1997 жылды еске тү­сірмекке бекіндік.
1997 жыл: мақсат айқындалып, ел жағдайы түзеле бастады
847
оқылды

1997 жыл ел еңсесінің кө­­те­­ріліп, қиындықтан шығар жол та­былған жыл еді. Сол жылы Үкімет зейнетақы және бюджет ұйым­дарына жалақы жөніндегі барлық қарызды өтеді. Сөйтіп, айлап, жылдап жалақы мен зей­нетақы төлей алмай қалған аса күрделі кезең артта қалды. Елі­мізде орташа еңбекақы 26,8 пайызға өсті. Со­нымен бірге же­ке­­­шелендіру ісі жалғасты. Сол жылы барлығы 5 641 жылжы­­майтын мүлік нысандары, 608 кәсіпорын акцияларының мем­­лекеттік пакеті жекеше­­лен­дірілді. Денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет саласының ны­сандары мемлекет меншігінен шығарылды. Елде 52 мыңнан астам шаруа­шылық құрылымдары, оның ішінде 3 960 түрлі серіктестік, 453 акционерлік қоғам, 2 900 өнді­рістік кооператив және 44 мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істеді. Елімізде бетбұрыс кезеңі басталды.

Арқаға көш басталған жыл

Негізі, 1997 жылы еліміз азат­тықтың алтыншы жылына аяқ басқан болатын. Елге келген ин­весторлар саны да көп емес еді. Де­генмен Нұрсұлтан Назарбаев өзінің стратегиялық мақсатын жүзеге асыруға сол 1997 жылы кірісті. Сөйтіп, 1994 жылы ас­та­­наны ауыстыру жөнінде қабыл­данған шешімді нақты жүзеге асыру фазасы басталды. Алдымен 20 қазанда Елбасы Ақмола қа­ласын астана деп жариялау туралы Жар­лыққа қол қойған болатын. Ал 8 қа­­рашада Ақмолаға Алматы қаласынан Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы жет­кізіліп, ресми түрде табысталды. Сөйтіп, Ақмоланың ел астанасы ретіндегі жаңа тарихы басталған еді. Әрине, астананы Арқа төсіне көшіру ұзақ жылдарға созылған процесс. Бірақ өте қарқынды, қол­дағы барлық ресурстар жұ­мыл­дырылған шара болатын. Сол 1997 жылдың өзінде Арқаға Ал­матыдан көптеген мем­лекеттік мекеме қоныс аударды. Біл­­дей министр­ліктердің бал­а­бақ­ша ғи­мараттарын па­­налайтыны сол жылдар еді. Дегенмен аста­­наның Ақмолаға ауыстырылуы өңір ғана емес, ел экономикасына серпін берген айрықша қадам бол­ды. Қаланың өсіп-өркендеуі Н.Назар­баевтың ұдайы назарында бо­­латын. Келесі 1998 жылы мау­сымда Аста­наның тұсаукесері өтті. Оған дейін Ақ­мола атауы Астана болып өзгер­ген еді. Бүгінде елорда 300 мың тұр­ғыны бар облыстық деңгейдегі қаладан 1,2 млн адам тұратын, елдің барлық орталық мемлекеттік органдары шо­­­­ғыр­ланған, Қа­­зақстанның әлеу­меттік-эко­но­микалық ло­ко­­­мо­тивіне айналған шаһарға ай­налды. Са­рыарқа тө­сінде жаңа қала пайда болды.

«Қазақстан-2030» стратегиясы

1997 жылдың тағы бір ерек­шелігі – ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын «Қазақ­стан-2030» стратегиясы жария­ланды. Сөйтіп, ел билігі дамудың нақты жоспарын бекітіп, Қазақ­станды әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосуға бағытталған кешенді шараларды бастады. Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық Жолдауында болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың ерек­шеліктері айтылды. Жолдауда Елба­сы сол кездегі әлеуметтік-эко­номи­калық, саяси жағдайға баға бере келе, «Азия жолба­рыс­тары» деген атаумен сол жыл­дары әлемге таныл­ған мемлекеттер үлгісіне де назар аударды. Сөйтіп, алғаш рет елдің белгісі ретінде барысты таңдады. «2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия барысына ай­на­лады және өзге дамушы елдер үшiн үлгi болады деп сенемiн. Бiзде Жолбарыстар жоқ, ал тау­ларымызда тiршiлiк ететiн Қар Барысы дүниежүзiлiк қоғам­­дас­тыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемiнде Жол­барыс туыстас болғанымен, Ба­рыстың өзiндiк ерекшелiгi де бар. Бұл – өзiне тән тектiлiгiмен, бұлалығымен, алғырлығымен, жас­қануды бiлмейтiн тәкап­­­пар­лығы­мен, батылдығымен, айла­лығымен дараланатын Барыс бол­мақ, Ол ешкiмге бiрiншi болып шабуыл жасамайды әрi тiкелей соқтығыстан бойын тартатын болады. Бiрақ егер өзiнiң еркiндігi мен тұрағына, ұрпағына қатер төн­ген жағдайда, ол бұларды ба­сын тігіп, бойындағы барын са­лып қорғайтын болады. Осы сыптай да серпiндi болуға және семiздiк пен жалқаулыққа бой алдырмауға тиiс: әйтпеген күнде ол қатаң табиғи ортада өмiр сүре алмайды. Ол жаңа асулар мен шыңдарды бағындыруда, мақсатына жете­­лейтiн елеусiз, бiрақ сенiмдi соқ­­пақтарды iздестiруде табанды да бiрбеткей болуға тиіс. Ол қауiп-қатерден қаймық­пауға, тоқшылықтан босаңсы­мауға тиiс. Ол өз ұрпағын баулыған кезде: оны баса-көктей келген қонақ­тардан қорғай отырып, ау­зын­дағы дәмдiсiн соның аузына то­суға, оның саулығына, өресi мен пайы­мына нәр беруге тиiс, сөй­тіп кез келген ортадағы қатаң бә­секе­лестiк жағдайында ерте сақайып, өз бетiнше дербес өмiр сүруге же­телеп, көрегендiк та­нытады. Ол өзі ішетін тұнық судың ылайланбауын, ал өз аясында тiршiлiк ететiн табиғат пен ты­­ныстайтын ауасының жақса­руын қатаң қадағалап отыратын болады. Ендеше қазақстандық Ба­рыс­тың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздiк деңгейiне үстелген Батыстың талғампаздығы да, Шы­ғыстың кемеңгерлiгi мен төзiмдiлiгi де тән болуға тиiс. Ол өзiнiң талпыныс-ұмты­лыстарында, жеңiстерi мен сәт­сiздiктерiнде бiр ананың сүтiн тел емген өзiнiң бауырлары – Өзбек, Қырғыз және басқа да Орталық Азия барыстарымен дәйiм бiр­лiкте болып, олардың өрлеуi мен жетiс­тiктерiн мақтаныш тұтатын бола­ды» деген еді сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы. Содан бері Қазақстан бейнесі ретінде барыс танылды. Кейін 2011 жылы Қыс­қы Азиада ойындары кезінде де, өзге шаралар­да да үнемі барыс бейнесі таныс­тырылып жүрді. Қазір де солай. Айтпақшы, «Қазақстан-2030» стратегиясында 7 басымдық бар. Олар: Ұлттық қауіпсіздік; Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы; Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың дең­гейі жоғары нарықтық эконо­микаға негізделген экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; Энергетика ресурстары; Инфра­құрылым; Кәсіби мемлекет. Міне, осы бағыттарды ұстанған Қа­зақстан қоғамның түрлі саласын жан-жақты дамытты. Кейінгі реформалар мен жетістіктердің қайнары да сол стратегиядан бастау алды. Ал стратегиялық бағдарлама 2012 жылы «Қазақ­стан-2050» жоспарына жалғасты.

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алдық

1997 жылы Қазақстанда қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алуға тұтас бір жыл арналған болатын. Ресми түрде «Жалпы­ұлттық та­тулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жарияланды. 31 ма­мыр саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын еске алу күні ретінде сол жылы бекітілді. Астанада зұл­матты жыл­дар құрбандарына ар­налған ескерткіш орнатылды. Президент Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 30 желтоқсандағы №3299 Жарлы­ғында атап көрсетілген іс-шара ұйымдастырылды. Құр­бандар жерленген орындар анық­талып, белгілер орнатылды, қам­қорлыққа алынды. ХХ ғасырдың қасіретті кезеңдерінде құрбан болған аза­маттарды ақтау ісін жүйелеп, тарихи ақтаңдақтарды ашуға кірістік. Әрине, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі ер­­терек басталғаны рас. Дегенмен халық санасынан сол зұлмат жылдардың қасіретін өшіру, сон­дай қаты­гездікке жол бермеу үшін арнайы жыл арнау өзекті еді. Өйт­кені ол өткенге құрмет қана емес, бүгінгі ұрпаққа сабақ еді. Бәлкім содан да шығар, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, өткен ға­­сырдағы ашар­шылыққа баға беру күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір де жалғасып жатыр. Тек формасы, мазмұны өзгеріп, уақыт туғызған мүм­кін­діктер негізінде сол жыл­дарға баға беріліп келеді. Осы­лайша, 30 жылға жуық уақыт ішін­де жүздеген мың азамат ақ­талып, оқиғаларға тарихи баға берілді.

Басқа не болып еді?

1997 жылғы 11 шілдеде «Қа­зақстан Республикасындағы тіл туралы» заң қабылданды. Бұл заң мемлекеттік тілдің мәртебесін кө­теруге әжептәуір ықпал етті. Тіл нормаларына қатысты нақты та­лап белгіленді. Қазір көзіміз үй­реніп кеткенімен, қандай да бір мекеме атауын екі тілде жазу тала­бы сол кезде қалыптасқан бо­латын. Одан бөлек, 1997 жылы Қа­зақ­стан өңірлерінің әкімшілік бөлінісі де өзгерді. Орталық мем­лекеттік органдар саны да азайды. Айталық, дәл сол жылы министр­ліктер мен ведомстволар саны екі есе қысқа­рып, 50-ден 25-ке дейін төмендеді. Тәуелсіздік алған кезде елімізде 19 облыс болса, 1997 жыл­дан бастан 14 облыс қалды. 1997 жылғы 22 сәуірде Торғай, Тал­дықорған облыстары, 3 ма­мырда Көкшетау, Семей, Жезқаз­ған облыстары таратылып, олар­дың аумақтары өзге облыстарға қосылды. 220 ау­данның 30-ға жуығы өзге ауданға қосылды. Қыс­­­қасы, 1997 жыл ай­шықты оқи­ғаларға толы кезең еді. Содан бері де ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.

Амангелді ҚҰРМЕТ