Ажырасқандардан алимент, араздасқандардан қарыз өндіру – сот орындаушыларының ең бірінші міндеті. Осы міндет жолында олар барлық заңды шараларды қолданады. Бастапқыда ауызша ескертіп, кейіннен шоттарын бұғаттап, нотариус қызметін жүгіне алмайтын, шетелге ұшып шыға алмайтын еткен соң, амал жоқ екінші кезек – мүлкін тәркілеуге кіріседі. Бұл процедуралардың бәрі борышкерге қатты тиетіні рас. Соның барысында түрлі кикілжіңдер де, өкпе-реніш те болып жатады. Оларды жақтырмай, сыртынан неше түрлі ғайбат айтатындар көп. Мұның бәріне жүйкесі темірдей адамдар ғана шыдаса керек. Ендеше, сот орындаушылары дегеніміз, сот төрелігі жолындағы ең моральдық ауыр да эмоциональды лас жұмысты атқаратын алғы шептегі сарбаздар. Мемлекеттің құқықтық авангардының халықпен тікелей жұмыс істейтін жасақтары. Заң үстемдігін көздеген әділет майданының сақшылары. Бір сөзбен айтқанда, сот төрелігінің әділ шешімін орындаушы, әрі сол әділеттілікті орнатушы Фемида жауынгерлері!
Жұмыстарының қыр-сырымен танысу мақсатында репортаж дайындауға келіскеннен кейін жеке сот орындаушылары Аяулым мен Мейрамды таң ертеңгісін Жоғарғы соттың алдында жолықтырдық. Қос әріптес қызмет бабымен сирек келіп тұратын Жоғарғы сотта кездескендеріне таңданулы. Өйткені, екеуі де бізге «таңертең сонда боламыз» деп хабарлаған. Содан, «бәлкім, жұмыс орны шығар», деп те ойлап қойғанбыз. Сөйтсек, сот орындаушыларының жұмыс сипаты - әр қайсысы жеке-жеке кеңсе жалдап отырады екен. Палатадағы жиналыстар болмаса, бір бірімен күнделікті көп кездесе бермейді. Бүгінгі таңданыстарындағы бір гәп осы болды. Ал кеңсе – олардың міндетті атрибуттары. Өйткені, іздеп келетін жұрт көп.Жоғарғы сот алдындағы қысқаша кездесуде қос сот орындаушының телефондарына тыным жоқ екендігін байқадық. Арасында біздің өтінішіміз бойынша борышкерлерді репортажға суретке түсуге шақырады. Бірақ, әзірге ешкім суретке түсуге келіспеді. Мейрам, егер келісіп жатқандары болса, хабарын беретінін айтып қоштасты. Біз Аяулымның кеңсесіне тарттық.«Мекенжайға барғанда борышкер сол жерде бар болса, іспен таныстырамыз. Қағаздарды беріп, өзімізде қалатын нұсқасына қол қойдырып аламыз. Әуелі ауызша ескертеміз. Мысалы, қасақана төлемейтін адамдар болады. Ондай жағдайда біз жылжымалы мүліктерінен бастап тәркілейміз. Телефоннан бастап, телевизор, автокөлік деген секілді. Оны саудаға шығарып сатып, сөйтіп қарыздарын жабамыз. Былтырдың өзінде менде салық қарызын төлемегені үшін 3 машина аукцион бойынша сатылып кетті. Ал тағы 4 машинаны борышкерлердің өздері сатып, қарыздарын жапты. Қарызы тым көп адамдардың пәтерін тәркілеуге тура келіп жатады. Біздің жұмыстағы ең қиыны да осы», – дейді жеке сот орындаушы Мейрам Әбдіков.
«Біздің адамдарда сондай менталитет бар. Ескерту берген кезіңде елемей жүреді де, мәжбүрлі шараға келген кезде қозғалып, жүгіре бастайды. Заң бойынша біз әуелі ескерту-хабарлама береміз. Ол SMS түрінде болады көбіне. Өйткені, базада оның барлық мәліметтері тұрады. Сол кезде олар көбіне бізге телефон соғып хабарласады. Оларға сол кезде барлығын түсіндіріп айтамыз. Үш ай күтеміз. Кейбір жауапты адамдар мәжбүрлі шараға жеткізбей төлеп тастайды. Ал төлемегендеріне аталған мерзім өткен кезде есеп-шоттары, мүліктері болса соларды бұғаттап, Қазақстаннан шығуына, қандай да бір мәмлелер жасауына шектеу қоямыз. Мұның бәрі бізде компьютер арқылы, бір түймені басумен ғана жасалады», – дейді Аяулым Сәкенқызы.
«Борышкерлердің түрі болады. Бұл жігіт - азамат жігіт. Сот уақытында есеп-шоты бұғатталып шығынға батып қалыпты. Енді ісі бізге келген соң кәсібі қайта жанданды. Жағдайына түсіністікпен қарап, қарызын бөліп төлеуге мүмкіндік беріп отырмыз. Болмаса, бұдан да үлкен сомаларды жапқанбыз. Мәселен, мен өндіріп алған ең үлкен сома – 230 миллион теңге. Ол іс бойынша отыз шақты сот процессі болды. Екі рет Жоғары сотқа дейін бардық. Өйткені, олар менің әрекеттеріме шағым түсірді. Сонда да болса екі жылдың көлемінде олардың қарыздарын өндіріп болдым. Үлкен табандылықпен, төзімділікпен жұмыс істеуге тура келді. Бұл екі заңды тұлғаның арасындағы іс болатын. Екеуі де құрылыс саласында жұмыс істейтін, соның ішінде жол жөндейтін шетелдік фирмалар еді. Қарызды өндіру үшін 80 автокөлікті тәркілеп, оның 40-ын саттық. Соның арқасында бұл атқарушылық құжат орындалды», – дейді Мейрам Әбдіков.
Сот орындаушымен одан соң тағы да екі-үш мекенжайға соқтық. Борышкерлердің басым көпшілігі суретке түспек түгіл өздері туралы қандай да бір ақпарат беруден қатты қашады екен. Сондықтан олардың құқына қол сұқпауды, азаматтық парызымыз санадық. Әйтсе Мейрамның әңгімесі суретсіз-ақ мазмұнды еді.«Негізі бір атқару құжатының орындалу мерзімі 2-4 ай. Әрі кетсе 1 жыл ұстаймыз. Сосын «өндіріп алу мүмкіндігі болмағандықтан» деп көрсетіп қайтарамыз. Зардап шегуші жаққа да ескертеміз. Қайтадан қуынғыңыз келсе 3 жылдың ішінде арыз беріңіз деп. Болмаса оны қарау мерзімі өтіп кетеді. Ал жалпы ешқашан да үміт үзбеу керек. Менің практикамда 4-5 жылдап орындалмай келе жатқан іс болды. Соны біз жақында жаптық. Өйткені, қатты қысып жіберуге тура келді. Оны борышкердің өзі де түсінді. Шетелге шыға алмайды, нотариусқа бара алмайды, есепшоты бұғаттаулы, қайда барса осы іс алдынан шыға беретін болған соң, қарызды жабуға шешім қабылдады. Оның да сомасы 8 миллион теңге болатын», – дейді сот орындаушысы.
Заттарын алып жатқан кезде борышкерлер тарапынан сот орындаушыға қарсылықтар көрсететіндері де жоқ емес екен. Қоқан-лоқы жасап, төбелес шығаратын борышкерлер де бар. Тіпті бірде, карьердің басына бір эксковаторды тәркілеуге барған сот орындаушысын сол жердегі адамдар «осыдан алып көр, карьердің кез-келген жеріне апарып көміп тастаймыз, сүйегіңді ешкім таба алмай қалады» деп қорқытқан екен. «Ондайда адамдарды сабырға шақырып, заңды түсіндіріп, нағыз болмай бара жатса, полиция шақырып, әрекет етеміз», – дейді сот орындаушы.«Біздің жұмыстағы ең қиыны – моральды-психологиялық жағдай. Заттарын алып кетіп бара жатқанда бала-шағалары жылап жатады. Телевизорын алып жатқанда «менің мультик көретін телевизорыма тимеңдер!» деп кішкене қыз жылайды. Автокөлігін алып бара жатқанда «мені балабақшаға енді қалай алып барады?» деп кішкене ұл жылайды. Болмаса, борышкердің өзі қоқан-лоқы көрсетеді, әйелдері ұрсып қарғап жатады. Соның барлығы көңілімізге батады. Бірақ, заңның аты заң. Ол қатал болсын, жұмсақ болсын, орындалуы керек. Ең қиыны, адамдарды пәтерінен шығарып тастау. Мұндай жұмыс айқай-шусыз бітпейді. Ұрыс-керіс, жылап сықтау. Тіпті, «үстіме бензин құйып өзімді өртеймін» деп немесе газ баллон мен шырпы ұстап тұрып «үйді жарып жіберемін» дейтін адамдар кездеседі. Сондықтан да біз ондай жағдайда міндетті түрде жедел жәрдем, төтенше жағдай және полиция қызметкерлерін алдын ала шақырып қоямыз. Қаншалықты заң орындалу керек дегенмен де, моральдық жағынан алғанда қиын», – дейді Мейрам Бекқұлыұлы.
Ал 2020 жылы республикада қарыз өндіру бойынша 5 млн 180 мың іс атқару өндірісіне түседі екен. Ендеше, бұл еліміздегі сот төрелігінің азаматтық-әкімшілік саладағы жұмыс ауқымын, қоғамдық-экономикалық қатынастардың бұрқ-сарқ қайнап жатқандығын көрсетеді. Мекен жай мен кеңсенің арасында жүргенде күн де кешкірген екен. Осылайша, Фемида жауынгерлерімен еңбегіне жеміс тілеп қоштастық.
Нұрлан ҚОСАЙ, Фото авторы: Нұржан ТҰРҒЫМБАЕВ