стандартты шешім. Фабрика табыс тауып отырған жоқ, ал ай сайынғы коммуналдық төлем, күзет қызметі тәрізді қызметтерге ақы төлеу керек. Сондықтан шығынның шағын бөлігін жабу үшін бос тұрған үй-жайды жалға беруге шешім қабылданды» деген болатын.

2024 жылды күтеміз

Биыл әкімдіктегілер 26,7 млрд теңгеге бағаланатын шоколад фабрикасын жаң­ғырту жоспарланғанын айтып жатыр. Жыл­дық қуаты да жаман емес, болжам бойынша  36,5 мың тонна шығарылмақ. Бірақ іске 2024 жылы қосылады. Алайда осы жерде тағы күмәнді ой жылт ете қалады. Себебі кәмпит фабри­касы іске қосылады деп бұған дейін де талай айтылғанымен, сиыр құйымшақ­танып су аяғы құрдымға айналып келе жатқаны тағы бар. Обалы нешік, 2013 жылы «Қарағанды кәмпиттері» АҚ Кәсіпкерлікті қолдау картасына енді. Демек, фабрикаға иелік еткендер жабдықты жаңарту бойынша міндеттемелерді орындау үшін мемле­кет­тен жеңілдіктер ала алады. Әуелде, жаң­ғыр­ту құны 18,8 млрд теңгеге бағаланып, өндіріс көлемі 38,5 мың тонна деңгейінде болады делінді. 2017 жылы фабрика қайта жанданып, қарағандылықтарды тәттіге қарық қылмақ болды. Сайып келгенде, реконструкциялау құны 26,7 млрд теңгеге дейін өсіп, ал жобалық қуаты, керісінше, 36,5 мың тоннаға дейін төмендеді. Сөй­тіп, өндірісті іске қосу мерзімі 2020 жылға ауыстырылды. Сөйткен 2020 жыл да өтіп, 2021 жыл да келді. Кейін фабриканы жандандыру 2022 жылға қалды. Ол да болмады, енді 2024 жылды күтеміз.

Қолдан-қолға өтті...

Жалпы, осы жылдар ішінде фабрикаға кім иелік етпеді десеңізші. Қолдан-қолға өткен кәсіпорынның бүгінгі иесі ук­раина­ның «Рошен» кондитерлік корпора­циясының негізін салушы Петр Поро­шенко дейді интернет деректері. Жылына 450 мың тоннаға дейін тәтті шығаруға қабілетті корпорацияның «Қарағанды кәмпиттерінің» тамырына қан жүгіртуге шамасы келетіні анық. Тек ниет болса болғаны. Бірақ бір ойландыратыны, Қараған­дыда Бизнестің жол картасына еніп, мемлекет көмегімен жұмысын жандан­дырған кәсіпорындар саны жеткілікті. Сол бақыт кәмпит фабрикасына бұйыр­май-ақ қойды...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды қаласы