Жамбыл облысы әкімдігінің Құрылыс басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, қазір коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу кезегінде 62 мыңнан астам азамат тұр екен. Оның ішінде 32 мыңнан астамы әлеуметтік осал топтарға жатады. Олар – көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар және табысы төмен тұрғындар.
Осы азаматтарды баспанамен қамту үшін өңірде әлеуметтік тұрғын үйлер салынып, дайын пәтерлерді сатып алу тетігі де кеңінен қолданылып келеді. Былтыр облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 787,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 19,4 пайызы бюджет қаражаты есебінен салынған.
Тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге 39,7 млрд теңге қаралып, жыл қорытындысы бойынша 2 430 азамат баспанамен қамтылып отыр. Оның ішінде 1 535 азамат әлеуметтік осал топтардың өкілдері.
Тарқата айтсақ, 18,4 млрд теңгеге 2 190 пәтерге арналған 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Жыл қорытындысында 785 пәтерге арналған 16 тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында пәтерлер сатып алуға республикалық бюджеттен 21,5 млрд теңге бөлініп, жыл қорытындысы бойынша 1 415 пәтер сатып алынған. Ал биыл барлық қаржыландыру көзі есебінен 787,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Оның 164 мың шаршы метрі немесе 20,8 пайызы бюджет қаражаты есебінен бой көтеруде.
Бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етуге 20,0 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде 2 035 азамат баспанамен қамтылмақ. Оның ішінде 680-і әлеуметтік осал топ өкілдері. Атап айтсақ, қазір 15,0 млрд теңгеге 2 941 пәтерлі 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 1 685 пәтерлі 35 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен қатар жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 4,9 млрд теңгеге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 350 тұрғын үйді сатып алу жоспарлануда.
Кейінгі жылдары Тараз қаласының шекарасы кеңейіп, жаңа аудандар құрылғанынан ел хабардар. Сондықтан тұрғын үй құрылысының ең үлкен аумағы облыс орталығында қалыптасуда. Бүгінде шаһарда тұрғын үй алу кезегінде 32 мыңнан астам азамат тұрса, осы мәселені оңтайлы шешу үшін «Ұлы дала» ықшамауданында – 11, «Балауса» ықшамауданында – 17, «Шапағат» ықшамауданында 34 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, биыл облыс орталығында жалпы 62 тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Бүгінге дейін оның төртеуі ел игілігіне беріліп қойса, жыл соңына дейін тағы 27 тұрғын үй құрылысын аяқтау жоспарланған.
– 2023-2026 жылдары қала аумағында жалпы 52 тұрғын үйдің кілті табысталды. Соның нәтижесінде 3 мыңға жуық отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ осал топтағы жандар үшін 1 128 пәтер сатып алынды. Биылға әлеуметтік осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға тағы 180 пәтер сатып алу үшін 2,5 миллиард теңге бөлінді.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылдары «Ұлы дала» ықшамауданынан – 170, «Шаңырақ», «Қарасу» алаптарынан 105 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға берілді. Қазір Асанбай Асқаров көшесінің соңындағы алаптан 46,4 гектар және «Хамукат» алабынан 125 гектар жер телімі мемлекет қажеттілігі үшін алынып, қажетті инфрақұрылымдар жүргізілуде. Бұл жұмыстар толық аяқталғаннан кейін «Хамукат» тұрғын алабынан – 524, ал Асанбай Асқаров көшесінің соңынан 341 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға беріледі, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
Қаланың тағы бір қарқынды дамып келе жатқан аумағы – «Шапағат» шағынауданы. Жоба бойынша мұнда 351 жеке тұрғын үй мен 82 көппәтерлі тұрғын үй, сондай-ақ көпсалалы аурухана, перинаталдық орталық, инфекциялық аурухана, үш мектеп, спорт кешені, өрт сөндіру депосы, мешіт және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Ықшамауданда 2023 жылы 720 пәтерлі 16 тұрғын үйдің құрылысы басталған болса, 2024 жылы 540 пәтерлі 12 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазір 180 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталу сатысында. Сондай-ақ 1 176 пәтерлі 30 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биылғы қорытынды бойынша 380 пәтерлі 9 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, жалпы 1 800 пәтерге арналған 36 тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жобаның сметалық құны 34,3 млрд теңгені құрап отыр.
Өңірдегі тұрғын үй саясатына халық ыстық ықыласын білдіріп жатыр. Бұл сөз жоқ, жүйелі жұмыстың жемісі екені хақ. Енді алда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, бұқараны бақытқа кенелте береді деп сенеміз.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
