– 2019 жылдан бастап ескі зиратқа бірде-бір адам жерлеуі қойылған емес. Жерлеу рәсімдері ауылдың батысындағы «Құлметен» зиратына жасалуда. Бастапқыда құлпытасы орнатылған, жердің бетінде көрініп тұрған бейіттерді санап, 5-6 мүрдені көшіреміз деп болжағанымыз рас. Бірақ қазу барысында тағы да бірнеше мүрделер шығып, олардың жалпы саны 20-ға жетті. Біз олардың бәрін арулап қайта көміп, қоршап, белгілерін қойдық. Туған-туыстарына хабар берілді. Олардың кейбірі жерлеу рәсіміне хабарласты. Он шақты мүрденің кімдікі екенін анықтай алмадық. Құлпытастарындағы жазулар өшіп қалған. Оларды да жерлеп, құлпытастарын бейітіне қойдық. Бұл ескі қорымда адамдарды жерлеу 1870-1930 жылға дейін жалғасқан. Содан соңғы жерлеу уақыты бейіттерді аралап көргенде 1952 және 1999 жылы қайтыс болғандар екенін анықтадық. Ауыл тұрғындары біз жұмыс істегелі шулап келеді, барлық деңгейдегі әкімдіктерге де шағымданды. Мұндай қадамға бармай, тарихи зерттеу жұмысын жүргізу мүмкін емес, соны түсінуіміз керек,– дейді «Хан ордалы Сарайшық» музей-қорығы директоры орынбасарының міндетін атқарушы Айбек Тұрарұлы.
Айтарлығы, 2020 жылы музей-қорық археологтері, атыраулық тарихшылар Мәскеу архивінен тапқан, 1861 жылы әскери топограф А.Алексеев сызған картада белгіленген «Хан моласы» (Ханская могила) нысанына барлау қазба жұмыстарын жүргізді. Жер бетінен 2 метрдей тереңдіктен ерекше қабірхананың бір бұрышы анықталды. Өкінішке қарай, қабірхананың басқа аудандары қазіргі кезеңде қойылған молалар астына қарай кеткен еді. Биыл жоғарыда айтып өткен 20 адамның мүрдесі жаңа зиратқа қайта жерленді. Бүгінде мола астында қалған қабірхана толық қазылған. Археологтер ол жерді «Элиталық жерленім» деп атап отыр. Заманында беделді, бай, атақты саяси тұлғалар жерленген жерді солай атаған.
– Қабірханада жерленген сүйектер алдағы уақытта терең сараптамалық зерттеулерді қажет етеді. Әрі қомақты қаржы керек. Бір өкініштісі, бір кездерде қабірхана тоналып, кірпіштері бұзылып алынған. Жерленген сүйектер де шашылып, анатомиялық тәртібі бұзылған, – дейді «Сарайшық» музей-қорығының археологі Айбек Тұрарұлы.
«Сарайшық» музей-қорығының директоры, профессор Ә.Мұқтар жыл сайын Мәдениет және спорт министріне республикалық маңызы бар тарихи ескерткіш – ортағасырлық Сарайшық қалашығының қорғау аймағын бекіту, анықтау шараларын жүргізуге және оның қорытындысымен қоршауға қажетті қаражатты бөлу жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрап, ресми хат жазып келеді. Музей басшысы өз тарапынан тарихи ескерткіш үстінде Ескі Сарайшық ауылы, «№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мекемесі ауыл зираты орналасқандықтан жергілікті тұрғын дардың адам жерлеу үшін қабір қазып қоюға әрекеттенген, оған музей-қорық инспекторлары араласуымен жерлеуді тоқтатқан жағдай кездескенін, бұл тұрғындармен өзара ренішке ұласып отырғанын баяндаған.
Айтқандай-ақ жуырда ескі зираттан мүрделерді жаңа қорымға қайта жерлеудің соңы дауға ұласып отыр. Жергілікті тұрғындар «зираттағы бейіттерді қозғамаңыздар» десе, Қазақ хандығының астанасы Сарайшықтың орнын қалпына келтіру арқылы тарихты түгендеуді мақсат еткен музей басшылары мен мамандар «Тарихымызды зерттеу үшін осындай қадамға баруға мәжбүрміз» деп отыр.
P.S:
Сарайшықты жау да тонаған, табиғат та аямағаны ақиқат. Еуропаны аралаған жандар ондағы көптеген тарихи ғимараттың аман сақталғанын және жөндеуден өтіп тұрғанын байқайды. Олар несімен құнды? Өзге елдердегі тарихи орындардың әр кірпіші көненің көзіндей. Әр дәуірге куәгер. Оларды көріп тарихи тұрақтарын, құндылықтарын сақтап қалғанына тамсанамыз. Ал заманында хандарға орда болған Сарайшықтай мұрамызды қалпына келтіріп, оның құндылығын толық жеткізе алмай отырғанымызға өзімізді кінәламасақ, кімді кінәлаймыз? Қолда бар мәліметке сүйенсек, Қазақстан туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ортағасырлық Сарайшық қалашығы өңірлік деңгейдегі туристендіру картасы нысандарының тізбесіне енгізілген. Алайда оған дейін «Сарайшық» музей-қорығының жылдар бойы шешімін таппай отырған үш проблемасын жүзеге асыру керек. Олар – көне Сарайшық қаласының зерттеу аумағын қоршау, қорғау аймағының құжаттамасын бекіту мен қайта қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлуді түпкілікті шешу. Бұл мәселелер шешілмесе, «Сарайшық визит-орталығын» салудың маңызы бола ма? Әлде қоғам назарын аударып отырған мәселенің түйінін тарқатуға тағы да онжылдық қажет бола ма?
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы