Партия сөзінде тұрды
Жер – халқымыздың ең асыл қазынасы, тәуелсіздігіміздің ұстыны, елдіктің бір нышаны. Сондықтан «Nur Otan» партиясы 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында оған баса мән берді. Мысалы, көшбасшы партия парламенттік сайлау кезінде, төл тұғырнамасында: «Біз жердің шетелдіктерге сатылуына жол бермейміз» деп нақты айтты. «Nur Otan» бұл уәдесінде тұрды. Президент Қ.Тоқаев биыл 13 мамырда «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланып, Мемлекет басшысы енгізген бұл құжат ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге түбегейлі тосқауыл қойды. Бұл президенттік заң жобасына сәйкес, егер жер учаскесінің қожайыны Қазақстан азаматтығынан шықса немесе отандық компания құрамына шетелдіктер үлес алып кірсе, онда ол ауыл шаруашылығы жерлеріне меншік құқығынан айырылады: жерді не мемлекетке қайтаруы, не Қазақстан азаматына сатуы шарт. Бұл енді ел Президенті мен көшбасшы партияның еншісі, еңсерген ісі. Ал комиссия жұмысының жетістігі мен қайтарымы қайда? Ауыл шаруашылығы министрлігінің жетекшілігімен Жер реформасы жөніндегі комиссия жайылымның жетіспеушілігінен бастап, кадастрға дейінгі ауыл-аймақта, қалаларда қордаланған әр алуан мәселелерді заң жүзінде реттеумен және қолданыстағы заңнаманы жетілдірумен айналысыпты. Оның отырыстарында жерге қатысты заңнамаларды жетілдіруді көздейтін көптеген ұсыныс айтылды. Осыған байланысты Үкімет жерді пайдалану бойынша жаңа заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеуде. Оның бір бөлігі депутаттық корпустың қарауына берілді, қалғаны алдағы уақытта тиісті заң жобасы түрінде Парламентке келіп түсуі мүмкін. «Біз ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартудың жаңа формасын әзірлейміз, жалпы алаңын 2,2 миллион гектарға дейін жеткізе отырып, 600 мың гектар жаңа суармалы жерді игереміз, қосымша шамамен 70 мың отбасылық шаруашылық құрамыз» делінген «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында. Осы міндет жүзеге асуы үшін жерге қатысты бірқатар мәселе шешімін табуы керек. Жаңа заң жобалары осыны нысанаға алғаны жөн.Комиссия қандай шешім қабылдады?
2021 жылғы 2 маусымдағы жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын I оқылымда мақұлдады. Құжат Жер реформасы жөніндегі комиссия қызметінің қорытындысы бойынша әзірленген. Оның қандай жаңашылдығы бар? Біріншіден, комиссия жерді қазақстандықтарға жалға беру институтын жоймай, сақтап қалу туралы шешімге келді. Яғни, ауыл шаруашылығы жерлері егіс салу, жемазық дайындау, мал өсіру және басқасы үшін ары қарай да отандық компаниялар мен азаматтарға беріледі. Екіншіден, қазақстандықтарға жер сату уақытша тоқтатылды: Жер кодексінің ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтардың жекеменшігіне тапсыруды қарастыратын нормасына 5 жылдық мораторий енгізілді. Оған дейін ауыл жері сатылмауы тиіс. Үшіншіден, жерді мемлекеттен жалға алғандарға оны артынша субарендаға беруге тыйым сақталатын болды. Әйтпесе, кейбір пысықайлар қолын қимылдатпай-ақ, мемлекет жерін жалға беру арқылы кіріске кенелуді мақсат етіп, «инвестор тарту үшін қажет» деген сылтаумен субарендаға қайта рұқсат ету мәселесін алға тартып жүр. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алуда жергілікті тұрғындарға басымдық берілетін болды. Бұл үшін өңірде кем дегенде 5 жыл тұрған ауылдықтардың конкурстық ұсынысына қосымша ұпай қосылмақ. [caption id="attachment_144749" align="alignnone" width="988"] © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Бесіншіден, әкімдіктер бармақ басты, көз қысты тірліктерге жол бергендіктен, жерді туысқан, тамыр-таныс арасында талан-таражға салғандықтан, бақылауды әлсіретіп, күтімін келістірмей, жерді деградацияға ұшыратқандықтан, «жерді пайдалануды және қорғауды мемлекеттік бақылау функциялары» жергілікті атқарушы органдардан алып қойылады. Бұл құзыр енді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне беріледі. Айта кету керек, бұрын осы функцияны АШМ орындап келген. Бірақ министрліктің тиімсіз тірлігі жер саласында түйткілдердің қордалануына соқтырды, сала былыққа батты. Содан Үкімет «әр елді мекенде жердің кімге аса қажет екенін, оны кім ұқсатып, ұтымды пайдалана алатынын, ал кімнің қырсыз екенін жергілікті әкімнен артық кім біледі?» деген тоқтамға келіп, 8 жылдай бұрын сала тізгінін әкімдіктерге тапсырды. Арты не болды? «2013 жылмен салыстырғанда жергілікті атқарушы органдардың жерді пайдалану мен қорғау саласында жүргізген тексерулерінің саны 2,6 есе қысқарған. Анықталған ереже бұзу деректерінің жойылуы 4,5 есе азайып кеткен. Ал субъектілерді іріктеп тексеру жоққа тән. Ал шағым саны өсуде: тек жер мәселелері бойынша 2019 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекетіне шағымданған 3 614 өтініш түсті. 2018 жылы 1 613 болған» деп мәлім етті АШМ. 2019 жылғы 5 маусымда Бас прокуратураның Премьер-Министр Кеңсесіне жолдаған заңбұзушылықты жою туралы ұсынысында «прокуратура органдарының ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлердің 9,6 миллион гектарын анықтағаны» айтылады. Алайда облыстар мен үш мегаполистің әкімдіктері 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша осындай 2,2 миллион гектар жер ғана бар екенін айтады. Не таба алмаған, не іздемеген, не жасырып отыр.Ұлан-байтақ далада жер тапшы
Мемлекет басшысы 2021 жылғы 13 мамырда қол қойған жаңа заң 2016 жылдан бері күшінде болған мораторийды тоқтатқаны мәлім. Бірақ жаңа заң өмірге жолдама алғаннан кейін Жер кодексінің қандай нормалары күшін жоятынын, қайсысының сақталып қалатынын сарапшылар мен журналистердің өзі ұғына қоймады. БАҚ сұрауына орай Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров түсініктеме берді. «Жаңа заңға сәйкес, Жер кодексінің 24-бабы 2, 3 және 4-бөлімдерінің, сондай-ақ 97-баптағы 6-бөлімнің 1) тармақшасының күші уақытша тоқтатылады. Яғни, біріншіден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының және еліміздің заңды тұлғаларының жекеменшігіне беру туралы норма 5 жылға тоқтатылды. Екіншіден, мемлекеттен кадастрлық құнына, жеңілдікті бағамен жекеменшікке сатып алынған ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты мәміле жасасуға уақытша тоқтау салынды. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатып алу сомасын бөліп төлеу уақытша доғарылды. Төртіншіден, ауыл жерлерін жеке қосалқы шаруашылық жүргiзу, бақша шаруашылығын дамыту және саяжай құрылысы үшiн жекеменшікке беру уақытша тоқтатылды», – деді АШМ басшысы. Бұл ретте аталған нормалар тоқтатылған кезеңде ел азаматтарына және шетелдіктердің үлесі жоқ заңды тұлғаларға шаруа қожалығын және фермерлік шаруашылықты жүргізу, ауыл шауашылығы өнімдерін өндіру, орман өсіру, бақша салу, мал өсіру үшін, сонымен бірге ғылыми-зерттеу, тәжірибелік және оқу мақсаттарына жер беріледі. Қазақстан азаматтары жерді 10-нан 49 жылға дейін уақытша пайдалануға ала алады. Бірқатар сарапшылардың байламынша, елде ауыл шаруашылығын өркендету үшін осының өзі жеткілікті. Тек өзі де пайдаланбайтын, өзгеге де бермейтін латифундистер жерді ұзақ жылға алып қоймауы керек. Алып қойса, тегеурінді түрде тартып алған жөн. Мемлекет басшысы айтқандай, бүгінде ауыл кәсібінің, өсімдік және мал шаруашылығының дүркірей дамуына жердің жетіспеуі кедергі болуда. Территориясы жөнінен әлемде 9-орынды алатын, жазық даласының ауқымы жөнінен төрткүл дүниеде алдыңғы қатарда тұрған Қазақстанда жер тапшы деген парадокстай естіледі. Қазір заң түзеліп келеді. Алайда тәжірибе түзелмесе, заңнама ұтымды орындалмаса, Қазақстан ары қарай да осы парадокстан зардап шеге бермек.Айхан ШӘРІП