1997 жыл ел еңсесінің көтеріліп, қиындықтан шығар жол табылған жыл еді. Сол жылы Үкімет зейнетақы және бюджет ұйымдарына жалақы жөніндегі барлық қарызды өтеді. Сөйтіп, айлап, жылдап жалақы мен зейнетақы төлей алмай қалған аса күрделі кезең артта қалды. Елімізде орташа еңбекақы 26,8 пайызға өсті. Сонымен бірге жекешелендіру ісі жалғасты. Сол жылы барлығы 5 641 жылжымайтын мүлік нысандары, 608 кәсіпорын акцияларының мемлекеттік пакеті жекешелендірілді. Денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет саласының нысандары мемлекет меншігінен шығарылды. Елде 52 мыңнан астам шаруашылық құрылымдары, оның ішінде 3 960 түрлі серіктестік, 453 акционерлік қоғам, 2 900 өндірістік кооператив және 44 мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істеді. Елімізде бетбұрыс кезеңі басталды.
Арқаға көш басталған жыл
Негізі, 1997 жылы еліміз азаттықтың алтыншы жылына аяқ басқан болатын. Елге келген инвесторлар саны да көп емес еді. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаев өзінің стратегиялық мақсатын жүзеге асыруға сол 1997 жылы кірісті. Сөйтіп, 1994 жылы астананы ауыстыру жөнінде қабылданған шешімді нақты жүзеге асыру фазасы басталды. Алдымен 20 қазанда Елбасы Ақмола қаласын астана деп жариялау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Ал 8 қарашада Ақмолаға Алматы қаласынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағы жеткізіліп, ресми түрде табысталды. Сөйтіп, Ақмоланың ел астанасы ретіндегі жаңа тарихы басталған еді. Әрине, астананы Арқа төсіне көшіру ұзақ жылдарға созылған процесс. Бірақ өте қарқынды, қолдағы барлық ресурстар жұмылдырылған шара болатын. Сол 1997 жылдың өзінде Арқаға Алматыдан көптеген мемлекеттік мекеме қоныс аударды. Білдей министрліктердің балабақша ғимараттарын паналайтыны сол жылдар еді. Дегенмен астананың Ақмолаға ауыстырылуы өңір ғана емес, ел экономикасына серпін берген айрықша қадам болды. Қаланың өсіп-өркендеуі Н.Назарбаевтың ұдайы назарында болатын. Келесі 1998 жылы маусымда Астананың тұсаукесері өтті. Оған дейін Ақмола атауы Астана болып өзгерген еді. Бүгінде елорда 300 мың тұрғыны бар облыстық деңгейдегі қаладан 1,2 млн адам тұратын, елдің барлық орталық мемлекеттік органдары шоғырланған, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық локомотивіне айналған шаһарға айналды. Сарыарқа төсінде жаңа қала пайда болды.
«Қазақстан-2030» стратегиясы
1997 жылдың тағы бір ерекшелігі – ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын «Қазақстан-2030» стратегиясы жарияланды. Сөйтіп, ел билігі дамудың нақты жоспарын бекітіп, Қазақстанды әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосуға бағытталған кешенді шараларды бастады. Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық Жолдауында болашаққа болжам, қазіргі жағдайға талдау жасалып, ішкі және сыртқы саясаттың ерекшеліктері айтылды. Жолдауда Елбасы сол кездегі әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайға баға бере келе, «Азия жолбарыстары» деген атаумен сол жылдары әлемге танылған мемлекеттер үлгісіне де назар аударды. Сөйтіп, алғаш рет елдің белгісі ретінде барысты таңдады. «2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия барысына айналады және өзге дамушы елдер үшiн үлгi болады деп сенемiн. Бiзде Жолбарыстар жоқ, ал тауларымызда тiршiлiк ететiн Қар Барысы дүниежүзiлiк қоғамдастыққа онша таныс емес. Жануарлар әлемiнде Жолбарыс туыстас болғанымен, Барыстың өзiндiк ерекшелiгi де бар. Бұл – өзiне тән тектiлiгiмен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды бiлмейтiн тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ, Ол ешкiмге бiрiншi болып шабуыл жасамайды әрi тiкелей соқтығыстан бойын тартатын болады. Бiрақ егер өзiнiң еркiндігi мен тұрағына, ұрпағына қатер төнген жағдайда, ол бұларды басын тігіп, бойындағы барын салып қорғайтын болады. Осы сыптай да серпiндi болуға және семiздiк пен жалқаулыққа бой алдырмауға тиiс: әйтпеген күнде ол қатаң табиғи ортада өмiр сүре алмайды. Ол жаңа асулар мен шыңдарды бағындыруда, мақсатына жетелейтiн елеусiз, бiрақ сенiмдi соқпақтарды iздестiруде табанды да бiрбеткей болуға тиіс. Ол қауiп-қатерден қаймықпауға, тоқшылықтан босаңсымауға тиiс. Ол өз ұрпағын баулыған кезде: оны баса-көктей келген қонақтардан қорғай отырып, аузындағы дәмдiсiн соның аузына тосуға, оның саулығына, өресi мен пайымына нәр беруге тиiс, сөйтіп кез келген ортадағы қатаң бәсекелестiк жағдайында ерте сақайып, өз бетiнше дербес өмiр сүруге жетелеп, көрегендiк танытады. Ол өзі ішетін тұнық судың ылайланбауын, ал өз аясында тiршiлiк ететiн табиғат пен тыныстайтын ауасының жақсаруын қатаң қадағалап отыратын болады. Ендеше қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздiк деңгейiне үстелген Батыстың талғампаздығы да, Шығыстың кемеңгерлiгi мен төзiмдiлiгi де тән болуға тиiс. Ол өзiнiң талпыныс-ұмтылыстарында, жеңiстерi мен сәтсiздiктерiнде бiр ананың сүтiн тел емген өзiнiң бауырлары – Өзбек, Қырғыз және басқа да Орталық Азия барыстарымен дәйiм бiрлiкте болып, олардың өрлеуi мен жетiстiктерiн мақтаныш тұтатын болады» деген еді сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы. Содан бері Қазақстан бейнесі ретінде барыс танылды. Кейін 2011 жылы Қысқы Азиада ойындары кезінде де, өзге шараларда да үнемі барыс бейнесі таныстырылып жүрді. Қазір де солай. Айтпақшы, «Қазақстан-2030» стратегиясында 7 басымдық бар. Олар: Ұлттық қауіпсіздік; Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы; Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардың деңгейі жоғары нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу; Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты; Энергетика ресурстары; Инфрақұрылым; Кәсіби мемлекет. Міне, осы бағыттарды ұстанған Қазақстан қоғамның түрлі саласын жан-жақты дамытты. Кейінгі реформалар мен жетістіктердің қайнары да сол стратегиядан бастау алды. Ал стратегиялық бағдарлама 2012 жылы «Қазақстан-2050» жоспарына жалғасты.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алдық
1997 жылы Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға тұтас бір жыл арналған болатын. Ресми түрде «Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жарияланды. 31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде сол жылы бекітілді. Астанада зұлматты жылдар құрбандарына арналған ескерткіш орнатылды. Президент Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 30 желтоқсандағы №3299 Жарлығында атап көрсетілген іс-шара ұйымдастырылды. Құрбандар жерленген орындар анықталып, белгілер орнатылды, қамқорлыққа алынды. ХХ ғасырдың қасіретті кезеңдерінде құрбан болған азаматтарды ақтау ісін жүйелеп, тарихи ақтаңдақтарды ашуға кірістік. Әрине, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі ертерек басталғаны рас. Дегенмен халық санасынан сол зұлмат жылдардың қасіретін өшіру, сондай қатыгездікке жол бермеу үшін арнайы жыл арнау өзекті еді. Өйткені ол өткенге құрмет қана емес, бүгінгі ұрпаққа сабақ еді. Бәлкім содан да шығар, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, өткен ғасырдағы ашаршылыққа баға беру күн тәртібінен түскен жоқ. Қазір де жалғасып жатыр. Тек формасы, мазмұны өзгеріп, уақыт туғызған мүмкіндіктер негізінде сол жылдарға баға беріліп келеді. Осылайша, 30 жылға жуық уақыт ішінде жүздеген мың азамат ақталып, оқиғаларға тарихи баға берілді.
Басқа не болып еді?
1997 жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң қабылданды. Бұл заң мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге әжептәуір ықпал етті. Тіл нормаларына қатысты нақты талап белгіленді. Қазір көзіміз үйреніп кеткенімен, қандай да бір мекеме атауын екі тілде жазу талабы сол кезде қалыптасқан болатын. Одан бөлек, 1997 жылы Қазақстан өңірлерінің әкімшілік бөлінісі де өзгерді. Орталық мемлекеттік органдар саны да азайды. Айталық, дәл сол жылы министрліктер мен ведомстволар саны екі есе қысқарып, 50-ден 25-ке дейін төмендеді. Тәуелсіздік алған кезде елімізде 19 облыс болса, 1997 жылдан бастан 14 облыс қалды. 1997 жылғы 22 сәуірде Торғай, Талдықорған облыстары, 3 мамырда Көкшетау, Семей, Жезқазған облыстары таратылып, олардың аумақтары өзге облыстарға қосылды. 220 ауданның 30-ға жуығы өзге ауданға қосылды. Қысқасы, 1997 жыл айшықты оқиғаларға толы кезең еді. Содан бері де ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті.
Амангелді ҚҰРМЕТ